Жамбыл облысында 2022 жылғы облыстық бюджеттің жалпы кірістері 620,6 млрд. теңгені құрады. Бұл сомма өткен жылмен салыстырғанда 83,2 млрд. теңгеге артқан. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында баяндады.
Нұржан Календеров өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында және жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын атап өтті.
— Былтыр меншікті кірістер жоспары 103,8%-ға орындалды, бюджетке 2,0 млрд. теңге жоспардан артық түсті. Оның ішінде, салықтық түсімдер 104,4%-ға, салықтық емес түсімдер 98,9%-ға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 125,5%-ға орындалды, — деді Нұржан Календеров.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз баяндамасында ауыз су, газ, тұрғын үймен қамту, мәдениет, спорт, білім және тағы да басқа салалардағы атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге жан-жақты тоқталды.
— Елдің әл-ауқатын жақсарту бойынша жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. 2022 жылы 693,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы облыста 4 208 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2 260 пәтерлі 34 үй пайдалануға тапсырылды, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Комиссия отырысында Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Жолымбетов облыстық бюджеттің 2022 жылғы атқарылуы бойынша қорытынды есеп берді. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков те атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларын баяндады.
Өз кезегінде халық қалаулылары сауалдарын жолдап, ұсыныстарын ортаға салды.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі