Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыз үшін ерекше тарихи белес. Бұл – қан майданда қасық қаны қалғанша күрескен ерлер мен тылда тынымсыз еңбек еткен жандардың ерен ерлігіне тағзым ететін кезең. Осы ұлы оқиға қарсаңында әрбір ардагерге құрмет көрсету – ұлттың рухани борышы, тарихи жадты сақтау жолындағы маңызды қадам.
Ардагерлерге көрсетілетін әрбір ықылас — ерлікке деген алғыс, бейбіт күннің қадірін терең сезіндіретін игі іс. Себебі олар — елінің ертеңі үшін жанын қиған батырлардың, бейнетпен бел шешпей еңбек еткен ұрпақтың өкілдері.
Осы орайда Қордай аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізованың бастамасымен бөлім қызметкерлері тыл ардагері ЗУРАШ АЛДАБАЕВА апамыздың үйіне арнайы барып, ардақты ананы Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Қуанышты сәтте Зураш апаға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан мерекелік төсбелгі мен естелік сый-сияпат табысталып, ел амандығы үшін жасаған еңбегі мен ерлігіне алғыс білдірілді. Зураш Алдабаева — жастайынан тағдырдың сынына мойымай, ауыр жылдардың тауқыметін иығымен көтерген ардақты жандардың бірі. Соғыс жылдары ер-азаматтар майданға аттанып жатқанда, Зураш апа тылда еңбек етіп, ауылда қалған қариялар мен балаларға қамқор болды. Егіс даласында, мал шаруашылығында бел жазбай еңбек етіп, жеңіс жолына өз үлесін қосты. Бұл — нағыз патриотизмнің, қажырлы еңбек пен адамгершіліктің көрінісі. Кездесу барысында ардагерге жылы лебіздер айтылып, деніне саулық, ғұмырына ұзақтық тілектер білдірілді. Зураш апа да өз ризашылығын білдіріп, елеп-ескеріп келген жандарға ақ батасын берді.