Жақында ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова келіп, «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, филиал төрағасы Бейқұт Жамангозов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, фракция мүшелерінің қатысуымен жиынға қатысты.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттары маңызды мәселелер көтеріп, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, Қордай ауылында 270 төсекке көп бейінді орталық аудандық аурухананы салу және қайта бейіндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы 2022 жылдан бері әзірленуде екен. Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін жоба мемлекеттік сараптамаға бірнеше рет ұсынылғанымен, нәтиже шықтаған. Жоба сараптамадан өтпеуі салдарынан, тиісті қаражат қарастырылмаған. Келесі, «Батыс» ықшам ауданынан Қарасай батыр көшесіне канал арқылы өтетін көпір салу. Нақтырақ айтқанда, көлік кептелістері орын алуына байланысты кеңейту мәселесі шешілмей келеді. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» 0-56 шқ жолын күрделі жөндеу жұмыстарын қайта жандандыру өте өзекті. Мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс нысанның бүгінгі таңда 20 пайызы ғана орындалған.
Халық қалаулысы Гүлдара Нұрымованың кезекті жиыны аудандық орталық аурухана ғимаратында жалғасты. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары және медицина қызметкерлері қатысты. Шарада сөз алған бас дәрігер Қордай ауылында 270 төсектік көпсалалы орталық аурухананы салу қажеттілігінің негіздемесін баяндауға көшті. Оның айтуынша, орталық аурухана аудан халқының денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады. 160 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда жыл сайын 13000-нан астам науқас ем қабылдап, 3000-ға жуық адам жоғары технологиялық медициналық қызмет алу үшін облыстық және республикалық клиникаларға жүгінеді. Орталық аурухананың ғимараттары 1956-1992 жылдары салынып, тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Жалпы аудан облыс орталығынан 320 шақырым қашықтықта орналасқан және халықаралық маңызы бар Алматы-Термез, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәліздері бойында жатқандықтан трассаларда орын алатын жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер шұғыл медициналық көмекті қажет етеді. Алайда, қазіргі инфрақұрылым бұл қажеттіліктерді толық қамтамасыз ете алмауда.
Шара соңында, билік пен қарапайым тұрғындардың арасында алтын көпір болып жүрген жергілікті мәслихат депутаттарының сауалдарын тыңдаған Гүлдара Алданышқызы берілген ұсыныстар назарға алынып, оң шешім табылуына ықпал ететіндігін жеткізді.