ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

0

аудандық Мәдениет үйінде, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Атеннің қатысуымен «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында түсіндіру жиыны өтті.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпукова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мекеме және бөлім қызметкерлері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналды. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді» – деп, осы салаға қатысты сын-ескертпе жасаған болатын.

«Осыған байланысты, өзектендірілген әдістемелік ұсынымдар мен «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізбесі көшеге атау беру кезінде қатаң басшылыққа алынады. Егерде ұсынылған тұлғаның есімі «Тарихи тұлғалар» тізімінде болмаған жағдайда оны 2 жылда бір рет өзектендірілетін тізімге қосылып, нәтижесімен тұлғаның есімі тізімге енгізілгеннен кейін келесі жылға жоспарланып, жоғарғы орган тарапынан бекітілгеннен кейін ғана аталмыш ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолдануы тиіс», — дейді Медет Қайратұлы.

«Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында басшылыққа алынатын келесідей критерийлер бар. Бірінші көне дәуірлерден – XIV ғасырға дейін өмір сүрген тарихи тұлғалар, екінші XIV-XX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар. Ал ғылым және білім саласы бойынша Қазақ Ғылым академиясының академиктері, әр ғылым саласының негізін салушы – ғылым докторы, профессорлары, ғылым-білім салаларына еңбегі сіңірген деген атақ иегерлері ескеріледі. Өнер саласы бойынша Қазақстан халық әртістері, Қазақ ССР-нің және бұрынғы КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі сияқты басқа өнер салаларына еңбегі сіңірген деген атақ иегерлері қабылданады.

Әдебиет саласы бойынша белгілі ақын-жазушылар, Қазақстанның халық жазушысы бар атақ иегерлері және тағы да басқалар ұсыныста бар.

Кез келген нысанды немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Шара барысында қатысушылар сауалдарын ортаға салып, тиісті жауаптар алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.