ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАҒАН САРБАЗДАР

0

Донорлық қан қорын толықтыруға Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери командасы өз үлесін қосты. Жамбыл облыстық қан орталығына барған әскерилер қан тапсыруға дайын екендіктерін айтып, осында тұрақты келіп тұруға ниет білдірді.

Қазіргі уақыт әскери басқару органдары қызметкерлерінің қарбалас жұмыс кезеңі. Атап айтқанда, күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Бірақ соған қарамастан, әскерилер қан орталығына баруды алдын ала жоспарлап, уақыт тауып, ізгі істен шет қалмады.

– Әскери қызметкерлер – бұл біз әрқашан қуана көретін азаматтар санаты. Әскерилердің игі істе белсенділігін ерекше айта кетуге болады. Олар біздің қан тапсыру туралы өтініштерімізге әрдайым оң жауап береді. Қан орталығының дәрігерлері мен әскерилер арасындағы кездесулер тұрақты негізде және әртүрлі аумақтарда өтіп тұрады. Мүмкіндігінше әскери қызметшілер қан орталығына өз бетінше келеді. Ал, егер әскери бөлім алыстағы горнизондарда орналасқан болса, дәрігерлеріміздің өзі барады. Қан тапсырғысы келетін әскерилер көп, бірақ олардың жұмысы қарбаласқа толы болғандықтан уақыт болмай жатады. Осындай кездерде қан орталығының мобильді тобы келеді. Арнайы жарақтанған автобуста тек мамандар тобы ғана емес, қан жинауға және тасымалдауға қажетті барлық құрал-жабдықтар бар. Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметкерлері қан орталығына өз бетінше келіп, игі іске атсалысып жатқандары көпшілікке үлгі, – дейді облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің офицер- психологі Руслан Ілиясов: «Біздің командамыз шағын, оның үстіне бір қалада орналасқандықтан, облыстық қан орталығына өзіміз де келе аламыз. Біз әрқашан жақсы істер жасауға уақыт бөлуге тырысамыз және қажет деп санаймыз. Ал, қан тапсырудың сауапты іс екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Донордың қаны дер кезінде тек денсаулығын ғана емес, науқастың өмірін де с ақт ауға көмекте с етінін бәрі біледі. Сондықтан, бұл істі әлі де жалғастыратын боламыз», – десе, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің майоры Сергей Золотарев: «Мен өзім дәрігермін және олардың қан орталығында қажетті қан қорын қалыптастыруда қандай маңызды жұмыс атқаратынын түсінемін. Сондықтан, игі істің басынан табылған әріптестерімнің әрекетін қолдаймын және өмірдің бір бөлігін қанға мұқтаж жандармен бөлісуге дайынмын», – дейді. Әскерилер қан тапсыруға қашанда дайын екендерін және алдағы уақытта да бұл іске белсенді атсалысатындарын жеткізуде.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.