📍 Қордай ауданында мал қыстату науқаны сәтті аяқталды
Жамбыл облысының ауыл шаруашылығында айрықша орны бар Қордай ауданы үшін мал шаруашылығы – тіршіліктің өзегі, берекенің бастауы. Биыл да қордайлық шаруалар қыстың қытымыр сынын еңсеріп, мал қыстату науқанын ойдағыдай қорытындылады. Бұл – жүйелі жоспар мен тынымсыз еңбектің нақты нәтижесі.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, науқанды үйлестіру мақсатында арнайы жедел штаб құрылып, оның жұмысы тұрақты бақылауда болды. Штаб малшыларға қажетті көмекті дер кезінде ұйымдастырып, қыстаулардың жағдайын бақылап отырды. Жалпы аудан бойынша 510 қыстау мен малшылар үйі қамтылып, шалғай орналасқан нысандар да назардан тыс қалған жоқ.
Қыс мезгілінде жолдарды тазалау, қора маңын қардан аршу жұмыстары шаруалардың өз күшімен жүзеге асырылды. Бұл жұмыстарға жүздеген техника жұмылдырылып, барлық қыстауларға қатынау қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жаз-күз айларында мал қоралары толық жөндеуден өткізіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.