Тамыздың алғашқы 10 күнінде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңіне шамамен 133 мың респондент қатысты. Оның ішінде 64 мыңы – бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары, ал 70 мыңға жуығы – мал, егін немесе балық шаруашылықтарымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанда 1 тамызда басталды. Бірінші, онлайн кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Барлық санаттағы агро мекемелер санақтан sanaq.gov.kz сайтында өтуі тиіс. Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады. Ол кезде интервьюерлер үй шаруашылықтарына барып, сауалнама жүргізеді.
Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – аграрлық саланың жай-күйі жайлы толық ақпарат жинау.
Барлық сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға немесе sanaq.gov.kz сайтындағы чат-ботқа жазуға болады.
АЛҒАШҚЫ ҰЛТТЫҚ САНАҚ ТУРАЛЫ
Қазақстанда алғашқы ұлттық ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезең 2006 жылғы 10 тамыздан 4 қыркүйекке дейін жүргізіліп, өсімдік шаруашылығы көрсеткіштері зерттелді, екінші кезең 2007 жылғы 14 қаңтардан 8 ақпанға дейін жүргізіліп, мал шаруашылығы көрсеткіштері зерттелді.
Ауыл шаруашылық санағы 2,5 мың ауылдық және кенттік округтерді; 7,5 мың елді мекендерді, 9 мыңнан астам заңды тұлғаларды, 194 мың шаруа (фермерлік) қожалықтарды, шамамен 2,2 млн. үй шаруашылықтарын және 560 мың саяжай учаскелерін қамтыды.
Санауды жүргізуге шамамен 40 мың санақ қызметкерлері – статистер, нұсқаушылар, интервьюерлер, деректерді енгізу операторлары тартылды.
Нәтижесінде аграрлық саланың жағдайы туралы егжей-тегжейлі және объективті көрініс, ауыл шаруашылық өнім өндірушілері және олардың әлеуеті туралы толық деректер, аграрлық және жер реформаларын жүргізуге байланысты, әрбір ауыл шаруашылық өнім өндіруші санатының елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы рөлі туралы мәліметтер алынды.
ДЕРЕКТЕРДІ КІМ ПАЙДАЛАНАДЫ?
Ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері сұранысқа ие:
- Үкімет пен мемлекеттік органдар тарапынан – агроөнеркәсіптік кешен саласында тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағдарламаларын жоспарлау үшін;
- Ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелері тарапынан – ғылыми зерттеулер жүргізу, орнықты даму үрдістері мен жағдайларын талдау, ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлау үшін;
- Халықаралық ұйымдар тарапынан (БҰҰ ФАО және т.б.) – жаһандық азық-түлік үрдістерін мониторингілеу, тәуекелдерді бағалау және азық-түлік қауіпсіздігі мен көмектің халықаралық бағдарламаларын қалыптастыру үшін;
- Агробизнес субъектілері тарапынан – стратегиялық жоспарлау, нарық конъюнктурасын бағалау, негізделген шешімдер қабылдау және ресурстарды басқару үшін;
- Коммерциялық емес ұйымдар тарапынан – ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау саласындағы бастамаларды/жобаларды әзірлеу кезінде.
ЖАЛПЫ САНАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Ауыл шаруашылығы санағы — бұл аграрлық сектордың жай-күйі туралы сенімді ақпаратты жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған ауқымды статистикалық бақылау. Ол ауыл шаруашылығының негізгі аспектілерін қамтиды: егіс алқаптары, мал басы, шаруашылықтардың құрылымы мен типі, материалдық-техникалық жабдықтау деңгейі және саладағы халықтың жұмыспен қамтылуы.
Санақ 2025 жылы өткізіледі және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің барлық негізгі санаттарын қамтиды: заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер, сондай-ақ ауылдық және қалалық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) (ауыл шаруашылығы қызметі жүйелі емес сипатта болатын республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары мен саяжай учаскелері ерекшелік болып табылады).
Деректерді жинау екі жолмен жүзеге асырылады:
- с 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында — sanaq.gov.kz — веб-порталы арқылы (нысандарды өз бетінше толтыру);
- с 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін — онлайн-санақтан өтпеген ЖҚШ-ны жеке аралау кезінде интервьюерлермен.
Сонымен қатар, 2025 жылғы маусымда қалаларда респонденттердің іріктемесін қалыптастыру үшін листинг — алдын ала аралау жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы санағы – бұл әр шаруашылықтың елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан үлесі.