Ағымдағы жылы Жамбыл облысында автожол бойынша 1145 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оған 30,2 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8,3 млрд. теңгеге 23 жоба, «Ауыл — Ел бесігі» — бағдарламасы 2,4 млрд. теңгеге 84 жоба, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» — 15,2 млрд. теңгеге 843 жоба көзделген.
Өңірде 1 346,2 км автомобиль жолдарын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жоспарланған десек, оның 180,5 км — облыстық маңызы бар, 139,3 км — аудандық маңызы бар, 1026,3 км — елді мекен көшелері.
Сондай-ақ, республикалық бюджет қаражаты есебінен 3 ірі жоба іске асып жатқандығын айтып өту керек. Олар: «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық автомобиль жолдарын қайта жаңарту және «Қырғыз Республикасының шекарасына қарай ұзындығы 16,1 км. болатын Тараз қаласының оңтүстік айналма автожолының» құрылысы.
— Ағымдағы жылдың аяғына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайыздан 90 пайызға, елді мекен көшелерінін 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Автожолдарды салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапаны бақылауды тапсырыс берушімен бірлесіп «Жол активтерінің Сапа орталығы» ШЖҚ РМК тұрақты түрде жүзеге асырады. 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында мамандар 53 нысанды тексеріп, 17 бұзушылықты анықтаған.
Автомобиль жолдарының құрылысы, қайта құру және күтіп ұстау бақылау бойынша мониторингті «Сапалы жол — Адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, «Жамбыл-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі арқылы жүргізуде.
Сонымен қатар, жөндеу-құрылыс жұмыстарын «Nur Otan» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты белсенділерінен, облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармалары мен бөлімдерінің мамандарынан құрылған мобилді топ өкілдері де қадағалап отырады.
Облыста автожол жобаларын іске асыру 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі