Жұма күні аудандық Мәдениет үйінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» республикалық акциясы аясында Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының ұйым-дастыруымен «Отбасын аялайық» атты мазмұнды семинар өтті.
Айта кетейік, жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында еліміз бойынша аталған акция өткізіліп, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерді қорғау, құқықтық-психологиялық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ «зорлық – қалыпты емес» деген түсінікті бекіту мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Биыл да Қордай ауданында бірқатар жұмыстар атқарылып, семинар барысында осы бағытта іске асқан шаралар кеңінен қорытындыланды. Мәселен, 26 қараша күні «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде 2-курс студенттеріне «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтатайық» тақырыбында ақпараттық-танымдық лекция өткізілген. Жастарға онлайн кеңістіктегі қауіпсіздік мәдениеті түсіндіріліп, кибербуллинг, жеке деректерді қорғау, рұқсатсыз фото-видео тарату мәселелері бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар аудан мектептерінде жоғарғы сынып оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылғаны айтылды. Оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, цифрлық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру, ата-анамен ашық қарым-қатынастың маңыздылығы туралы мәлімет беріліп, ақпараттық буклеттер таратылды.
Шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, гендерлік зорлық-зомбылықтың қоғам үшін өзектілігіне тоқталып, аудан көлемінде атқарылып жатқан алдын алу жұмыстарына тоқталды. Ол өз сөзінде отбасы құндылықтарын сақтаудың, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті.
Осыдан кейін Дамира Маратқызы аудандық дағдарыс орталығының жұмысына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген бірқатар азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Оның ішінде «Amanat» партиясының депутаты Айман Ашимова, Қордай ауданының құрметті азаматы, ҚР мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина, М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұжымы, «Доктор AS» клиникасының негізін қалаушы, терапевт-педиатр Әсел Шормантаева, дағдарыс орталығының шаруашылық меңгерушісі Жәнібек Әсет және орталықтың заңгері Назгүл Досмамбет бар.
Семинар барысында дағдарыс орталығы жұмысы туралы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға орталықтың қолдау бағыттары таныстырылды. Сондай-ақ мәдени бағдарлама ұсынылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Ұлдан Шалабаева халық әнін орындады, Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің педагогы, композитор Қуаныш Ахметов «Қызыма» термесін көпшілік назарына ұсынды. «Отбасы – бақыттың мекені» атты сахналық көрініс те шараның мәнін аша түсті.
Шараны қорытындылаған орталық директоры Шынаркүл Бейсенбаева акция аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, қоғам болып бірлескен жағдайда ғана зорлық-зомбылықтың алдын алуға болатынын айтты.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ