ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ТУҒАНЫНА —
355 ЖЫЛ
Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.
Тәуке хан тұсында «Жеті жарғыны» түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі «Жеті жарғыны» жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерледі.
ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА —
220 ЖЫЛ
Дулат Бабатайұлы – 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысында туған ақын. Ақынның өлеңдері, негізінен, дидактикалық негізде жазылған.
Дулат Орта жүз құрамындағы найман тайпасының қаракерей сыбан руынан шыққан. Оның кей өлеңі 1880 жылы алғаш рет «Өсиетнама» деген атпен Қазан қаласында жарық көрген. Ақынның «Еспенбет» поэмасы алғаш рет 1957 жылы «Жұлдыз» журналының №5 санында жарияланды.
Дулат шығармаларын барынша зерттеген филолог Құлмат Өмірәлиев болды. Ақынның жеке жыр жинағы «Замана сазы» деген атпен 1991 жылы жарық көрді. Дулаттың өлең-жырларының басты сарыны – 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету.
Ақын «Тегімді менің сұрасаң», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Асқар таудың сәні жоқ» секілді жырлары мен жеке кісілерге айтқан «Сүлейменге», «Бараққа», «Кеңесбайға» деген арнау өлеңдері бар.
Дулат Бабатайұлы 1874 жылы өзі туған жерде дүниеден өтті.
ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ ТУҒАНЫНА — 220 ЖЫЛ
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген әскери қолбасшы, қазақтың 1837-1847 жылдарындағы ұлт азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы.
Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен қатар билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.
Тарихи деректерде Кенесарының 1847 жылы қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғарында ұсталып, Жамбы ауылында кісі қолынан өлгені, қырғыздар денесін сонда қалдырып, бас сүйегін Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы – князь Петр Горчаковқа апарып бергені айтылады.
Алайда соңғы ханның сүйегі әлі табылған жоқ.
ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ -155 ЖЫЛДЫҒЫ
Қазақтың суырыпсалма ақыны Әсет Найманбайұлы 1967 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыл-арай ауылында туған. Найманбайұлының әнші-композитор болу жолы 14-15 жасында басталған.
Әсеттің «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұрғыман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жұмсап», «Кешубай» атты қисса дастандары бар. Ол Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал мен Ақан сері дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті.
Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.
МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ТУҒАНЫНА — 125 ЖЫЛ
Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген.
20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. «Еңлік-Кебек» ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.
Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942 жылы, 1947 жылы), одан кейін мұның жалғасы ретінде «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952 жылы, 1956 жылы) романын жазды.
Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.
ҒАБИДЕН МҰСТАФИННІҢ ТУҒАНЫНА —
120 ЖЫЛ
Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған
1927-1928 жылдары «Жыл құсы» журналында Ғабең «Сәрсен мен Боқаш» деп аталатын алғашқы әңгімесін жариялады.
Мұстафиннің қаламынан туған «Өмір мен өлім» (1940 жыл), «Шығанақ» (1944 жыл), «Миллионер» (1948 жыл), «Қарағанды» (1952 жыл) романдары жиырмасыншы ғасырдың аса елеулі шындығын бейнелейді. Автор «Шығанақты» басы-аяғы 4-5 ай ішінде жазса, «Миллионерге» үш-төрт ай, «Қарағандыны» жазуға жылға жуық уақыт жұмсаған. Ал «Дауылдан кейін» романына екі жыл уақыт бөлген. Бұл романы туралы қаламгер «Қапы кеткенім аз болар, жеріме жетіп тоқтаған сияқтымын» дейді.
Ғабиден Мұстафин шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, алтыншы сайланған КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, 4-5, 8-10 Қазақ КСП Жоғары кеңесінің депутаты болды. Екі рет Ленин орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл ту орденімен марапатталған.
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ТУҒАНЫНА — 120 ЖЫЛ
Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша «Құдайдың құлы» деген мағынаны білдіреді.
Қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туындыны Ғабит Мүсірепов жазды. Майдан шындығы көрініс тапқан «Қазақ солдаты» туындысы оның тұңғыш романы болды. Қаламгер бұл романды 2-3 рет өңдеген.
«Мен соғыс отын кешкен жоқпын. Майдан сұрапылының суреттерін көз алдыма ақылмен елестетіп жаздым. Шығарманы бірінші жақтан әңгімені геройымның өзіне айтқызып отырып, баяндаған тәсілім де сондықтан еді», — дейді жазушы өз естелігінде.
Ғабит Мүсірепов «Амангелді» атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазуға өз үлесін қосты (Вс. Иванов, Б.Майлинмен бірге). «Махаббат туралы дастан» және екі сериялы «Қыз Жібек» фильмдерінің сценарийін жазды.
1985 жылдың 31 желтоқсанында халық жазушысы 83 жасында өмірден өтті.
ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ — 110 ЖЫЛДЫҒЫ
Қазақ халқының сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген.
Димаш Ахметұлы еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, ғылым академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.
Көзі тірісінде үш мәрте социалистік еңбек ері атанып, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды.
1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.
ЖҰМАҒАЛИ САИННЫҢ — 110 ЖЫЛДЫҒЫ
Жұмағали Саяұлы Саин 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Арықбалық ауданы Баян көлінің жағасында туған. Жұмағали 4 жасқа келгенде анасы Бәдігүл, 5-ке келгенде әкесі Сая қайтыс болған соң, балалар үйінде тәрбиеленген.
Жеті жылдық мектепті бітірген соң, бірнеше жыл ауылда сауатсыздықты жою ісіне араласқан. 1930 жылы Мәскеудегі Цветметзолото институтында, 1930-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқыған.
«Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болған. 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысында болып, Украинада партизандар отрядын басқарған.
1942 жылы бір ұрыста Жұмағали Саинның кеудесіне оқ тиіп, өкпесін зақымдаған. Ақын өз шығармаларында партизандық өмірді, соғыс күндерін, ерлікті арқау етті.
Жұмағали Саин 1961 жылы 28 мамырда 49 жасында ауруы асқынып қайтыс болды.
ШАРА ЖИЕНҚҰЛОВАНЫҢ — 110 ЖЫЛДЫҒЫ
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында туған биші, педагог. Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш образы. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөзінде» басты рөлді сомдады.
1934 жылы қазіргі Қазақ опера және балет театрына ауысты. Мұнда Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындады.
1938 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қазақтың тұңғыш ұлттық балеті «Қалқаман – Мамырда» Мамырдың партиясын орындады.
1938 жылы «Амангелді» фильмінде Балымның рөлін сомдады.
Шара Жиенқұлова 1968 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.
МӘНШҮК МӘМЕТОВАНЫҢ — 100 ЖЫЛДЫҒЫ
Майданда есімі асқақтаған батыр қыз 1922 жылдың қазанында Батыс Қазақстан облысы Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті.
Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қызы – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова.
Пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күзінде Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА —
100 ЖЫЛ
Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Ақбұзау ауылында туған. Жазушы 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері мен әңгіме, очерктері майдан кезінде республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін 1949 жылы бітірді.
Көзі тірісінде 40-тан астам кітап шығарды. Оның ішінде «Алыстағы ауданда» (1956 жылы), «Тың астығы» (1958 жылы), «Ертіс жағасында» (1959 жылы), «Жомарт өлке» (1960 жылы), «Махаббат жыры» (1964 жылы), «Махаббат қызық мол жылдар» (1970 жылы), «Ақиқат пен аңыз» (1976 жылы), «Екі естелік» (1985 жылы), «Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары» (2000 жылы), «Мәңгілік махаббат жыры» (2005 жылы) еңбектері бар.
Әзілхан Нұршайықов шығармашылықтағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені (1944 жылы), «Құрмет белгісі» (1956 жылы), «Халықтар» (1984 жылы), «Парасат» (2005 жылы), «Отан» (2010 жылы) ордендерімен, «Ерен Еңбегі үшін» (1943 жылы), секілді медальдармен марапатталды.
Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпанда қайтыс болды.
РОЗА БАҒЛАНОВАНЫҢ — 100 ЖЫЛДЫҒЫ
Күміскөмей әнші, Халық Қаһарманы, «Тарлан» сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген ерекше жаратылыстағы сұлу Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.
Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан.
Роза Бағланова 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап «Қазақконцерттің» әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті. КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.
ТАЛҒАТ БИГЕЛДИНОВТІҢ — 100 ЖЫЛДЫҒЫ
Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген.
Оның «Ил-2» ұшағын немістер «Қара ажал» деп атаған екен.
Талғат Бигелдинов әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген. Кеңес Одағының батыры деген атақты екі рет алған Анатолий Ефремов 244 рет ұшқан, ал Талғат Жақыпбекұлы одан 61 рет артық көкке көтерілді. Сондай-ақ Талғат Бигелдинов 7 жау ұшағын атып түсірген.
1943 жылдың қыркүйегінде Днепр үшін ұрыста жауға аянбай қарсы тұрады. Осы шайқаста Бигелдиновтің ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда ол ұшағын жау техникасы жасырынған тұсқа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп үлгереді. Оның әуедегі бұл ерлігі фотосуретке түсірілген.
1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі атып түсірген төрт жау ұшағы үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
1945 жылдың 27 маусымында Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының батыры атағын иеленді.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІНЕ — 30 ЖЫЛ
1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылдан бастап қазақстандықтар бұл күнді мерекелей бастады.
1992 жылы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылданып, арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірген. Содан кейін елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.
Рәміздердің үлгісі бойынша конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Оның ішінде суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту бекітілді.
Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылды. Елтаңба жобасы конкурсында сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылып, қазіргі нұсқа бекітілді.
2018 жылы елтаңбада «Қазақстан» жазуы латын графикасымен QAZAQSTAN деп берілетін болды.
1992 жылы конкурсқа әнұранның 750 нұсқасы түсті. Қабылданған әнұран авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Жаңа әнұранның авторы – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ҚҰРАМЫНА КІРГЕНІНЕ —
30 ЖЫЛ
Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан бірауыздан БҰҰ-ның 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның көк туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді.
Сол жылы 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істей бастады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.
Бас кеңсе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Қазір БҰҰ-ға 193 мемлекет кіреді.