Ауруды ерте кезеңде анықтау – оның дамуына жол бермейді. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы скринингтердің қалай жүргізілетінін және олардан кім
өтуі керектігін айтты.
Скрининг арқылы қандай ауруларды анықтауға болады?
- Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30–70 жас аралығындағы әйелдер
- Сүт безі обырын ерте анықтау – 40–70 жас аралығындағы әйелдер
- Колоректальді обырды ерте анықтау – 50–70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
Скринигтік бағдарламаға қандай мәліметтер кіреді?
Әйелдер сүт безі обырына тіркелген емхана арқылы тексеріледі. Акушер-гинеколог, онколог пен маммолог сынды мамандар кеңесіне жүгініп, УДЗ, маммография сынды тексерулерден өте алады.
Сонымен қатар, жатыр мойны обырының алдын алу үшін видеокольпоскопия немесе кольпоскопия, ПАП-тест, пункциялық биопсия мен гистологиялық зерттеулерге тапсыруға болады.
Колоректалды обырдың алдын алуға арналған тексерулерден ерлер де, әйелдер де өтуі тиіс. Профилактикалық іс-шаралар барысында олар хирург, онколог, гастроэнтеролог пен проктолог мамандардан кеңес алады. Сондай-ақ үлкен дәреттегі жасырын қанды тексеру мақсатында шұғыл әдіспен гемогульт-тест тапсырады, жалпы видеоколоноскопия, эндоскопиялық биопсия және гистологиялық тексерулерден өтуге болады.
Жамбыл облысы бойынша 2025 жылы онкологиялық дерттерді ерте анықтауға арналған тексерулерге 1 млрд 64 млн 182 мың теңге бөлінген. Бұл шараға 177 мыңнан аса жамбылдықты тарту көзделген.
Айта кетсек, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, онкоскринингтер барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Яғни, сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, бұл медициналық қызмет түрі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізілген.
Ғайни Аймағанбетова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиал директоры:
«Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау – науқастардың өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы. Сондықтан жамбылдықтарды өз денсаулығына бейжай қарамай, уақытылы скринингтік тексеруден өтуге шақырамын. Бұл тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның денсаулығы үшін маңызды қадам», – деді ол.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы