27 жамбылдық батыр атанған

0

Екінші дүниежүзілік соғыста кеңес әскерінің жеңіске жетуіне қазақ халқы зор үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап, Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерлік көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Балтық бойын азат етті. Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, тылдағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына тартып, эвакуацияланған зауыт пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіс күнін жақындатқан, елінің, Отанының даңқын асқақтатқан «Кеңес Одағының Батыры» атағы мен «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жамбылдықтар қанша деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Осыған орай қолда бар құжаттарды және ақпарат көздеріндегі материалдарды саралап, сұрыптап, Жамбыл облысының 20 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері болғанын анықтадық. Олар: қазақтың біртуар азаматы, даңқты қолбасшы, жуалылық Бауыржан Момышұлы, Владимир Михайлович Вишневецкий, Дмитрий Степанович Кавешников, Федор Кириллович Кердань, Дмитрий Федорович Пахомов; таластық Сәду Шәкіров, Амантай Дәулетбеков; қордайлық Николай Никонорович Белашов, Степан Захарович Сущев; байзақтық Ақәділ Суханбаев, Семен Архипович Ларионов; шулық Саттар Естемесов; меркілік Владимир Артемович Савва, Николай Федорович Федоров, Иван Иосифович Трубицин; жамбылдық Яков Николаевич Тюлькин, тараздық Андрей Алексеевич Сорокин, Нуролла Гарифуллаұлы Фазлаев, Петр Васильевич Томасевич, Мамашариф Гиясұлы Фаязовтар болды.

Ереже бойынша, Кеңес Одағының Батырлары қай жердің әскери комиссариатынан шақырылса, сол жердің ұланы болып есептелінеді. Осы орайда, кейбір дерек көздерінде мойынқұмдық Мәди Бегенов Түрікменстаннан, Қордайда туған Иван Васильевич Москаленко мен Александр Иванович Романютин Қырғызстаннан майданға алынғанын еске салғымыз келеді. Оларды да «біздің батыр» десек, айып болмас. 8 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын Днепрден өтуде көрсеткен ерлігі үшін иеленген.

«Даңқ» орденінің толық иегерлері: тараздық Иргаш Досмухаметов; қордайлық Василий Иванович Евман; тараздық Федор Васильевич Иванов; шулық Михаил Иванович Перепелов; қордайлық Сергей Яковлевич Сердюков; жуалылық Тайыр Бүркітбайұлы Тастандиев; жамбылдық Алахан Жапарбеков. Бұлардан басқа, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін облысымызда бірнеше Кеңес Одағының Батыры қоныс тепкен. 1965 жылдың 20 шілдесіндегі мәлімет бойынша, олардың қатарында генерал-майор Григорий Архипович Криволапов, подполковник Абылай Әлімбетов, майор Ардольон Вениаминович Баранов, Василий Семенович Грушко, майор Александр Федорович Петров, подполковник Петр Егорович Толстов, аға лейтенант Кенжебек Шәкенов, капитан Александр Павлович Мин, Дмитрий Александрович Стариков, Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында анасы мен інісі тұрған, өзі Маңғыстау облысында дүниеге келген, Түрікменстаннан әскерге алынған Мәди Бегенов, «Даңқ» орденінің толық кавалері Абдулла Матыгуллин бар. Бұлардың біразының отбасы соғыс жылдарында Жамбыл жеріне көшірілгендер болса, біразы қызмет бабымен келгендер.

Жылдар өтер, заман да өзгерер. Бірақ Отан үшін отқа түскендер ешқашан да ұмытылмайды. Баукеңнің сөзімен айтсақ, олар отқа күймейді. Қайта ерліктері мәңгілік асқақтай береді.

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында

Облыстан Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанғандар қанша?

Жамбыл облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің 2010 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатына жолдаған ақпарында мынандай деректер келтіреді: Ұлы Отан соғысына біздің облысымыздан 41 453 азамат аттанған. Жамбыл қаласынан майданға шақырылғандар — 14 701. Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл облысынан шақырылған азаматтардың 15 536-сы майданда қаза тауып, 17 639-ы із-түссіз, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.

1943 жылдың 1ақпанына дейін Жамбыл облысынан ресми мәліметтер бойынша, Қызыл Армия мен өнеркәсіп және транспортта еңбек ететін жұмысшы колонияларына 53 268 адам алынды делінген. Осы деректерді және 1943-44-45 жылдары Қызыл Армия қатарына жыл сайын орта есеппен 1000 адамнан алынып отырылғанын айтатын болсақ (мәліметтерде осындай дерек келтірілген) және 1938-1940 жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылғандарды қосқанда майданға 50 мыңдай жамбылдық қатысты деп айтуға болады.

Жекелеген аудандардың әскери комиссариаттарынан да ресми мәліметтер алдық. Олардың ақпары бойынша Ұлы Отан соғысына Шу аудандық әскери комиссариатынан 5014 адам әскерге алынған.

Жуалы ауданынан 1788 адам ауылдық округтар бойынша майданға алынғанын қорғаныс бөлімі айғақтайды. Алайда соғысқа жуалылықтар Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы алынғанын ескерсек, бұл мәлімет нақты емес. Мәселен, Мыңбұлақ орта мектебінде Ұлы Отан соғысына арналған тақтада ауданнан майданға 2005 адам кетті делінген.

Меркі және Луговой аудандарынан Ұлы Отан соғысы жылдарында Меркі аудандық комиссариатынан 12 024 адам майданға аттанған. Ол кезде Луговой ауданында әскери комиссариат болмаған.

Қаратау қаласының Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімі Ұлы Отан соғысына Сарысу және Талас ауданынан 3 449 адам майданға аттанған делінген деректер бар екенін айғақтайды.

Байзақ ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша бұл ауданнан Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын қорғауға 3 341 адам алынған.

Қордай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша ауданнан майданға 9195, бұрынғы Красногор ауданы бойынша 1 589 адам майданға шақырылған.

«Ұлы Отан соғысы жылдары 100 мыңнан аса жамбылдық майданда шайқасты» деген деректің анық емес екендігін сол кезде облыста тұратын халық саны да теріске шығарады. 1940 жылдың 1 ақпанында Жамбыл облысының халқы 321 мыңнан аспайтын. Нақтырақ айтатын болсақ, Жамбыл қаласында – 62 723, Жамбыл ауданында- 31 375, Меркіде – 40 468, Сарысуда – 12 132, Таласта – 17 975, Свердловта – 24 579, Луговойда – 23 304, Қордайда – 36 213, Шуда – 45 389, Красногорда – 14 166, Көктеректе 12 116 адам тұрған. Демографтардың есебі бойынша, әрбір бесінші адам ғана майданға алынуы мүмкін. Осы және Ұлы Отан соғысына дейінгі 1938, 1939, 1940 жылдары, сонымен бірге 1943, 1944, 1945 жылдары Қызыл Армия қатарына алынғандарды қосқанда шамамен біздің облысымыздан соғысқа қатысқандар саны 50 мыңның айналасында деп топшылауға болады.

Соғыс жылдарында 270 жамбылдық қыз-келіншек майдан даласында шайқасты.

 

Майданнан қанша адам оралды?

Жамбыл облыстық партия комитетінің әскери бөлімінің облыстық партия комитетінің хатшысына 1946 жылы 30 қаңтарда берген анықтамасында майданнан оралғандарды және соғыс мүгедектерін жұмысқа орналастыру туралы мәліметтер берген. Бұл мәлімет бойынша 1946 жылдың 1 шілдесіне дейін майданнан әскери қатардан 8 551 адам оралған. Олардың 7 501-і жұмысқа орналастырылған.

Осы кезеңдегі мәлімет бойынша облыста 6 376 Ұлы Отан соғысының мүгедегі болған, олардың 5 134-і жұмысқа орналастырылмаған.

Жамбыл қаласы бойынша осы күнгі мәлімет бойынша, 680 майдангер елге оралған. Оның 396-сы соғыс мүгедегі еді. Олардың 375-і екінші, 21-і үшінші топтағы мүгедек.

1945 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Жамбыл облысында 43 387 әскери қызметкерлердің отбасы тұрған. Бұл отбасыларда 137 312 адам болған. Сонымен қатар 5 163 соғыс мүгедегінің отбасында 14 879 адам тіркелген.

1946 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, облысқа Қызыл Армия құрамынан бірінші және екінші кезекте отбасына жіберілгендер саны 6 550 адам, олардың 110-ы әйелдер болыпты. 1946 жылдың 13 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, облыстық партия комитетінің хатшысы барлық партия комитеттеріне жолдаған хатында мынадай деректер бар: 1946 жылдың 1 шілдесіне дейін әскер қатарынан облысқа 8 551 майдангер оралған. Олардың 7 501-і жұмысқа орналастырылмаған. Луговой ауданында майданнан оралған 363 майдангердің 87-сі жұмысқа орналастырылмаған. Меркі ауданында оралғандар 969, жұмысқа орналаспаған – 76. Шу ауданында 1 051 майдангер оралған, олардың 57-сі жұмысқа орналастырылмаған. Жамбыл қаласында майданнан оралған 2 708 адамның 680-і жұмысқа орналастырылмаған. 1946 жылдың 15 ақпанындағы мәлімет бойынша Красногор ауданына — 260, Свердлов ауданына – 360, Талас ауданына майданнан 313 адам оралған. Облыстық партия комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне 1946 жылдың 7 наурызында жолданған ақпарында мынадай деректер келтіріледі. 20 ақпанға дейін майданнан 6 609 адам келген. Олардың 5 206-сы жұмысқа орналастырылмаған. 800-іне пәтер берілген. 241 майдангердің үйі жөнделген. Көмек ретінде 96 текше метр ағаш, 636 тонна сексеуіл, 3 500 текше метр тор, 489 пар аяқ киім, 986 дана сабын, 112 келі нан өнімдері, 78408 келі басқа да азық-түлік тауарлары, 247 бас мал, 59750 сом ақша, 152 000 сом несие, 108 келі май, 525 келі қант берілген.

1946 жылдың 15 маусымында Жамбыл облысы партия ұйымдарының 1945-46 жылдары Жамбыл облысы партия ұйымдарының әскери бөлімдерінің меңгерушілері қатысқан жиналыста мынадай мәліметтер келтіріледі. Майданнан 7721 адам оралған. Біздің облысымызда 6 308 асыраушысы майданда қаза тапқан отбасы және 33 477 әскери қызметкерлердің отбасы болды. 5 984 соғыс мүгедегі соғыстың әр жылында келді. Ссуда ретінде СССР Жоғарғы Советінің Жарлығы бойынша облысқа 400 мың сом берілген. 442 222 сомның өнеркәсіп тауарлары беріліпті.

Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің әскери бөліміне жолданған ақпарда 1946 жылдың 1 қазанына дейін майданнан 11423 майдангер оралғанын жазған. Оның 132-сі әйел, олардың 10 686-сы жұмысқа орналасқан. Бұл ақпарда майданнан оралғандардың көпшілігі партия, совет қызметіне орналасқанын айта келіп, 29 майдангер колхозды басқаратындығын жазған. 25 майдангер ауылдық, селолық советтерді басқарыпты.

Жамбылдықтардың майданға бергені ұшан-теңіз. 1978 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан П.С. Беланның, А. Д. Тимишенконың, Н. С. Барковтың «Фронтовые дороги» кітабында 1943 жылы Жамбыл облысы майданға 77 вагон сыйлық жібергені айтылады. Оның 16 вагонын 391-дивизияға облыстық партия комитетінің хатшысы Кәрім Шорабеков бастаған делегация әкелген.

1941-1945 жылдары жамбылдық қанша жауынгер әскери тұтқын болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Жалпы Германия қолбасшылығы ресми деректерде 5,27 миллион адам тұтқын болғанын айтады. Ал Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің Бас штабы 4 миллион 590 мың адам тұтқында болғанын айғақтайды. 1941 жылы тұтқынға 2 миллионға жуық совет жауынгерлері түсті. Бұл барлық тұтқындардың 49 пайызы. 1942 жылы Қызыл Армияның 1 миллион 339 мың жауынгері фашистердің концлагерлерінің тұтқыны болды. 1943 жылы 487 мың жауынгер тұтқында азапты күндерді басынан өткізді. 1944 жылы 203 мың совет жауынгері фашистердің айдауында болды. 1945 жылы 40,6 мың жауынгер жау тұтқынында опа шекті. Олардың арасында жамбылдықтар да болды.

Награда — тыл еңбеккерлеріне! СССР Жоғарғы Советінің Президумының Жарлығымен 1945 жылы 16 қарашада І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен Луговой аудынының «Тереңөзек» колхозының партия комитетінің хатшысы Шәмші Әбішева, Көктерек ауданының «Жаңа тірлік» колхозының шопаны Оспанбек Баубеков, Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Владимир Ващенко, Свердлов ауданының «Үш төбе» колхозының аға жылқышысы Төлеубек Еркеев, Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Самуил Иткин, Қордай ауданының машина-трактор станциясының комбайншысы Степан Кащенко, Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қабаш Успанов, Свердлов ауданының Ленин атындағы колхоздың звено жетекшісі Шәміл Шантаева наградталды.

Осы Жарлықпен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен 21 адам марапатталған. Олардың арасында партия, совет, комсомол қызметкерлерімен бірге еңбек адамдары да бар. «Ленин» орденімен — 3, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен – 17, «Қызыл Жұлдыз» орденімен 17 адам наградталған. Сол сияқты «Құрмет белгісі» орденімен 57 адам марапатталған. Олардың арасында халық ақыны Кенен Әзірбаев та бар. Көптеген азаматтар медальдермен наградталған.

Ал «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы екпінді еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар өте көп.

Мұрағаттан

Leave A Reply

Your email address will not be published.