Жалпы Қордай ауданы бойынша құрылыс жұмыстары жыл өткен сайын қарқын алмаса бәсеңдеген емес. Мәселен, Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің берген мәліметі сәйкес 2024 жылы аудан бойынша жалпы 30 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Соларға қысқаша тоқтала кетсек.
Қолға алынған 30 жобаның оның ішіңде 16-на тапсырыс беругі облыстық құрылыс басқармасы болса, 14 жоба Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан іске асырылуда. Оған 2024 жылы жалпы бюджеттен қомақты қаржы да бөлінген.
Осы жобалар ішінде білім саласы бойынша 3 нысанның құрылысы жүрген. Жүрген дейтініміз, Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектеп қолданысқа беріліп қойды. Ол туралы газетімізде жазған да болатынбыз. Ал, Қаракемер мен Қарасу ауылдарындағы «Жайлы мектеп» салу жұмыстары қазір қарқын алған. Осы орайда «Жайлы мектеп» түсінігіне аздап тоқтала кетсек. «Жайлы мектептің» өзгелерден айырмашылығы мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Қысқаша осы. Осыдан ақ аталмыш екі ауылда қандай білім ошақтары бой көтеріп жатқанын ұғынуға болады.
Құрылыс жайына қайта оралсақ. Ауданда денсаулық саласы бойынша 6 нысан жұмысы жүріп жатыр. Олардың ішінде ірісі Сортөбе ауылдық аурухананың аумағында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана мен Масаншыдағы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша ғимарат құрылысы. Сонымен қатар, ішкі істер органдары бойынша екі нысан жақында ашылады деп күтілуде. Олар бойынша құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Атап айтсақ, жақын күндері Сортөбелік полицейлер жаңа ғимаратқа қоныс аударады. Ал, Қордай аудандық полиция бөлімі Қордайдағы «Батыс» ықшам ауданында бой көтерген 150 адамға арналған су жаңа ғимаратта жұмыс жүргізетін болады. Ашылу салтананы алдағы аптаға жоспарланған.
Тағы бір жағымды жаңалық – Қордай ауылында 2 автомобильге арналған өрт сөндіру депосы құрылысы да соңына жеткен. Ал, Сортөбе ауылында 2 автокөлікке арналған модульді өрт сөндіру станциясын салу үшін жобалық сметалық құжаттамасы шығып, сараптама қорытындысы алынған.