Жамбыл облысында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ жарияланды.
Республикалық маңызы бар автожолдар жабылды.
Ауа-райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран, көрудің нашарлығы) байланысты 12 желтоқсан бастап республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды.
Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен ағымдағы жылдың 13 желтоқсанынан бастап өңірлік жедел штаб құрылып, жұмыстар жүргізуде.
Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылды.
15 желтоқсан сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды, олардың ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, дәрігердің бақылауында. Екі күн ішінде жалпы 5000 адам құтқарылды.
Құтқару жұмыстары жалғасуда. Облыстық ТЖ департаменті жанынан жедел желі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Құтқару шараларына 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.
Электр желілерін қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 23 авариялық-құтқару тобы мен 27 арнайы техника жұмылдырылды. Газ құбырларының апаты тіркелген жоқ, штатты режимде берілуде.
Төтенше жағдайларға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалған болатын. Шу аудандық көліктік прокуратураның ақпараты бойынша, қазіргі кезде жолаушылар пойыздары жүре бастады, жағдай бақылауда.
Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс бойынша қауырт желі нөмірлері іске қосылды: 8 7262 513575, 51 41 67