ФИН СОҒЫСЫНАН КОРЕЯҒА ДЕЙІН

0

иыл Ұлы Отан соғысында Совет Одағының неміс басқыншыларын жеңген Ұлы Жеңіске 77 жыл толады. Осы мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатынасқан өзімнің әкем ШОЙЫНБАЕВ БЕГІМБЕТ КИІЗБАЙҰЛЫНЫҢ ерлікке толы өмірі туралы қысқаша жаза кетсем деп отырмын. Өйткені, қазіргі жастар ата ұрпақтың жасаған ерліктерін ұмытпауы керек деп ойлаймын.
Менің әкем – Шойынбаев Бегімбет Киізбайұлы 1915 жылы қазіргі Қордай ауданының Бетқайнар ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Ол 1939 жылы әскер қатарына Бішкек қаласынан шақырылады. Сол жылы Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының қатарына мүшелікке өтеді. 1939-жылдың 30-шы қарашасында Кеңес Одағы мен Финляндия арасында соғыс басталады. Әкем 1940 жылдың 12 наурызына дейін созылған сол соғысқа бастан-аяқ қатысады. Ұлы Отан соғысы басталардан 2 жыл бұрын әскерге шақырылып, әскери дайындықтан жақсы деңгейде өткендіктен бе екен, әйтеуір қатарында әкем бар әскери бөлімді Отан соғысының әртүрлі қиырына жұмсаған екен. Оған дәлел әкемнің өз айтуы бойынша жүріп өткен майдан жолдары.
Ұлы Отан соғысы кезінде әкем Ресейдің Ростов на Дону, Белгород, Украинаның Милитополь, Днепр, Новогород, Львов қалаларын азат етуге қатысады. Чехословакияның Медзилаборце, Колбасов, Мораваны, Дарговский-Прьесмик, Кошице қалалары мен Польшаның Бельско-Бяла, Чеховице-Дзедзице қалалары үшін шайқасады. Сондай-ақ ол Германияның Грабов және басқа да қалаларындағы ұрыстарға қатысады. Ұлы Отан соғысы кезінде әкем Қырым түбегі мен Кавказды қорғау операцияларына да қатынасқан екен. Бұған дәлел осы соғыстарда алған оның көптеген алғыстары мен орден-медальдары. Қырым түбегінде ол Ставрополь, Пятигорск, Севастополь, Ялта, Феодосия, Керчь қалалары үшін жан аямай шайқасады.
Кейінірек Кавказды азат ету шайқастарын Кабардин-Балқар республикасын, Эльбурсты, Марухск асуын неміс-фашистерінен азат ету соғыстарына қатысқан екен. Батыстағы соғыс аяқталған соң әкем Қытайдың Маньчжурия қаласынан бірақ шығады. Онда ол Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысады. Қытайдың Фуцзянь, Хэйхе қалаларында болады. Ол жапондардан Сахалин мен Курил аралдарын азат ету операцияларына қатынасады. Сол кезде осы аралдарды азат ету барысында 2000-дай кеңес жауынгері қаза табады. Содан майдан жолы оны Солтүстік Кореяға дейін жеткізеді. Бұл кезде Оңтүстік Кореяға Америка әскері кірген еді. Совет әскері Солтүстік Кореяда 1948 жылға дейін тұрды.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін әкем «Ерлігі үшін» «За оборону Кавказа» медалімен, ІІІ-дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, ол әскерден кеудесіне «Қызыл Ту» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерін тағып оралды. Бір қызығы, осы ордендердің және басқа да алғыстарының құжаттары үйде әлі күнге сақтаулы. Бұдан әкемнің қаншалықты ұқыпты адам болғанын байқауға болады. Сол құжаттарды негізге ала отырып, әкемнің алған кейбір алғыстарын да жазсам деймін. Менің әкеме Новы-Тарг, Феодосия, Керчь қалаларын азат етуге қатысқаны және Карпат үшін болған соғыстағы ерліктері, Чехословакияның Оломоуц қаласын азат етудегі ерліктері үшін Сталин алғыс жариялаған.
Жоғарыда аталып өткен әкеме жарияланған алғыстардың құжаттарының бәрі біздің үйдің архивінде сақтаулы тұр.
Сөйтіп әскерге 1939 жылы кеткен әкем Кеңес-Фин соғысына, Ұлы Отан соғысына, Қиыр Шығыстағы Жапондармен болған соғысқа бастан аяқ қатысып және Солтүстік Кореядағы Совет әскерінің құрамында болып, елге тек 1947 жылы оралады.
Әкем соғыстан келген соң ауылдағы бейбіт өмірге араласады. Қазіргі Бетқайнар ауылында бригадирлік және әртүрлі басқа да жұмыстар атқарып, 1975 жылы зейнетке шықты. Ерлікке толы өмір кешкен әкем – Шойынбаев Бегімбет Киізбайұлы өзінің бала-шағасының алдында 1982 жылдың қыркүйегінде өмірден озды.
Қазіргі таңда әкемнен тараған ұлдар мен қыздар, немерелер мен шөберелер Ұлы Отанымыздың көркеюі үшін халық шаруашылығының әр саласында табысты еңбек етуде. Отан үшін от кешкен аталар ерлігі – жас ұрпаққа әрқашанда үлгі болып қалуға тиіс!

Болатбек ШОЙЫНБАЕВ,
Қордай ауылы

ҚОРДАЙЛЫҚТАР ҰЛЫ ОТАН СОҒыСЫНДА
Қордай аудандық әскери комиссариатында сақталған мәліметтер бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында аудан аумағынан 10734 адам Кеңес әскерлерінің құрамында соғысқа қатысқан. Олардың төрт мыңнан астамы майданда қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Соғыстағы ерліктері үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен — 6, «Қызыл Жұлдыз» орденімен — 140, «Даңқ» орденімен — 36, «Ерлігі үшін» медалімен — 248, «Жауынгерлік айбыны үшін» медалімен — 191 қордайлық офицерлер мен сарбаздар наградталған. Михайловкалық (бүгінде Қарасай батыр ауылы) Василий Иванович Евман мен Черная речкалық
(Қарасу ауылы) Сергей Яковлевич Сердюков «Даңқ» орденінің үш дәрежесін түгел алған.

Ал, Қордайлық Николай Никонорович Белашовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол 1911 жылы Красногор ауылының маңындағы қыстақта туған. Панфилов атындағы 316-шы атқыштар дивизиясының 1075 полкінің 4 ротасында майданға кірді. 1941 жылғы 16 қарашада Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан жиырма сегіз жауынгердің бірі. Өзі туып өскен қыстақ, аудан орталығының бір көшесі батырдың есімімен аталады. 2007 жылы аудан орталығына аузынан ажал отын шашқан жау танксіне граната лақтыруға оңтайланған сәті бейнеленген жаңа ескерткіші орнатылды. Бұл орындағы бұрынғы кеудеден жоғары бюсті туған жеріндегі Үлкен Сұлутөр мектебінің ауласына қойылды.
Кіндік қаны Қордай жерінде тамған, бірақ, кейіннен басқа өңірлерге қоныс аударып сол жақтан соғысқа аттанған тағы үш адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені мәлім. Олар: Москаленко Иван Васильевич, 1912 жылы Георгиевкада (қазіргі Қордай ауылы) туған. Ол да Панфилов дивизиясында 1941 жылы 16 қарашада қаза тапқан жиырма сегіз батырдың бірі. Сущев Степан Захарович, 1914 жылы Қордай ауданы Георгиевка селосында туған. Орталық майданның 60-шы армия, 112-ші атқыштар дивизиясының 416-шы полкінде взвод командирі болды. Қанды шайқастардың бірінде саптан шыққан рота командирін алмастырып, жаудың қарсы шабуылын тойтарғаны үшін батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Қырғызстанның Беловодск жүк автобазасында жұмыс істеді. Романютин Александр Иванович, 1924 жылы Қордай ауданы Георгиевка селосында туған. Артиллерист, Воронеж, 1- және 2-Белорусс, 1-Украин майдандарында соғысты. 1944 жылы Днепрден өтіп, жау плацдармын алу кезіндегі ерлігі үшін батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Алматыда тұрып, 2006 жылы қайтыс болды.
Панфилов дивизиясының атақты мергені, бір өзі 252 фашисті жер жастандырған Әбіл Нүсіпбаевтың да Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны туралы көмескі деректер бар. Әбіл екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен және көптеген жауынгерлік медалдармен марапатталған. Ол туып өскен Қаракемер ауылындағы орта мектеп Әбіл Нүсіпбаевтың есімімен аталады.
Сондай-ақ, сегіз тыл еңбеккеріне Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Олар: Алемский Николай Иванович — бригадир, Данияров Ыбырайым — жылқышы, Смағұлов Мәмбет — партия-совет қызметкері, Смаглюк Дмитрий Силович — бригадир, Старакожев Иван Александрович — қызылшашы, Самохваловна (Ботавина) Татьяна — темекі өсіруші, Хан Леонид Игнатьевич — агроном, кеңшар директоры, Рябинин Иван Гордеевич — былғары комбинатының жұмысшысы.
Ал, ауданда алғаш Ленин орденін алған Есбаев Ермекбай Жүнісұлы — ұстаз, партия-совет қызметкері. Мәскеу медицина институтының түлегі, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған атақты дәрігер Жәмила Қонақбайқызы Шурина да қордайлықтардың мақтанышы.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист.
МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ

Биыл Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 77 жыл толып отыр. Содан бері міне 77-шы көктем келді. Осы уақыт ішінде Отан қорғаған майдангер-леріміздің саны сиреп, бүгінде үш ардагеріміз ғана ортамызда. Соның бірі, Кенен ауылының тұрғыны КЕРІМҚҰЛ ҚОСАҚОВ жайлы сыр шертпекпіз.

Аңырақай қазақ тарихында тамыры тереңге тартылған әйгілі жер. Кейбір деректе қалмақ пен қазақ шайқасының соңғы орны деседі. Десе де желі бір тынбай аңырап тұратын дала мал шаруашылығына қолайлы еді. Шөбі шүйгін, суы мол мекенде отар-отар қой жайылып, қора толы қозы маңыраған қазақтың басына түскен ашаршылыққа дейінгі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған шағы еді. 1925 жылдың қақаған қаңтарында болашақ ұстаз, майдангер Керімқұл Қосақов Аңырақайдан ары Құлжабасы жотасында Қосаққора деген жерде дүниеге келген. Қосаққора әкесінің малы жайылған жер. Әкесі сол маңдағы бай-бағланның бірі болған. Қорасына малы симай жылда өрісі төлге толатын. Сол шақта ел арасы бұл жерді Қосаққора деп атап кеткен. Керімқұл қария дүниеге келген қаңтар айы өзгеше суық еді. Шешесі Күлиша 17 құрсақ көтерген батыр ана. Алайда сол ғасырдағы қазақ даласын жайлаған жұқпалы шешек, оба тағы басқа да аурудан 14 баласынан айырылған. Ағасы Керім мен әпкесі Шәрімнен кейін Керімқұл атамыз өмірге келген. Кейіпкеріміздің енді ес жияр уағы советтің солақай саясаты белең алып байларды кәмпіскілеу кезімен тұспа тұс келеді. Сол кәмпіскілеуге Қосақта ілінеді. Әкесін арбамен алып бара жатқан кез Керімқұл қарияның әлі көз алдында. Артынан ай өтіп, бес жасар Керімқұл анасымен еріп әкесінің артынан барады. Ол кезде әкесі Ақмолаға аттануға шақ тұрған. Тек баласының маңдайынан сүйіп үлгереді. Шешесі Күлиша ауыл жұртынан, малын баққан қойшылардан Қосаққа мінездеме жаздырып, оның тек жұртқа деген қамқорлығы ғана сезілгенін айтып, жәрдемдесуге жаны құмар жанашыр жан екендігін дәлелдеп, араға төрт ай салып Қосақты айдаудан босатады. Содан қайта оралған Қосақ отбасын алып жалғыз түйесіне киіз үйін артып, ескі танысын іздеп көрші қырғыз еліне аттанады. Бұл қазақ даласында ашаршылық басталған уақыт еді. Жол жөнекей қайыр сұраған халық, жер ауған жұрт. Ескі танысының қыстауында бір жылдай болып, одан ары қырғыздың Ақши жеріне табан тірейді. Сонда күнелтіп, бала-шағасын бағады. Кезінде қалған киім-кешекпен әшекейін сатып, барынан айырылады. Содан күндердің бірінде Қосақ пен Күлиша жейтін жемтік іздеуге кеткенде киіз үйінен көз жазып қалады. Келсе балалары бір сандықтың үстінде жатыр екен. Жаны қиналған отбасы көшкінге қайта салып, атамекені Аңырақайға оралады. Ауыл жұрты әкесін қашқын атап жұмысқа да алмайды. Күннен күнге күн көру қиынға соғады. Сол кезде бала Керімқұл темір жолда қайыр тілеп, елдің берген үзім-үзім нандарын жиып отбасына тасиды. Араға жыл салып Кіндіктас поселкесіне көшіп, сонда тұрақтайды. Әкесі жекеменшіктің сиырын бағып, балалары мектепке барады. 1937 жылы әкесі Қосақ дүние салады. Мектепті үздік оқыған Керімқұл төртінші сыныпты аяқтаған соң бесінші сыныпты оқу үшін Иірсуға келеді. Мұнда да жақсы оқып мектепті аяқтайды. Осы шақта соғыстың оты тұтанады. Ағасы Керім жоғары оқу орнын оқып, сол жерден соғысқа аттанады. Аттанғанда жазған хатынан кейін, еш хабар болмайды. Бұл уақытта Керімқұл колхозда жұмыс істейді. Сабақты жақсы оқығанының арқасында ол есепшілік мамандықты атқарады. Колхоз жұмысының алға сүйреуіне атсалысып, басшылықтың алғысына бөленеді. Жасы 17 толған уағында соғысқа шақыру қағазы келіп, соғысқа аттанады. Әуелі Фрунзе қаласына келіп, онда жаяу әскер курсына түседі. Қолында жақсы оқығаны, колхозда жақсы жұмыс атқарғаны жайлы қағазы бар ол командирлердің назарында болады. Мұнда біршама уақыт болып әскерліктің қыр сырын меңгереді. Шеңберлі уақыт таяғанда жаяу әскер курсанттары Мәскеуге сапар шегеді. Оның арасында Керімқұл Қосақовта бар. 1942 жылдың қазан айында Керімқұл Қосақов екінші Украина майданында 5-армияның 68-бригада, 8-мотомеханикалық корпусында пулеметшілер взводында көздеуші болып алғашқы ұрысқа да кіреді. Алдымен Харьковке дейін пойызбен келіп, одан әрі түн қатып жаяу жорықпен Днепрге жақындай түседі. Бұл әр тұста жаудың өзеннің шығыс жағалауына қарай өршелене ұмтылып жатқан кезі еді. Бұлардың корпусына Кременчуг қаласы тұсынан өзеннің арғы бетіндегі деревняларды немістерден босатуға бұйрық беріледі. Ол бұйрық лайықты орындалады. Көп ұзамай Александрия қаласы үшін алапат шайқасқа қатысады. Үш күндік теке-тірестен кейін қаланы жаудан тазартып, оның арғы бетіндегі немістер бекінген темір жол стансасын алуға аттанады. Міне, сол жорықта Керімқұл ауыр жараланады. Дала госпиталінде лайықты ем ала алмайтын болған соң, көптеген жанашыр жандардың көмегімен одан әрі пойызбен Барнаул қаласынан бір-ақ шығады. Тылдағы госпитальда жамбасқа қадалған оқты алып, екі ай емдеп, таяққа сүйеніп жүре алатын болғанда, қасына медбике қосып беріп, екінші дәрежелі мүгедектікпен елге қайтарады. Бұл 1944 жылдың ақпан айы болатын.
І дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері, бүгінде жасы жүзге таяған қария тағдырына риза.
М.ҚАРАБАЕВ

ЎМЫТПАЅДАР МЕНІ!
Тебіренісі де, тербелісі де білінбейтін ұлы мұхит төсіндегі өмір атты кемеде біраз тұрақтап, уақыты келгенде қаласа да, қаламаса да кемеден әртүрлі себептермен мұхитқа түсіп кетіп жатқан тағдырлар тұңғиыққа кетер. Бірақ, ең соңғы сәтінде «Ұмытпаңдар мені!» дейтіндей.

НӘЗІКЕ ҚАРАМОЛДАЕВ (Назаралы Құлмамбетұлы) ұлағатты ұстаз, ҰОС қатысқан ардагер, ІІ топтағы мүгедек.
1910 жылы 15 қазан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі бір күнде оба ауруынан қайтыс болып, атамыздың бала кезінен көргені жетімдік пен аштық екен. Жастайынан ауыл молдаларынан арабша оқып, төте жазуымен сауатын ашып, білім алған.
Ауылда атамды бәрі Нәзіке ағай деп атайтын. Құжатта да солай жаздырған. Екіншіден, жеңгесі Назаралы атамыздың атын атамай «Нәзіке» деп атап кеткен екен. Еңбек жолын сегіз жылдық мектептерде, яғни 1938-1940 жылдар аралығындағы кезеңде Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер, Күнбатыс, Қызылсай, Сортөбе ауылдарының мектептеріне шақырылып, сол жерде директор болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына дейін Жамбыл облысы Шу ауданының Белбасар және Үңгірлі ауылында 1934 жылғы 23 қазаннан 1938 жылғы 26 тамызға дейін мектеп меңгерушісі, мұғалім болып істеген.
Шу ауданының Белбасар ауылында мектеп директоры болып қызмет атқарып жүрген кезінде, яғни 1938 жылы Нәзіке атам да қуғынға ұшырайды. Сол кезеңде ағартушылық қызметтегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды жаппай көзін құрту саясаты орын алған. Ағартушылық қызмет атқарып жүрген оны «Алашорда үкіметінің жақтасы Ораз Жандосовтардың сыбайласысың» деген желеумен атпақшы болады. Сол кезде Социалисттік Еңбек ері, Шу ауданының беделді азаматының бірі Хати Сауранбаев атамыз сол өңірдің басшысы еді. Сол кісі көмек көрсетпегенде 1937-38 жылдардың құрбанына айналып кетер ме еді кім білсін? Тіршілікке ерте араласып, ел қатарына қосылғанда 1937 жылдың ауыр зұлматына тап болып, қуғын-сүргін көре бастаған соң жансауғалап қатар жатқан қырғыз еліне асып кеткенін айтып отыратын еді. (Сол жерде Хати атамыз түнгі уақытта жертөлеге жасырып, атқа мінгізіп, Қырғыз тауын асырып жіберген екен). Атам содан Қырғызстандағы туыстарында уақытша тұрып, кейіннен жасырын атпен Қордай ауданының Алға ауылына қайтадан келіп қоныстаныпты.
Атамның таяқ ұстайтын қолындағы бір саусағы жоқ, саусақтары бір жағына қарай қисайып тұратын еді. Ол солай болуы тиіс секілді көрінетін. Өйткені, таяқты да, басқа нәрселерді де ұстауға бейімделіп кеткен. Саусағы жоқ болса да сол қолдарынмен ине-жіп сабақтап, жүген-ноқта жасап, шалғы шыңдап, шөп шаба беретін атамыз. Аяғын сылтып баспағанымен неге таяқпен жүреді деп те ойлайтынмын. Мен көргелі таяқ ұстап жүрген. Бұрында таяқ ұстамаған екен. Таяқпен жүрген жүрісінің өзі әдемі болатын. Алдында жатқан нәрсені таяғымен іліп алып лақтырып жіберетін. Мүмкін өзінше, партия адамының бір стилі шығар деген де ой келетін кейде. Тап-таза костюм-шалбар, ақ жейде киіп жүретін. Басында қоңыр шляпа. Жазда ақ шляпасы болатын. Тақиясының ішінен беторамалын, жейдесінің мойнына беторамал салып қоятын.
Аяғы бұрында сынған шығар бәлкім, құлаған шығар деп сұрағанымда, аяғына оқ тигенін, оны ауыр операциямен алғанын айтқан болатын. Бұл зұлмат кезеңнен қалған белгі екен… «Саусағыңыз қайда кеткен? Әдемі медальдарды қайдан алдыңыз?» деп сұраймыз. Баламыз ғой.
«Белоруссия қаласының түбінде шайқастым, зеңбіректі сүйрету оңайға соқпады. Қасымдағы жауынгерлердің оққа ұшқаны көз алдымнан кетер емес. Ауыр зеңбіректі қалқан қылып жалғыз қалдым, қарасам бір саусағымнан айырылыппын. Сол маңда кетіп бара жатқан орыс жігіті жақын жердегі жараланғандарды қарайтын бекетке апарып, көмек көрсетті. Саусағым Белоруссияның түбінде, орманға жақын жерде қалды. Еее-е, бұл медальдарым Ұлы Жеңістің бір белгісі ғой!», деп терең күрсініп, бір сипап қоятын Нәзіке атамыз.
Жастайынан тағдыр талайына тап болған Нәзіке атамызды 1941 жылы кенеттен басталған сұм соғыс тағы сынға салған екен. 1941 жылғы 26 желтоқсанда Қордай аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, сол күні соғысқа аттанған. 1942 жылғы 30 қарашада Ресейдің Горький қаласында оң тізесінен ауыр жарақат алып, сол жерде госпитальда 1943 жылғы 19 маусымға дейін емделген. Ресейдің Смоленск облысында, Белый Клык ауылында аяғынан қайтадан оқ тиіп жараланған, Украина, Белоруссия майданына қатысқан. Не болса да елмен бірге көрдім деп жүргенінде, соғыстан ауыр жарақат алып, 1944 жылдың басында соғысқа жарамайтын болғандықтан, (бір саусағын оқ жұлып кеткен), елге ІІ топтағы мүгедек болып оралды.
Қаракемердегі нағашыларының үйіне барып, соғыстан соң сол жерде тұрады. 1944 жылы 5 шілдеде апамыз екеуі Қаракемерде үйленген екен. Алла берген 9 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірген. Апам Зәмзә да ауыл-аймаққа айтулы әншілігімен, суырып салма ақындығымен танымал болған аяулы жан еді. Апам мектепте биология сабағынан сабақ берген, ұстаз еді. Атамның қалтасынан партбилеттері мен мандаттары түспейтін. Партияның адамы болды. Атамның облыстан, ауданнан мерейтой сайын алып отыратын алғыс хаттары мен төсбелгілері көп еді. «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» «Жеңіске 20, 25, 30, 40 жыл» толуына орай берілген юбилейлік төсбелгісімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек Ері» төсбелгісі, «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» төсбелгісімен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен және көптеген басқа марапаттарға ие болған.
Соғыстан соң Қызылсай мектебінде директор болып, сосын 1946 жылғы 20 желтоқсаннан бастап 1969 жылға дейінгі аралықта Алға ауылының Д.Фурманов атындағы мектебінде (бұрынғы Жаңатұрмыс ауылында) директор болды. 1947 жылы Абай атындағы мұғалімдер институтына түсіп, 1953 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 1969 жылы 12 қыркүйекте зейнетке шықты.
Атамның арманы көп еді. Қандай қиыншылықта өмір сүрсе де, Құдайдың көкірегіне құйған нұр сәулесі жарқын күндерге жеткізіп, 84 жыл өмір сүрді. 84 жыл жер басып жүріп, бір рет қатты түшкіріп көрместен, аузынан бір де бір тісі түспеген қалпында 1994 жылдың 11 желтоқсанында «Меркі» шипажайында қайтыс болды.
Биыл Ұлы Жеңістің 77 жылдығы. Осынау бір Жеңіс тойы тойланған сайын жүрек түкпірінде сол жылдардағы атамның айтқан әңгімелері бір қозғалып өтеді. Атамның суреттері мен медальдарына қараған сайын «Ұмытпаңдар мені!» деген жаңғырық естіліп тұратындай…

Әсел НАЗАРАЛЫ, майдангердің немересі

ӘКЕ ТУРАЛЫ ТОЛЄАУ
Шіркін, уақыт-ай десеңші. Бүгінді ертеңге сіңіріп, ертеңді арғы күнге жылжытып, күндерді түндей түтіп, айлардың шаңын шығарып, жылдарды шыр айналдырып кетіп барасың. Әне-міне дегенше кешегі уыздай жас жігіттер мен қыздар бүгіндері шау тартқан шал мен кемпір болып қалыппыз.

Несін айтайын, мынау өмірді «бес күндік» деп өлшеп кеткен, одан қалса «қамшының сабындай қысқа» деген бабаларымыз қалай дұрыс айтқан. Сол бүгіндері өз басымызға келіп тұрған жоқ па?! Жасың ұлғайған сайын арғы-бергілі, өткен-кеткенді ойлап, ой таразысына салып, тіптен шама-шарқың азайған соң қиялшыл болып та кететін көрінесің.
Мен де бір кезде ата-анамның ортасында еркелеп өскен қыз едім. Үйдің кенжесі болғаннан соң ба, әлде аға-әпкелерім есейіп, сыртқа кетіп, үйде жалғыз өскендіктен бе, әйтеуір еркелеу болдым. Әке-шешем бетімнен қақпады. Әсіресе, әкем мені ерекше қатты жақсы көрді. Сол сезім, әке сүйіспеншілігі күні бүгінге дейін санамнан бір кеткен емес. Сол сағыныш мені ұдайы ілгері жетелеп, «менің де балаларым өз әкесін осылай жақсы көріп өссе екен», деген ой жиі мазалайтын. Халқымызда ата-ана, туыс-жақының туралы неше түрлі мақал-мәтелдер бар. Соның бірі «әкенің жақындығы жездедей-ақ», деген сөзге мен мүлдем қарсымын. Әке асқар тау, әке тірек, әке сүйеу, әке отбасының патшасы деп айтар едім. Оған дәлел ретінде мен өз әкемнің бізді тәрбиелеудегі, қызметіндегі тазалығы мен әділдігі, турашылдығы, ешкімге өктем сөйлемей, биязы әрі жұмсақ мінезімен-ақ қандай күрделі шаруа болса да шеше білетіндігі, сол үшін шығар оны айналасындағы адамдар сыйлайтындығы жиі еске түседі.
Әкем ТӨКЕНҰЛЫ ЖӘДІЛ 1912 жылы 1 мамырда дүниеге келген екен. Ол кезеңнің қандай болғандығын бүгіндері ешкім де көз алдына келтіре алмас. 1916 жылы азамат соғысы, 1917 жылғы революция-төңкеріс, Кеңес Одағы сапырылысқан сандаған өзгерістер әкемнің нағыз бал балалығымен тұспа-тұс келген. Одан беріректе халықты қынадай қырған ашаршылық, репрессия, коллективтендіру, Ұлы Отан соғысы тағы басқалары қара халықты есеңгіретіп, туған-туыстан, туған ел мен жерден ажыратып, тіптен адамдар арасында сенімсіздікті қоздырып, ағайынды бір-біріне жау етіп, талай білімді де біліктілер «халық жауы» болып кете барған жоқ па?!
Әкемнің әкесі Төкен атам ашаршылықта Шу өзенінен ары өтіп, қырғыздарға жалданып, жалғыз ұлы мен жан жарын асырау қамында жүріп, өзі сол аштықтың құрбаны болыпты. Әкеден жастай айырылып, ашаршылықтан ісіп кеткен анасын бағу қамында жан сауғалап жүріп күн кешкен екен әкем. Жастайынан зерек әрі алғыр болғандықтан алғашында Кеңес өкіметі енгізген жаппай сауаттандыруға ілігіп, өз білімін тез әрі сапалы жеткізіп алып, одан соң өзгелерге дәріс берген. Осылай жүріп-ақ «мұғалім бала» аталып кетіпті. Ұлы Отан соғысына шақырылғанда әкем Жәділ орда бұзар отыздан асып, бір ұл, екі қызды қалдырып, соғысқа аттанды. Сөйтіп, жоғарыда айтып кеткен сан қилы қиындықтардан соң оқ пен оттың ортасынан бірақ шықты. Алғашында атты әскер қатарында болып, кейіннен соғыстың әбден қызған шағында әскери байланысшы болыпты.
Әкемді бұрынғы Ново-Александровка жеті жылдық мектебіне директорлық қызметке жібергенде, сонда бастауыш сыныптарды оқытатын майдандас серігі болған Майлыш Ділдебаев екеуі бас қосып отырғанда соғыста болған оқиғалар мен түрлі қиындықтарын бір-біріне айтып, ұзақ отырушы еді.
«Тапсырылған әскери тапсырманы асқан жауапкершілікпен тиянақты орындағаны үшін қатардағы жауынгер Төкенов Жәділ «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталсын», деп жазылған әбден ескіріп, сарғайған куәлік қағаз сонау сұрапыл соғысты менмұңдалап еске салады. Бұл награданы берген уақыты 1942 жылдың наурызы екен. Әкеден қалған мұра сандықшаны ақтара берсең сан қилы оқиғалар мен аласапыран күндер санаға көмескі тартқан күдерді алып жетіп келіп тұрғандай болады екен.
Екінші «Қызыл жұлдыз» орденін менің әкеме 1943 жылдың қараша айында тапсырылған екен. Бұл жолы ол жауып тұрған оққа қарамай, мина қойылған жерлерден жол тауып өтіп, Днепр өзенін малтып өтіп, жаулар орналасқан жерлерге әскери телефон байланысын орнатқан үшін берген екен. Әрине, бұл айтқанға оңай болғанымен, өте қиын да қатерлі әскери тапсырма еді. Сондай нәтижелі орындалған әскери операциялардың арқасында сандаған әскерлер аман қалып, сандаған жаулардың көзі жойылып, Жеңіс күні жақындай түскені анық. Бұл екі орденнің алдында және соңында да өз міндеттерін ұқыпты және жақсы атқарғаны үшін «Соғыстағы ерен еңбегі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «За отвагу» және тағы басқа да медальдармен марапатталған екен.
Менің есім кіріп қалған кезден бастап жыл сайынғы 9-мамыр «Жеңіс күні» мерекесінде өткізілетін шерулер мен салтанатты жиындарға әкем мұнтаздай таза киімін киіп, орден-медальдарын кеудесіне тағып, ерекше бір көтеріңкі көңілмен кетіп бара жататын сәттері күні бүгінге дейін көз алдымда.
Соғыс аяқталып, аман-есен елге оралған соң әкем о баста елге «мұғалім бала» атанған кәсібін жалғастырады. Яғни, Қызылсай жеті жылдық мектебіне мұғалім болып орналасып, білімін одна әрі тереңдету үшін Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік мұғалімдерді сырттай оқыту институтының тарих факультетінің ең алғашқы тобының студенті болып қабылданып, оны 1952 жылы жақсы оқып бітірген.
Жоғары білім алған, өмір тәжірибесі бар орта жасқа келген мұғалім азаматты енді аудан ішіндегі мектептердің басшылық қызметтері күтіп тұрғандай екен. Алғашында Қызылсай, одан соң Күнбатыс, Керу орталау мектептерінің директорлығын тап-тұйнақтай атқарған маманды аудан басшылығы Қаракемер орта мектебіне директорлыққа жіберді. Бұл мектепте де нәтижелі жұмыс атқарып, 1972 жылы құрметті зейнетке шықты.
Әкем қырық жылға тарта ұстаздық жасап, көптеген мектептерде директорлық қызмет атқарғанда жүздеген шәкіртті оқытып шығарғанын зейнетке шыққанында есіне алып, айтып отырушы еді. Олардың ішінде елге танымал болып, әр салада түрлі қызметтер атқарғандығын ерекше мақтан ететін. Әсіресе, Кеңес Одағы кезінде биік мансапты қызмет атқарған Әбдірахман Мамашевті, бүгіндегі сексеннен асып қалған әскери дәрігер болған Есімқұл Халықбаевты, ҚР-ның мемлекеттік қайраткері, жазушы Әшірбек Көпішті, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхановты, зооветеринария саласындағы ғылым кандидаты атанған Сәрсенбай Қойшыбаевты, ғасырдың қатерлі обыры – рак ауруына ең алғашқылардың бірі болып ем тапқан ғалым-дәрігер Ғабит Үмбеталиевті, тағы басқа да түрлі еңбек майданында көзге көрінген талай шәкірттерін де ыстық көңілмен әңгіме етуші еді. Міне, осындай бар білімі мен жігерін келешек ұрпақтың өсуі мен өркендеуіне аямай жұмсаған, ешкімге дауыс көтерместен жұмсақ мінезі мен адамгершілігімен ғана үлкенді-кішілі педколлективтерді ұзақ жылдар бойы басқарған аяулы әкені қалай еске алмасқа.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздың абыройлы міндетті мінсіз атқарғаны үшін «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілген. Сондай-ақ, педагогика саласындағы жемісті еңбегі үшін аудан, облыс басшылығы тарапынан берілген мақтау грамоталары мен дипломдары қаншама. Өз заманында ел алдынан түспей, бойына құдай берген қасиеттерін ұрпаққа дарытып, әдептілігі мен мәдениеттілігін, парасаты мен білімін сарқа пайдаланып, ұстаз деген ұлы атаққа дақ түсірмей кеткен әкемді әркезде де есіме алып, аңсап кетем, сағынып кетем, жан әке!
Роза ЖӘДІЛҚЫЗЫ, зейнеткер

МАЙДАН ДАЛАСЫНДА 10 ЖЫЛ
Жәутіков Жаңабай Тілеужанұлы 1918 жылы Красный Октябрь колхозында дүниеге келіп, 1938 жылы әскер қатарына шақырылған. 1939 жылы орыс-фин соғысына қатысады. Ал, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Ленинградты азат етуге қатысқан. Екі бірдей соғысты көрген майдангер «Ленинградты азат еткені үшін» медалімен марапатталған.
Соғыс даласында жаудың қорғаныс құралдары және қаруларының орналасуы туралы мәліметтерді жинаумен айналысып, олардың 14 жаңа нысанын, траншеялары мен пулемет орындарын дер кезінде анықтауының арқасында артиллерия көмегімен жойып жіберуге қаруластарына мүмкіндік берген. Нәтижесінде жаудың 4 минометі мен артиллериялық қаруы, 6 дзот орны, 60-тан астам жауынгерінің көзі жойылған.
Жаудың артиллериялық шабуылына қарамастан өзінің жылжымалы бақылау пунктін тастамай, сонымен қатар пулемет ротасына командир болған Жаңабай Тілеужанұлының майдандағы жолы ерлікке толы. Кеудесіне тағылған «Ерлігі үшін» медалі соның айғағы. 1945 жылы Жеңісті Польшада қарсы алған Жаңабай Жәутіков, одан кейін жапон әскерлерімен соғысуға Халхин-Голға жолданды. Осылайша, 10 жыл майдан даласында жүрген жауынгер елге тек 1947 жылы оралған.
Туған жерге келіп еңбек майданына араласып, шаңырақ көтеріп, 8 бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты әке. Еңбек жолында колхозда бригадир қызметін, одан кейін түрлі басшылық қызметте болған. Майдангердің
«Ұлы Отан соғысы», «Даңқ» ордені және т.б. көптеген марапаттары ұрпақтарының қолында көздің қарашығындай сақтаулы.

АРНАЙЫ ЖАСАЌ ЖАУЫНГЕРІ
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 77 жыл толып отыр. Адамзат тарихында миллиондаған адамдардың өмірін жалмап, талай тағдырларды талқан еткен сұрапыл соғыс ретінде есте қалған қан майданда қаншама жерлестеріміз жер жастанды, аман келгендерінің бірқатары мүгедек болып оралды. Ал, сол тағдырдың жазуымен елге емен-сау жеткендері еңбек майданында тер төгіп, ел дамуы үшін сүбелі үлесін қосты. Олардың барлығы отандастары үшін батыр атанды. Бүгін, шын мәнінде батырлығымен, қайтпас қайсарлығымен ерекшеленген жан турасында сөз етпекпіз. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдікерім Әлімбетов.

Осы бір қарапайым ғана қазақтың қара шалы ортамызда жүргенде оның Ұлы Отан соғысы ардагері екенін білетінбіз. Бірақ оның сол соғыста жүріп өткен жолынан, көрсеткен ерлігінен бейхабар екенбіз. Елдің бәрі оны «партизан» деп атайтын. Олай деп неге айтатынына да жете көңіл аудармаппын. Енді міне ол кісінің дүниеден өткеніне көп жыл өткен соң қолыма тиген құжаттарын қарап отырып, қандай жауынгер болғанына көз жеткізгендеймін. Осыдан 70 жыл бұрынғы жазылған, сарғайып, жұқарған құжаттар майдангердің өмірінен сыр шерткендей. Мына бір әскери мінездеме (Боевая характеристика деп жазылған) оның «Выбух» деген арнайы жасақта 21.09.1944 жылдан 19.02.1945 жылға дейін болғанын, оның бұл жасаққа бұған дейін соғысқан бұрынғы Польшаның «Барбара» деген партизан жасағынан келгені жазылып, сол жерде неміс басқыншыларына қарсы соғысып, өте күрделі диверсиялық тапсырмаларға қатысып, жасағымен бірге жаудың 5 паровозын, 63 жүк тиелген вагонын, 816 сарбазының көзін жойғаны жөнінде жазылып, «Алимбетов Әбдикеримнің ұрыста қиындықта жол таба білетін (в бою отважен и находчив) батыр екендігі жазылған. Қол қойған командирі майор Довгалев, штаб бастығы Рубцов», деп 19.02.1945 жылы жазылған.
Ал енді мына бір құжатта Алимбетов Әбдікерімнің «Выбух» партизан жасағы таратылғаннан кейін 28 ақпан 1945 жылдан 19 маусым 1945 жылға дейін Станислав облысы Богородчан ауданындағы арнайы жасақта неміс-украин ұлтшылдарына (Бендеровшыларға) қарсы соғысқаны жазылған.
Елдің шетінде, жаудың шегінде жүріп ерлік көрсеткен бұл қазақ кім еді? Оның аты-жөні Әлімбетов Әбдікерім Сәлімбайұлы. Ол 1922 жылы Қордай ауданының Байтас ауылында Мадияр деген жерде дүниеге келген. Ата-бабалары Жетісу өңіріне таныс атақты шынжыр балақ, шұбар төс Байтас байдың ұрпағы Олжабай және Бектенбай әжілер еді. Бабалары құдай берген дәулетінің арқасында Меккеге қажыға барып, құдай жолын ұстаған, медресе ашып қазақтың қара баласына хат танытқан, жүйрік ат ұстап қазақ- қырғызға олжа салған, кедей, кембағалдарға қамқор болған кісілер еді. Заман өзгеріп, елді қызылдар басқарып, байларға зобалаң келіп малдарын кәмпескелеп, өздерін жер аударғанда Әбдікерім бар жоғы 8-9 жастағы ойын баласы еді. Бұлардың малдарын алғанмен, өздерін бақылауда қалдырды, бірақ, бай құлақтың тұқымы деген атақ алды. Сол кезді есіне алғанды жарықтық онша ұната бермейтін. Бар айтары: «Е, небір қиыншылықты көрдік қой, мал кетті, малдан соң ашаршылық келді. Ел қынадай қырылды. Аман қалғаны қырғыз асты, жете алмағаны тау-таста ит пен құсқа жем болды. Әсіресе жас балалар мен кәрі құрттаңның аштықтан бұратылып жүре алмай жолдың шетінде шалажансар қалып бара жатқанын көргенде…» деп көзі жасаурап, сөйлей алмай қалушы еді. Содан қырғыз өттік. Одан Қасық деген (Талаптыға) жерге қазақтар қайтыңдар деп (откочевник дейтін) айдап алып келді дейтін. Сол жерде әке-шешемді жұмысқа салды. Содан бір күні қауіпті ауру тарап әке-шешем де өліп қалыпты. Көмейін десем, шамам жоқ. Елдің бәрі біз сияқты аш-жалаңаш. Ешқайсысынан қайыр жоқ. Содан неде болса топырақтың астында қалсын деп тоқал тамның төбесін бұзып, дуалын құлатып көмгенсіп, екі етекті белге түйіп, ел қайдасың деп осы Партсъезге (бұрынғы ауыл) келдім. Сөйтіп жүріп ел түзеліп, колхоз құрылып, әйтеуір адам болдық қой, дейтін.
1941 жылы соғыс бастағанда Әбекең 19 жасқа толған еді. Алғашқы шақыртумен оны 1941 жылы тамыз айында әскерге әкетті. 55-ші запастағы атқыштар полкында пулеметчик болды. Одан 8 дивизияның 988 атқыштар полкына қосып, 1941 жылдың қыркүйек айында қол пулеметімен соғысқа кірді. Украина майданында соғысты. 1943 жылы май айында жау бомбасының астында қалып, жараланып госпиталда ұзақ емделген соң Әбекеңді КГБ-ның арнайы жасағына алып, оны 1944 жылы Польша жеріне жау тылына «Барбара» деген партизан отрядына жібереді. Сол жерде жүріп поляктар, чехтар, словактармен бірге Польша және Чехословакия жерін басқыншылардан азат етуге атсалысады. Кейіннен «Барбара» жасағы «Выбух» деген партизан жасағына қосылады. 1945 жылы ақпан айында Совет армиясына Чехословакияны азат еткен соң «Выбух» партизан жасағы таратылып, Әбекеңді арнайы жасақпен Батыс Украинаны бендерлерден (ұлттық фашистік ұйым) тазалауға соғысқа жіберді. Ол жерден 1945 жылы шілде айының соңына қарай оны әскерден босатып елге жіберді. Елге келген біраз жыл Отар станциясында темір жолда еңбек етті. 1953 жылы мұғалімдер даярлайтын педучилищеге түсіп, оны бітіріп елге келіп мұғалімдік қызмет атқарды. Математикадан сабақ берді. Кейіннен соғыста алған контузияның әсерінен жеңілірек жұмыс, деп еңбек пәнінен сабақ берді. Зейнетке шыққанша өмірін Кенен ауылындағы бұрынғы С.М.Киров атындағы мектепке арнады.
Анда-санда соғысты еске алатын. Жеңіс мейрамдарында өзінің майдан жолдарынан айтып беріп жүрді. Әсіресе партизан жасағыңдағы жорықтарынан айтып берді. Кейбіреулер сенді. Кейбіреулер сенбеді. Сенбегені өтірік мақтанып жүр, деп ойлады.
Зейнетке шыққан соң қарап отырмай қарулас жолдастарын іздестіре бастады. Украинадағы, Ресейдегі архивтерге хат жолдады. Еңбегі зая кетпепті. Украинаның Волын облысынан Шарков Владимир Федоровичты, Днепропетровскіден Белан Алексей Адамовичт деген достарын тауып, олармен хат хабарласып тұрды. Қош майдандағы қарулас жолдастық 40 жылдан соң ұлы достыққа айналды. 1990 жылдың сәуір айында сонау Украинадан Шарков Владимир Федорович Әбдікерімді іздеп Кенен ауылына келді. Қарулас достар мәре-сәре болып бірімен-бірі құшақтасты. Әбдікерім Владимирді 3 күн бойы жібермеді. Қазақы ғұрып бойынша арнайы мал сойылды, дастархан жайылды. Әбекең досының құрметіне үлкен той жасап, ауылдағы соғыс ардагерлерін, ақсақалдарды, туған-туыстарын, бала-шағасын шақырды. Ертесіне ауылды аралатып, мектепке апарды. Оқушылармен кездесу өткізді, өзінің туған жері Мадиярды көрсетті. Владимир Федоровичте өз кезегінде өздері соғысқан партизан жасағының жорық жолдарының картасымен таныстырып, Әбдікерімнің сол майданда көрсеткен ерліктерінен айтып берді. Сонда ғана ауылдастары оның көзсіз батыр екендігіне көздері жетті. Орталарында осындай батыр жүргенін мақтаныш етті. Досын үлкен құрметпен үстіне манап жауып шығарып салды. Кейіннен де хат алысып тұрды. Ал Белан Алексей Адамович болса Әбекеңе мейрам сайын құттықтау жіберіп, хат жазысып тұрды.
Әбекең шындығында батыр еді. Кейбір ұнамаған істерді көрсе бетің бар жүзің бар демей айтып салатын. Ауылдың тіршілігіне араласып ауыл әкіміне сын ескертпелерін айтып отыратын Әбекең ауылдағы имандылық үйі мешіттің ашылуына белсене кірісті. Аудан әкіміне кіріп рұқсатын да алып келіп, сол кездегі колхоз төрағасынан мешітке бос тұрған ғимаратты бергізуді талап етіп, ақыры мешіт ашып елді имандылыққа шақырды. Әбекең 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздік алғанда жүрегі жарылардай қуанып, балаша мәз болғанына куә болдық. 1992 жылы аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне «Құтты болсын» деген мақала жазып, қуанышын жыр шумақтарымен өрнектеді. Сол мақаласын үзінді келтіре кетейік:
«Айналайын қазағым! Өз алдыңа мемлекет болып, ел қатарына қосылғанымыздың бір жылдық мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.
Ту тігілді қазақта, құтқарды құдай азаптан,
Құтты болсын бар тілек, жәрдемелі болсын Жаратқан.
Босағаны бекітіп, мығымдай түссе болаттан,
Тілге, дінге жол беріп, су аққандай бұлақтан
Нұрсұлтандай мырзаға, тілейміз өмір ұзақтан
Бізді де Тәңір құтқарды-ау
Тағдыр құрған азаптан» — деп тебрене жырлады.
1994 жылдың 15 тамызында Елбасы Кенен ауылына келгенде ол кісімен бір дастархан басында отырып, оған тәуелсіз ел болғанымызға қосқан ерен еңбегі үшін алғыс айтып, батасын берді. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Әбекең 2 Ұлы Отан соғысы орденімен, көптеген медалдармен марапатталған.
Әбекең өмірлік қосағы Зағипа анамызбен 45 жылдай ұзақ бақытты ғұмыр кешіп 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан 17 немере 8 шөбере сүйді… Ұлдарын ұяға орнықтырып, қыздарын қияға ұзатты.
Тумақ барда өлмек бар. Мәңгілік дүние жоқ. Әбекеңде де бұл дүниеден татар дәм-тұзы таусылып 2003 жылы 81 жасында бақилық болды. Жаның Жаннатта болсын қарт жауынгер!

НАЄАШЫ АТАМ МАЙДАНГЕР
941-1945 жылдар аралығында Кеңес Одағы мен Германия арасында өткен Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі әрі шешуші кезеңі ретінде тарихта мәңгілік қалды. Ұлы Отан соғысына Қазақстанда әрбір отбасынан кем дегенде бір адамнан шаққанда, барлығы бірнеше мыңдаған адам ұрысқа аттанған. Қаншама отбасы – бірі отбасының тірегі – отағасынан, бірі жалғыз ұлынан айрылып еңіреп қалған. Отан үшін от басып, ажалмен арпалысқан ардагерлердің ерлігі бүгінгі бейбіт күнді, тыныш заманды сыйлады. Сондықтан елім деп еңіреген, жерім деп қару асынып, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан батырлар ерлігін әсте естен шығармау баршаға парыз.
Осынау Ұлы Отан соғысына менің нағашы атам да қатысқан. Саржан Шолпанбаев 1899 жылы Қордай ауданына қарасты Чоқпар совхозында (қазіргі Көгадыр ауылы) туған. Ол ескіше сауат ашқан, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған. Анасынан ерте айырылған нағашы атам тағдыр тауқыметін көп тартқан. Ол жастайынан еңбекке араласып, совхозда белсенді еңбек еткен. Ол өзінің бойына дарыған қасиеттері – еңбекқорлығы, ақыл-парасатының арқасында көпшілікке үлгі бола білген. Совхоздағы жастарды еңбекке, игі іске баулып, олардың патриоттық сезімін оятып, дұрыс жолға тәрбиелеген.
Сөйтіп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қолына қару ұстай алатын жастағы азаматтар Отан қорғау үшін майданға аттанған. Сол Отан қорғаушылардың тізіміне менің нағашы атам Саржан Шолпанбаев та ілінген. Ол тайсалмастан Отан алдындағы борышын адал орындауға белін бекем байлаған.
Атам Саржан Шолпанбаев 1941 жылы майданға алғаш аттанғандардың бірі. Ол қатардағы жауынгер ретінде 68-армия 192-дивизияның 490 атқыштар полкінде әскери міндетін атқара жүріп, Ресей, Украина, Беларусия, Литвадағы майдандарға қатысқан. 1943 жылғы 11 тамызда Смоленск маңындағы Терентьево деревнясын жау қоршауынан босатқаны үшін «За отвагу» медалімен марапатталған. Сұрапыл соғыста Отанын қара ниет дұшпандардан азат етемін деп жүріп, 1944 жылғы қараша айында ауыр жарақаттанып, денсаулығына байланысты 1945 жылы еліне қайта жеткізілген.
Ауыл тұрғындарының айтуынша нағашы атам Саржан Шолпанбаев өзінен соғыс жайлы сұраған кісілерге көзіне жас алып былай деп жауап беріп отырады екен: «Соғыстың несін айтайын, Отан үшін неміс фашистерінің шапқыншылығына қасқая қарсы тұрып, от пен оқтың ішінде болдық. Жан-жақтан жауған оқ, дәл қасыңа құлаған снаряд, айналаңда өртенген жер. Жарақат алған майдангер, қыршын кеткен боздақтар. Осының барлығын көре тұра «Жау келді!» деп артқа шегінген жоқпыз. Отан үшін қасық қанымыз қалғанша шайқастық. Сендер соғыстың не екенін білмей-ақ қойыңдар, шырақтарым!»
Өкінішке қарай, нағашы атамды көрмегенмін. Өйткені мен дүниеге келгеннен екі айдан кейін Отан соғысының ардагері Саржан Шолпанбаев атам мәңгілік сапарға аттанған. Бірақ, нағашы атамды нағашы әжем мен анам, туыстары жиі еске алып, мінезін соғыс қатайтқанын, бірақ жақындарына мейірімді, қамқор, жанашыр болғанын айтады. Әрине, жанына соғыс салған жазылмайтын жарақаттар оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткені де анық.
Нағашы атамның жүріп өткен ерлікке, еңбекқорлыққа өрілген өмір жолы оның ұрпақтары мен қалың елі үшін үлгі-өнеге. Себебі ол Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында адамзаттың қас жауы – фашизмге қарсы шығып, халықтың Ұлы Жеңіске қол жетуіне үлкен үлес қосқан ардагерлердің бірі.
Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толды. 9 мамырда барша халық болып жат жерде Отан үшін жанын шүберекке түйген аға ұрпақтың ерлігіне құрмет көрсетіп, рухына тағзым етеміз. Майдангер ерлердің ұрпақтары да батыр аталарын есіне алып, оларды мақтан етеді.

Құралай АҒЫБАЕВА,
ҰОС ардагері Саржан Шолпанбаевтың немересі,
ҚР Мәдениет қайраткері.

ЖАНЫ ЖАЙСАЅ ЖАН ЕДІ
1945 жылы Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанымен, бұл жеңіс оңайға соққан жоқ. Қаншама боздақтар майдан даласында қаза тапты. Қаншама сарбаздар жарақат алып, елге мүгедек болып оралды. Солардың бірі Қасық (бүгінде Әлжан ана) ауылынан Әбдібаев Башан еді.

Қордай өңірінде Башан Садықанұлын білетіндер аз емес. Әсіресе, Әлжан ана және Қайнар ауылының егде тұрғындары оның жоғары адамгершілік қасиеттерін, қиын күндерде көмек қолын созған мәрттігін ұмытқан жоқ. Жақсы адамдарды елі осылай жадында сақтайды. Қанды қасап соғыстың өрт жалынында шыңдалып, өмірдің бағасын, адамдармен қарым-қатынастың мәнін терең біліп оралған ол үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін. «Әке-көкелеп» кім-кімнің де көңілінен шығуға құмбыл еді. Біреудің сыртынан ғайбат сөйлеп көрмеген, барлық адамды өзіндей көріп, сый-құрметін аямайтын-ды. Содан да жұрт оны жақсы көрді, жайсаң мінезімен, жақсы істерімен елдің есінде қалды.
Башан фашистік Германиямен соғыс басталардан екі жыл бұрын жасы кәмелетке толып, әскерге шақырылған болатын. Фин соғысына қатысты, Эстонияның Тарту қаласында немістермен болған соғыс қимылдарының бел ортасында әскери өнерге машығын жетілдірді. Енді бірер айдан соң елге ораламыз деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, олар қызмет еткен әскери бөлім бірден қорғаныс шебіне жіберілді. Аға лейтенант Башан Әбдібаев Ленинград майданында рота командирі болып көптеген ұрыстарға қатысты. Қаншама мәрте ажалмен бетпе-бет келіп, талай қаруластарының көз алдында оққа ұшқанына, қанға бөгіп, майып болғанына куә болды. 1943 жылғы бір сұрапыл шайқаста аяқ-қолынан бірдей ауыр жараланды. Госпитальда ұзақ емделіп, қайтадан жауынгерлік сапқа тұрмақшы еді, дәрігерлік комиссия әскерге жарамсыз деп тауып елге қайтарды. Сөйтіп, екінші топтағы соғыс мүгедегі Башан Садықанұлы омырауына «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін, көптеген медальдар тағып туған табалдырығына оралды.
Майдан даласындағы қан-қасап өз алдына, елдегі халық шаруашылығы да зор ауыртпашылыққа ұшыраған кез еді бұл. Ер азаматтардың бәрі майданда, ауыл тірлігі қарттар мен әйелдердің, белі қатпаған балалардың қолында қалған. Шаруашылық ісін ұтымды ұйымдастыратын білікті басшылар да жоқтың қасы. Башан үйде ұзақ отыра алмады. Оның орта білімі мен соғыста болып өмір көрген тәжірибесі ескеріліп, «Талапты» колхозы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал, колхоз басшысы ол кезде Сабатанов Жетпісбай болатын. Башан көп ұзамай оның жалғыз қызы Күлиманмен көңіл қосып, отбасын құрды. Аталы-балалы олардың бір ұжымда қатар басшылық етуі ережеге томпақ келгендіктен, күйеу жігіт Благовещенка ауылдық кеңесіне төраға қызметіне жіберіледі. Бес жылдан аса осы елді мекеннің тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге бар білімі мен біліктілігін аянып қалмады.
1950 жылы Башан отбасымен туған ауылына қайта оралып, Қасық мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жастарға дәріс береді. Ол табиғатынан елгезек, кез келген істі тез игеріп алатын ерек қабілетті болатын. Ұжымдық шаруашылықта шикізат өнімдерін дайындаушы болып істеген кездері де болды. 1965 жылдары Қасықта «Талапты» тұқым кеңшары құрылды да, оның директоры Борис Петрович Шахтың ұсынысымен Башан шопан таяғын қолына алады. Содан ұзақ жылдар ол шаруашылықтың маңдай алды малшысы қатарында жыл сайын құрметке бөленіп, 1980 жылы абыроймен зейнетке шықты.
Башан бес ағайынды еді. Әкпесі Мүсілім де өз бақытын қарапайым еңбекпен сомдаған біртоға жан болды. Озат темекішілер бригадирі ретінде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне Мәскеуге барған, жездесі Сәду болса қан майданнан қайтпай қалған. Башанның ағасы Әбдірайым да соғысқа қатысқан, інісі Асқар «темір тұлпарды» тізгіндеген механизатор, қарындасы Жәміш те өсіп-өнген әулеттің отанасы болды.
Күлиман Жетпісбайқызымен отау құрған елу жылда Башанның да шаңырағы шалқып, балалы-шағалы болды. Төрт ұл, тоғыз қызды өмірге әкелген зайыбы кеңес үкіметінің «Батыр ана» орденін өңіріне тақты. Күлиман бастапқыда кітапханашы болып жұмыс істесе, кейіннен біржолата бала тәрбиесімен үйде болды. Шүкір, солай мәпелеп өсірген ұл-қыздарының әрқайсысы бүгінде өз алдына шаңырақ көтеріп, өздері ата-әже атанып отыр. Тұңғышы Жұман әкенің шопандық таяғын қабылдап алса, Мұрат жол құрылысында жұмыс істеді, Қатыш пен Бағлан медбике, Айтжан ауыл әкімі, Қайрат кәсіпкер болды. Башан мен Күлиманның немерелері мен шөберелерінің арасынан да көптеген мамандықтың иелерін табуға болады. Мұғалім, дәрігер, кәсіпкер, әскери қызметші, банкир, туған жер төсін түлетіп жүрген шаруагер дейсің бе, бәрі бар.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген, бүгінде Башан да, Күлиман да, олардың тығыз араласқан Сәрсен Қожантаев, Қошан Көшербаев, Ойшы Шынтасов, Омарқұл Жетібаев, Бұтан Бәзілов, Рахымбай Әлімбаев тәрізді құрбы достары да қазір өмірде жоқ. Дегенмен артында олардың өнегелі өмірін орынды мақтан ететін ұрпақтары бар.
-Әкеміздің биыл жүз жылдығы, ол соғыста алған жарақаты салдарынан 1991 жылы дүние салған еді, — дейді Башанның ұлдарының бірі Айтжан Әбдібаев. -Бұйырса, ел басына төнген мына бір індеттен құтылған бойда ас беріп, атап өтетін боламыз. Біздің осылай алшаңдап жер басып жүргеніміз өмірге әкелген ата-аналарымыздың арқасы, олардың кешегі сұрапыл соғыста елін жаудан қорғап қалған ерен ерлігі мен тылдағы жанқиярлық еңбегінің арқасы екенін ұмытуға хақымыз жоқ…
Айтжанның өзі де әке жолын қуып туған ауылында жиырма жыл әкім болып, абыроймен демалысқа шыққан атпал азамат. Зейнеткермін деп қарап жатпастан, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде ауылдастарының мүддесіне қатысты шаруаларға белсене араласып тұрады. Жиырма жыл ауыл әкімі болған оның білетіні көп. Зайыбы Рәзия екеуі әкеден қалған қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып, лайықты ұл-қыздар тәрбиелеп отыр. Жалпы, Әбдібаевтар әулетінің кез келгені кешегі соғыстың қаһарманы, бейбіт еңбектің майталманы болған Башан Садықанұлы Әбдібаевтың ұрпағы екенін мақтан тұтады.
Құрманбек Әлімжан, журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.