18 қазан күні Қордай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге жұмысқа мұқтаж азаматтар, оның ішінде: алимент бойынша үш айдан астам берешегі барлар, пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрғандар, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар азаматтар және жас мамандар қатысты.
Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 60 мекемеден түскен 152 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде білім саласы бойынша 42, денсаулық сақтау саласы бойынша 8, заң саласы бойынша 2, өзге де әртүрлі жұмыстар бойынша 100 бос жұмыс орындары болды.
Екі қолға бір күрек іздеп келген тұрғындарға 6 мекеме бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 103-тен астам азаматтың ішінен 67 азамат тұрақты жұмысқа, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, пробация қызметінде тіркелген 2 азамат тұрақты жұмысқа жолданды және барлық жұмыссыз азаматтар бос жұмыс орындарымен танысты.
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.