«Бизнес Бастау» жобасының басталғанына бірнеше жыл болды. Бағдарламаның игілігін көріп, кәсіп ашқандар да баршылық. Десе де, бөлінетін қаржының аздығынан ба, қолдаудың жетіспегенінен бе, ашылған кәсіптің көпшілігі жыл өтпей тоқырауға ұшырайды. Биылдан бас¬тап жобаға жаңа толықтырулар енгізілді. Ендеше «Бизнес Бастау» жобасына бөлінетін 1 мил¬лион 225 мың теңге кәсіп ашуға жете ме? Жоба басталғалы 5 жыл ішінде қанша адам кә¬сіп бастады?
«Бизнес бастау» жобасы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Ал «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыздықты азайту және монополист команияларға бәсекелестік тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету мақсатында ұйымдастырылған. «Бизнес Бастау» жобасы нақты жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған. 5 жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негі¬зін оқып, 53 мың бизнес-жоба жүзеге асырылды. Яғни, «Бизнес Бастау» жобасының әр үшінші түле¬гі өз кәсібін бастаған. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд теңгеден аса салық төледі.
– Бүгінде біздің ішетін тамағымыз, киетін киіміміз, сатып алып жатқан әр техникамыздың бәрі – импорт. Біздің ел шикізат көзіне айналып кеткен. Басқа мемлекеттер шикізатты бізден са¬тып алып, өңдеп, өзімізге қайта сатып отыр. Одан мемлекетіміздің экономикасы өспейді. Біз тек басқа мемлекеттердің табысын арттырып жатырмыз. «Бизнес Бастау» бағдарламасы ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыруға ар¬налған жоба, – дейді экономист Ғалымжан Керімбек.
ГРАНТ БЕРУ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ
Биылдан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Жобаға тіркелу наурыз айының соңында басталады. Оқу ұзақтығы – 21 күн. Қатысушы оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін бұл қаржы 584 мың теңге болатын. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар грант ала алады. Бизнес тренер Бибігүл Кәкімжанқызының айтуынша, биыл Business.Enbek деген жаңа портал іске қосылады. Бұл портал арқылы кәсіп ашамын деген азамат өз категориясын анықтай алады. Бұрын үміткерлер жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, одан кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан оқу басталғанша жолдамаларын күтетін. Жаңа порталдың тиімділігі – осы процестерді жеңілдету.
– Қазір халықтың арасында жобаға деген сенім азайған. Олар қағаз жинап әр мекеменің табалдырығын тоздырып, кезекке тұрудан шаршады. Сондықтан ұтқан гранттарды да сайтқа салып отыру керек. Ал өзгерістерге сай 29 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы аналардың ішіндегі атаулы көмек алатындар, әлеуметтік осал топтағы АЕС алатындар ғана жобаға қатыса алады. Мұндай өзгерісті шектеу деп қабылдаймын. 30-дан асқан азаматтар¬дың да бизнес ашқысы келеді, – дейді Бибігүл Кәкімжанқызы.
Бұрын бизнес тренерлер үміткерлерді сүйемелдемейтін. Салдарынан кәсіпті енді бастаған адамдардың ынтасы тез қайтатын. Жаңа өзгеріске сай бизнес тренер бір жыл көлемінде кәсіпкерге қолдау көрсететін болды. Айта кету керек, жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаржыға үміткер бола алмайды. Гауһар Жанәділ былтыр мемлекеттік қайтарымсыз грант алмақ болып, «Еңбек» бағдарламасымен үш айлық тігін курсын оқыған. Алай¬да ол жаңа талаптарға сай кел¬меген.
– Сертификатымызды алып, грантқа өтініш тапсырайық десек, «жылдың соңы, грант бітті. Келесі жы¬лы келіңіздер» деп арқамызды қағып шығарып салған. Биыл наурыз, сәуір айынан бастап беріледі де¬генді естіп құжат тапсырайын деп барсам, бағдарламаға өзгерістер енгізіп тастапты, – дейді Гауһар Жанәділ.
БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ЖЕТЕ МЕ?
Инфляция деңгейі мен азық-түлік бағасы, ғимаратты жалдау ақысы сағат санап өскен тұста бизнес бастауға миллион теңге жете ме? Кәсіп ашқысы келген жастардың идеясы көп, бірақ қолдары қысқа. Сондықтан да бизнес бастауға ұсынылатын жобалардың басым бөлігі кондитерлік кәсіп пен тігін шеберханасынан ары аспайды. Айтпақшы, қайтарымсыз гранттан алған қаржыңызға ғимараттың жалдау ақысын төлеуге болмайды, тек құрал-жабдықтарды ғана төлей аласыз. Еңбекақы да бұл тізімге енбейді. Сонда қалтаңызда соқыр тиыныңыз жоқ болса, құр грантпен кәсіп ашамын деу жұмсартып айтсақ, көзсіз, тіпті ақталмайтын тәуекел. «Бизнес Бастау»-ды оқыған Назираның айтуынша, жобада «бармақ басты, көз қысты» көп. Бірі көкесіне сеніп, екіншісі алған ақшасының «жартысын беремін» деп келісіп, тегін ақшадан құр қалғысы келмейді екен.
– Алған қайтарымсыз грантыма инкубатор ғана сатып алдым. Ал қалған шығынның барлығын өзіміз қалтамыздан шығардық. Сондық¬тан кәсіп ашуға 500 мың теңге жетпейді. Қазір бөлінетін қаржыны миллионға өсті деп жатыр. Бірақ мен алған инкубатордың бағасы да екі есе өскен. Алатын қарапайым жемнің өзі күн санап қымбаттап келеді, – дейді Назира Қасанғалиева.
Фотосалон ашқысы келетін жастар көп. Бірақ студияны жалдау кемі айына 150 мың теңге, ал сапалы фотоаппараттар 500 мың теңгеден басталады, түсіретін жарық пен ондағы қосымша интерьерға да бірнеше жүз мың кетері анық. Ендеше бұл жоба жұмыссыздарға екі қолға бір күрек тауып бергенімен, кәсіптің өркен жайып, отандық нарықты қамтамасыз етуіне жетпейді.
– Осы күнге дейін біз санға жұмыс істеп келдік. «Бизнес Бастау» жобасы аясында жыл сайын 30-40 мың адамға 500 мыңнан берілді. Бірақ жүзеге асқан жобалар санаулы. Ашылған бизнестің көбі жыл өтпей жабылып қалады. Яғни, сапа жоқ. Ал егер осы 10 мың адамға бе¬ретін қаржыны мың адамға бергенімізде, сәйкесінше қаржы да көбірек тиер еді. Нәтиженің де болары сөзсіз, – дейді экономист Ғалымжан Керімбек.
ГРАНТТЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР
Бес жыл ішінде «Бизнес Бастау» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін іске асырылған жобалардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашылған жобалардың көпшілігі, шамамен 80 пайызы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі. Дегенмен өз сиырын өзі сатып алып, тегін ақшадан құр қалмайын дейтіндер де бар. Жоба ұйымдастырушылары құжатты қанша қиындатса да, қайтарымсыз грантты алып, тиімсіз пайдаланғандар да жоқ емес. Мұндай жағдайда жоба ұйымдастырушылары кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданып, грантты өндіріп алуға құқылы. Жақында Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Борисевичке асфальт сыпырып, қар тазалауға арналған агрегат ойлап тапқаны үшін мемлекеттен грант берілген. Ал облыстық Кәсіпкерлік басқармасы ақшаны тиісті мақсатқа игермегені үшін сотқа берді.
Бес жылдан бері кедейліктің төмен шегіндегі мұқтаж жандарға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақ¬сы қолдау болды. Бірақ осы жылдар ішінде бағдарламаның кемшіліктері де байқалды. Ең негізгі кемшілік – грант қаржысына қадағалаушы мекемелер тарапынан дұрыс бақылау болмады. Кейбір жандар есепшотына түскен соманы бірден қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа мақсаттарға жұмсаған. Мәселен, грант қаржысы бұрынғы қарыздарын жабуға кетті, той өткізіп, смартфон сатып алғандар да бар. Бұл бір жағынан көп адамда қаржылық сауат жоқтығын білдірсе, екінші жағынан – мемлекеттің қаржысын тегін үлестіріп жатқандай көрген масылдық психологияның көрінісі.
Иә, «Бизнес Бастау» жобасы – екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер үшін күнкөрістің қамы. Бірақ үлкен нарыққа шығудың кілті емес.