ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ

0

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Бүгінге дейін облыс бойынша 610 кездесу өтсе, оның 20-сы аймақ басшысының қатысуымен ұйымдастырылған.
Бұл жолы облыс әкімі Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
Алдымен Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылындағы Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездескен Нұржан Нұржігітов сан сауалға жауап беріп, мәселелелерді шешу бойынша жоспарлы шараларға тоқталды.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Лесбек Түгелбайұлы өздерінің аудан орталығынан алшақ орналасқандықтарын, талай жылдан бері бұл ауылға облыс әкімі алғаш рет келіп тұрғанын айтып, ризашылығын жеткізді.
Өзге де қарабастаулықтар ауылға газ тарту, Билікөл көлінің су деңгейін сақтау, су каналын күрделі жөндеуден өткізу, жайылымға қатысты мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы барлық сұраққа нақты жауаптар берді.
— Ауылда оң өзгерістер аз емес. Газ тарту жұмыстары қолға алынады. Қазіргі таңда құжаттары әзірленуде. Мемлекеттік сараптамаға жолданды. Келер жылы құбыр жүргізу шаралары басталады деп жоспарлануда.
Жалпы, 2025 жылға дейін облыстағы халық саны 200-ден асатын барлық ауыл газға қосылатын болады.
Билікөл суының деңгейінің төмендеп кетпеуі – біздің басты назарымызда. Жалпы, мемлекет тарпынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Ол әрбір шаруаға жетуі тиіс десек, бұл жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру ауыл әкімінің міндеті.
Биыл субсидия көлемі 60 пайызға артып отыр. Мақсатымыз ереже талаптарына сай келетін шаруаларды барынша қолдау, шығындарының бір бөлігін өтеп беру, — деді Нұржан Нұржігітов. Дәл осындай кездесу Нұрлыкент ауылдық оркругінде де өтті. Ондағы тұрғындар жаңа мектеп соғу, спорт кешіні мен алаңшасын салу, округке қарасты Түктібай елді мекеніне таза ауыз су тарту секілді мәселелерді алға тартты.
Облыс және аудан әкімдері бұл мәселелердің алдағы жылдары шешімін табатынына сендірді.
— Жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу. Сіздер көтеріп отырған мәселелер біздің бақылауымызда. Ашығын айту керек, барлық шаруа бірден атқарылады дей алмаймыз. Дегенмен, облыстың даму жоспар-жобасы бойынша жұмыстар әлеует пен мүмкіншілігімізге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Бұл ретте билік пен халықтың өзара сенімі, ортақ түсінігі бәрінен маңызды. Біз бір-бірімізді қолдай білсек, айтарлық нәтижеге қол жеткізе аламыз,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Басқосулар қорытындысымен көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізу үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесулерден соң облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.