ЖЕТІНШІ СЪЕЗДІҢ АРҚАЛАҒАН ЖҮГІ ҚАНДАЙ?

0

Жақында елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Рухани және моральдық тәрбиені насихаттап, дінаралық және өркениетаралық диалогты қалыптастыруда маңызды алаң саналатын бұл форумның мәні жоғары екені анық. Ал биыл жетінші рет ұйымдастырылатын съездің ерекшелігі неде? Құндылығы мен басты қағидаттары қандай? Қазіргідей геосаясат пен саяси оқиғалар күн сайын құбылып, сәт сайын өршіп тұрған уақытта мұндай диалог алаңының берері не? Жалпы, Жаңа Қазақстан құруға қадам жасап жатқан еліміз үшін осындай халықаралық кездесулердің пайдасы қандай?

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте елорда төрінде өтті. Содан бері әр үш жыл сайын, яғни 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдерінің басын қосты. Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан 2021 жылы өтуге тиіс айтулы іс-шара кейінге шегерілген еді. Ал биыл қыркүйекке белгіленген съезге әлемнің 60-тан астам елінен 130-ға жуық делегация келеді деп жоспарланып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Съезд әлемдік қоғамдастықта кең танылып, қазақстандық сыртқы саясаттың танымал брендіне айналды. Конгрестің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларымен ерекшеленеді», деп бұл ауқымды іс-шараның Қазақстан үшін салмағы мен жауаптылығын айшықтап берді. Биылғы съездің басты ерекшеліктерінің бірі – оған Рим Папасы Франциск қатысады деп күтілуде. Естеріңізде болса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысуға шақырған ресми хатын өткен жылы Ватиканға сапары кезінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев тапсырған еді.
Сондай-ақ биылғы онлайн конференция барысында Мемлекет басшысы католик шіркеуінің басшысы Францискті Қазақстанға шақырғаны есімізде. Әңгіме барысында Рим Папасы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда әлемдегі бірлік пен келісімге қол жеткізудің айрықша маңыздылығын атап өтіп: «Біз сіздердің елдеріңіздің қаншалықты жан-жақты және тату екенін көріп отырмыз. Бұл – тұрақтылықтың негізі. Қазақстанның мұны түсінгеніне қуаныштымыз. Менің қолдауыма сенулеріңізге әбден болады, мен сіздердің еңбектеріңізді бағалаймын», деген еді.
Рим Папасының діндер форумы аясында елімізге сапары Қазақстан үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз. Оның үстіне, бүкіл жаһан жұртының назарында жүрген Рим Папасының Қазақстанға арнайы келуі саяси салмағы бар оқиғаға баланары тағы бар. Сол себепті католик шіркеуінің басшысы Францисктің елімізге сапары алдағы съездің әлем елдері алдында маңызды оқиға ретінде ерекшелеп, ең бастысы – Қазақстанды конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілетудің ең ұтымды алаңы деп атауға жол ашады.
Алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне шақырылған қонақтардың бірі – Патриарх Кирилл. Орыс Православ Шіркеуінің басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезге шақыру хатын Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Мәскеу қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде тапсырған еді. Осы кездесу барысында Аса Қасиетті Патриарх Кирилл Қазақстан Президентіне съезге қатысуға шақырғаны үшін алғысын жеткізіп, еліміздің дінаралық диалогты жаһандық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жоғары бағалады.
Съездің маңыздылығын атап өткен БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос бұл жиынды «орнықты және қауіпсіз әлем құру үшін қоғамдағы діннің рөлін халықаралық деңгейде өзара талқылау» деп бағалаған еді. Өткен жылдың қазан айында Нұр-Сұлтанда өткен Съезд хатшылығының ХІХ отырысында ұйымның жоғары өкілі: «Бұл бірегей платформа саясаткерлерге, діни көшбасшыларға, халықаралық, аймақтық ұйымдарға және барлық мүдделі тараптарға поляризацияланған әлемде конфессияаралық диалог пен тұрақты даму мәселелерін ұжымдық түрде талқылауға жақсы мүмкіндік береді. БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы VII съезд жұмысына белсенді түрде қатысады», деген пікірін ортаға салды.
«Айтулы форум елімізге нақты қандай пайда әкелмек?» деген сұрақ тұрғысынан келер болсақ, әрине халықаралық іс-шара Қазақстанның әлем алдындағы абырой-беделін нығайта түсері анық. Қазақ жері әу бастан-ақ ұлтаралық татулық пен діни тұрақтылықтың, толеранттылықтың символына айналған. Екіншіден, конгресті өткізу арқылы еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығы арта түседі деген үміт те жоқ емес. Осы тұрғыдан келгенде Рим Папасы Францисктің қазақ топырағына сапары бұған отандық туризм үшін де бір серпіліс болары анық. Өйткені Еуропаның бірқатар әлеуеті мықты елдері католицизм дінін ұстанады. Ал Қазақстанға сапары аясында Рим Папасының Діни көшбасшыларының үнсіз дұғасы, кейбір діни жетекшілермен жеке кездесулер мен Қасиетті месса – Рим Папасы Францисктің уағызы жоспарланған. Осының барлығын ескерсек, оған Орталық Азияның өзінен сан мың адамның қатысары анық.
Дәстүрге айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің биылғы тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» деп аталады. Екі жыл бойы бүкіл дүние жүзін үрейде ұстап келген пандемиядан кейін өткелі отырған ауқымды форумның осы мәселеге арналуы да тегін емес. Әлем елдерін экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-рухани тұрғыдан есеңгіретіп кеткен індет адамзаттың моральдық құндылығы мен діни наным-сеніміне де селкеу түсіргені сөзсіз. Сол себепті пандемиядан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жиын ең алдымен жаһан жұртының рухани қайта қалпына келуіне, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлін кеңінен талқылауға қолайлы форум екені анық.
Ал VII Съездің секциялық отырыстарының тақырыптары ретінде «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі», «Діни лидерлер мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қосқан үлесі», «Әйелдің әл-ауқатқа және қоғамның тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» секілді секциялық кездесу тақырыптары ұсынылып отыр.
Съездің басты маңызына тоқталған Сенат Төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай дәл қазіргідей алмағайып заманда жалпы адамзаттық құндылықтардың девальвацияға ұшыраған уақытында үлкен бір ақылдасу, кеңесу алаңының қажет екенін алға тартты. «Халықаралық форум – әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосып отырған үлкен әрі маңызды қадам. Қазіргідей күрделі кезеңде әлемге, ең бірінші өзіміздің елге тыныштық пен тұрақтылық, береке-бірлік қажет. Кез келген дәстүрлі діннің басты миссиясы да осы – адами құндылықтарға қол жеткізу. Сондықтан съездің Қазақстанда және дәл қазіргідей уақытта өтуі, әлемдегі ең беделді дәстүрлі дін жетекшілерінің қазақ топырағына аяқ басуы саяси әрі рухани тұрғыдан да үлкен жетістік», деді ол.
Бибігүл Жексенбай форумның Қазақстанның бейбіт өмірді, татулықты қалайтын ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін іс-шара екенін де атап өтті. Ол сонымен қатар Рим Папасы Францисктің съезге қатысатынын ресми растағанын айта келіп: «Рим Папасының әр қадамы бүкіл әлемнің назарында. Оның әлемдік саясаттағы рөлі үлкен. Сондықтан Рим Папасының Қазақстанға келуі елдің имиджі үшін аса маңызды. Сол себепті Қазақстанның аймақтағы ғана емес, бүкіл әлем бойынша татулық пен тұрақтылықтың, толеранттылықтың үлгісі ретінде қабылдайтынына сенім мол», деді.
Сенат Төрағасының кеңесшісі қазіргі таңда дүние жүзінде саяси-экономикалық тұрақтылықпен қатар, татулық пен бейбіт өмірді сақтап қалу аса маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. «Бүгінде «бейбіт өмір» деген тіркес жай сөз болып қабылданбайды. Кез келген мемлекет, кез келген халық үшін бейбіт өмір, татулық ең бірінші кезекке шықты. Маңызды дүниеге айналды. Сондықтан Рим Папасының келуі, өзге дінбасылардың жиналуы әлемнің ең басты сұранысына жауап деп айтуға болады», деді Б.Жексенбай.
Сарапшы Қаңтар оқиғасынан кейін бүкіл әлемде еліміз туралы түрлі ақпараттардың тарағанын да айтады. «Мұндай ақпараттар әлі де тарап жатыр. Сондықтан Рим Папасының келуі, съездің өтуі күдігі көбейген көзқарастарды сейілтіп, Қазақстанның халықаралық имиджін қайтадан тұрақтандыруға, жақсартуға бағытталған қадам деп бағалауға болады. Еліміз әртүрлі санкцияларға ілініп кетпеуі, инвестиция легі тоқтап қалмауы үшін, туристердің елімізге көбірек келуі үшін де бұл аса маңызды сапар», деген ол алқалы жиынның еліміз үшін нақты пайдасын тізбелеп берді.
Б.Жексенбай ерекше тоқталған тағы бір тұсы – Съезд арқылы Қазақстанның дәстүрлі ислам дінін әлемдік әрі халықаралық деңгейде қорғайтын негізгі алаңға айналып отырғандығы. Бұл жөнінде ол: «Шыны керек, қазір ислам дінін түрлі терроризммен, түрлі теріс пиғылдағы ұйымдармен, секталармен байланыстырғысы келетін жайттар өте көп. Бірақ оның шынайы дәстүрлі исламнан алшақ дүние екенін осы Съезд арқылы тағы бір мәрте дәлелдеп көрсете аламыз. Қазақстанның дәстүрлі ислам канондарын қорғайтынын әлемге тағы да паш ете аламыз. Ал халқымыздың ұстанатын негізгі діні дәстүрлі ислам болғандықтан бұл дінге қатысты кез келген сұрақ біз үшін өте маңызды», деді. Сөз соңында Б.Жексенбай елімізде қаншама дәстүрлі діндер өмір сүріп келе жатса да ешбір діннің бір-біріне қырғи-қабақ танытпауы Қазақстанның ортақ бір шаңырақтың астында бірлесе тіршілік ете алатын әлемдік моделін қалыптастыра алғанын да ерекше айтып өтті. «Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі мол. Ал оның жүріп өткен жолы – өзгелерге үлгі болады. Сол себепті де Съездің маңызы жоғары, рөлі ерекше», деді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар «Съезді ұйымдастырудағы мақсаттың бірі – Ислам дінін терроризммен байланыстырудың қате екенін көрсету» дейді. Наиб мүфтидің пікірінше, бұл іс-шара ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
«Халықаралық аренада экстремизм мен терроризмді болдырмау, жат ағымдардың жолын кесу жөнінде жұмыстар талқыланып келеді. Сондай-ақ съезд – рухани және моральдық тәрбиені насихаттауда таптырмас құрал. Әр отырысында қоғамның моральдық рухани негіздерін нығайту бойынша маңызды ұсыныстар айтылып келеді. Рухани, моральдық құндылықтар құлдыраған заманда мұндай талқылаулар бізге өте қажет», дейді ол.
Алдағы съездің әлемдік өркениетте алатын орны ерекше екеніне тоқталған Ершат Оңғар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосатын мұндай диалог алаңы жоқтың қасы екенін де айтып өтті.
«Ислам діні Алланы тануға үндей келе өзге діндердің ойын құрмет етуге шақырады. Ал қазақ – ежелден бірлікті насихаттап, ынтымақты болуға үндеген халық. Халқымыз «Бірлік түбі – береке» деп, бірлік пен бауырластықтың қоғамның барлық саласында маңызды екеніне мән берген. Бүгінде сол игі дәстүрді жаңғыртқан қазақ елі көптеген ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналды. Діні мен тілі, салт-дәстүрлері бөлек болса да тағдырлары бір мекенде тоғысып, Қазақстан атты бесікте тербелген халықтар достығы әлемге өнеге болуда», деді сарапшы.
Ал Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің ел астанасында дәстүрлі түрде өтуін «еліміздің саяси беделінің көрсеткіші» деп бағалайды. Оның айтуын-ша, мұндай жиындардың еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтуі Қазақстанның халықаралық саясаттағы өзіндік рөлін одан сайын айқындай түседі.
«Дипломатия мен сыртқы саясатта «саяси астаналар» деген түсінік бар. Мәселен, әлемде қаншама мемлекеттер мен олардың астаналары болғанымен, санаулысы ғана осындай халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде танымал. Қазіргі таңда біз Жаңа Қазақстанды құруға қадам бастық. Мұны Жаңа Әлемді құруға деген құлшынысымыз деп білуіміз керек. Себебі ескі рудиментке айналған адамзат дамуы мен өміріне кедергі деструктивті қақтығыстар мен жанжалдардың келелі түйінді шешімдерін тапсақ дейміз. Ал бүгінгідей геосаясат пен гибридті саяси құбылыстар өршіп тұрған сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды», дейді ол.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айна Қабылова әлемде туындап жатқан этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар аясында өзара диалогты нығайтудағы бірегей қазақстандық тәжірибе жаһандық деңгейде сұранысқа ие екенін алға тартты. «Сондықтан елордамыздың дін көшбасшыларының тұрақты бас қосатын орны мен ізденетін диалог алаңына айналуы кездейсоқ емес», дейді А.Қабылова.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаты – бейбітшілік, келісім мен толеранттылықты адам болмысының мызғымас қағидалары ретінде бекіту, мемлекеттер арасындағы өзара сыйластық пен толеранттылыққа қол жеткізу, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстарды, зорлық-зомбылық пен дұшпандық әрекеттерді өршіту үшін пайдаланудан аулақ болу.
Сонымен қатар өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісім дәстүрлерін нығайту мен болашақ дінаралық саммиттердің идеологиясы мен тұжырымдамасын келісілген, объективті және сауатты дайындау бағытында съездің атқаратын рөлі ерекше. Діндер арасындағы жаһандық диалогқа жәрдемдесіп, өзара түсіністік пен сыйластықты терең-детеді. Жек көрушілік пен экстремизм идеологиясына қарсы тұру ретінде төзімділік пен өзара сыйластық мәдениетін дамытады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – діндер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, осы биік мақсатқа қол жет¬кізуге ықпал етіп, рухани құндылықтарды ілгерілетуде іргелі рөл атқара алады деген сеніміміз мол», деді тақы¬рып төңірегінде ойымен бөліскен профессор.
Әңгіме барысында А.Қабылова діннің саяси және мемлекеттік процестерге араласпайтынын тағы бір мәрте түйіндеп берді. «Өз кезегінде мемлекет діни бірлестіктердің өміріне араласпайды, олардың әлеуметтік, ғұрыптық, тәрбиелік және басқа да міндеттерін толыққанды жүзеге асыруы, қоғамдық өмірге терең араласуы үшін либералды жағдай жасайды», деді сарапшы. Ол сондай-ақ, Қазақстан халқының әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрметтеп, қолдап, заманауи зайырлы мемлекет құрып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстанда әртүрлі діндердің, мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің бай, тарихи баға жетпес тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берілген. Бұл өз кезегінде ел тұрғындарының басым бөлігінің ұқсас құндылық бағдарларының қалып-тасуына, конфессияаралық келісім мен өзара сыйластықтың толерантты атмосферасын құруға ықпал етті», деді ол.
СӨЗ СОҢЫ. Жетінші съездің арқалаған жүгі әрине, ауыр. Әлемде болып жатқан оқиғалар, саяси тұрақсыздық пен қақтығыстар, дүние жүзін үрей-дің уысында ұстаған пандемия… Осының барлығы алқалы жиынның маңыздылығын арттыра түсері анық. Тек артылған жүктің артында үлкен жауапкершілік тұрғанын да естен шығармағанымыз жөн.

Бану ӘДІЛЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.