МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

0

Елімізде медициналық сақтандырылған азаматтарға да медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бұл туралы таяудағы Жолдауында ел Президенті ашық айтып, былық жайлаған саланы қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы Үкіметке ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді жүктеді. Салада басқа да реформалар пісіп-жетілді. Алайда игі өзгерістердің басында жүруі тиіс Медициналық сақтандыру қоры реформаларға түрткі емес, тежеу болған көрінеді.
Қазақстанда 4 миллионнан астам адам медициналық сақтандырудан сырт қалды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) дерегінше, бүгінде 15,5 миллион адам осы жүйемен қамтылған. Қазақстан халқының саны биылғы тамызда 19 млн 644 мың адамнан асты. Яғни, кем дегенде 4,1 млн адам жүйеге ене алмады. Бұл жерде ӘМСҚ-ға жарна аударатындар арасында елімізде тұрақты тұратын, еңбек ететін шетелдіктер де барын ескерген жөн. Ендеше бұл жүйеден тыс қалған адамдардың саны төрт мил-лионнан да көп болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың дерегінше, МӘМС жүйесі енгізілгелі сала шығыны 80 пайызға ұлғайды. 2022 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,2 трлн теңге бөлінген. Оның 852 миллиарды – МӘМС, қалғаны кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) аясында бағытталды.
Қынжылтатыны сол, қаражат тасқыны күрт артқанымен, көмек сапасы тек төмендеп барады. Нәтижесінде, қоғамдағы ауыр сын ел басшылығының құлағын шулатқанға ұқсайды.

АҚЫСЫН ТӨЛЕП,ҚЫЗМЕТ АЛА АЛМАЙДЫ
Салада түйткілдер жетерлік. Заңгер, эксперт, заң ғылымдарының магистрі Динара Саду бір әділетсіздікке назар аудартады. Оның айтуынша, «Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру туралы» заңда егер бір адам бірнеше жерде жұмыс істесе, ол соның бәрінде медсақтандыру жарнасын төлеуге міндетті деп жазылмаған.
«Электронды Үкіметтің 1414 байланыс орталығынан кеңес алғанымда, оператор бір тұрақты жұмыс орнынан жарна аударылса жеткілікті деген. Алайда Медсақтандыру қорының 1406 байланыс орталығының маманы барлық жұмыс орныңыздан жарна төлеуге тиіссіз деді. Тұрақты жұмыс орнымда жұмыс берушім өз жалақымнан қорға онсыз да қомақты сома аударады. Бұған қоса, лицензия алып, адвокаттықты бастап, артынша тастағанмын, бірақ сол үшін де ай сайын 4 200 теңгеден аударып тұруым керек. Бұл шектен шыққандық емес пе? Қор неге менен ай сайын бірнеше жарна алады? Тегін медициналық қызметін тұтынып отырған жоқпын. Өйткені емханада не дәрігер жоқ, не оның қабылдауына шұғыл жазылу қиын. Амалсыз, ақылы клиникаларға жүгінемін», – деді Д.Саду.
Заңда бір адам түрлі қызметпен айналысса, бірнеше жерде жұмыс істесе, соның бәрінен медсақтандыру жарнасын төлесін деген норма жоқ. Алайда практикада шенеуніктер қазақстандықтарды барлық табысынан қорға қаражат аударуға мәжбүрлейді.
«Заңда жазылмаған екен, онда азаматтың барлық жұмыс орнынан МӘМС жарнасын төлеуді талап ету заңсыз. Бұл тіпті Конституцияға қайшы. Себебі осы арқылы азаматтардың құқығы бұзылып отыр. Қынжылтатыны сол, біздің мемлекетте кім жұмыс істесе, көпбалалы аналардың, сотталғандардың, балалардың, зейнеткерлердің және басқа санаттардың жүктемесін сол көтеруге мәжбүр. Алайда өз жарналарымның есебінен өзіме сапалы, тегін медициналық көмек алуыма мүмкіндік бермейді. Бұл әділеттілік пе? Егер сол жарналарымның бәрі есепшотымда жатса және дамыған елдердегідей, қандай клиникаға, қай кезде жүгінетінімді өзім анықтасам, дәрігерді де өзім таңдасам, онда жарнаны барлық жалақымнан қуана-қуана аударар едім. Ал оның игілігін көре алмағандықтан әрі оның құмға сіңіп жатқанын түсінгендіктен, еш ынта қалмайды», – деп қамығады заңгер.
Шымкент тұрғыны Әйгерім медициналық сақтандырылған мәртебесіне ие, жұмыс берушісі ӘМСҚ қорына ай сайын жарнасын аударып тұрған. Енді оның қызығын көрер кез келді.
«Қазір аяғым ауыр. Жүктіліктің 31 аптасындамын. Жауапты ана ретінде денсаулығымды күтуге тырысамын. Тұрғылықты жерім бойынша емханамда есепке тұрдым. Алайда содан бері бірде-бір рет тегін ультрадыбыстық зерттеуден (УДЗ) өте алмадым. УДЗ және басқа зерттеулерден ақылы өтуге тура келеді. Себебі 31 апта ішінде емхана УДЗ және басқасына тір¬кемеді. Жазба қашан жүргізілетіні де белгісіз», – деді болашақ ана.
Сорақысы сол, МӘМС жүйесінде медсақтандырылған азамат та өзі қалаған кез келген клиникаға не дәрігерге бара алмайды: тек өз емханасында, ары кетсе, жазба болса, медсақтандыру қоры жеткізуші мәртебесін берген клиникаға ғана жүгінуге рұқсат. Ал ондай медициналық ұйымдардың саны тым аз.

ӘКІМДЕРДІҢ ҚОЛЫ ҚЫСҚА
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Ашуев денсаулық сақтауды қаржыландырудың артуы МӘМС жүйесіне медициналық қызметтердің жаңа жеткізушілерін тартуға мүмкіндік берді дейді. ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде осы қормен тікелей шарттар жасап, 2022 жылы 1 409 жеткізуші медициналық қызметтер көрсетеді: оның 680-і немесе 48 пайызы – мемлекеттік, 729-ы (52%) – жекеменшік ұйымдар. Яғни, қор жеткізуші мәртебесін берген, ТМККК мен медсақтандыру аясында қызмет көрсете алатын 1,4 мың емхана-аурухананы 19,6 миллион қазақстандыққа бөлсек, оның әрқайсысына 14 мыңдай адамнан келеді. Басқаша айтқанда, жүйеге тартылған медициналық ұйымдардың жүктемесі тым ауыр.
Оның үстіне, олар қор бөлген ақшаны тез арада игеріп қояды. Ем алушыларды тиісті мамандарға жазбауының себебі да содан болса керек. Жеткізушілер қаражатты игеріп болған соң ары тегін қызмет көрсетпейді. Салдарынан мемлекеттік емханалар өз пациенттеріне жолдама бере алмайды. Осыдан кейін халық үшін медкөмектің қолжетімділігін арттыру, оның сапасын көтеру туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Қызмет көрсетуші ұйымдардың қаражатты жұмсауы да айқын емес. Қосып жазу көп. Азаматтар өзіне әлдебір клиниканың әлдебір ем-дом жүргізгенін кейін біліп, қайран қалып жатады.
Қазақстандық гематолог-дәрігерлер қоғамының төрайымы Ирина Пивоварованың пікірінше, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына бірнеше фактор теріс әсер етеді. Бұлар – саланы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, тиімсіз тарифтер, ТМККК және МӘМС пакеттерінің дұрыс бөлінбеуі. Талдау және болжау орталығы болуы қажет: ол сала сарапшыларымен бірігіп, саланы дамытудың негізгі мәселелерін анықтағаны, шешімін ұсынғаны жөн. Сарапшының пікірінше, қор медұйымдарды жете қаржыландырмайды. Бірақ МӘМС жүйесіне түсетін халықтың жарналары бұл мәселені бәрібір шешпейді.
Сондықтан жүйені реформалау маңызды. Әйткенмен, жаңғыруларға қордың сарапшылары қарсы шығып жүр. Мысалы, тәуелсіз сарапшылар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) медсақтандыру қорынан алып қойып, әкімдерге беруді ұсынды. Себебі, айталық Арал, Байқоңыр маңындағы елді мекенінде созылмалы сырқаттар саны көп. Тұрғындармен күнделікті көрісетін әкімдер өз жұртына қандай медициналық көмек керек екенін жақсы біледі. Жергілікті қалалық емханада тиісті көмек ала алмаған жергілікті жұртшылық әкімдікке шағым айта барады. Әкім болса, шарасыз қол жаяды. Себебі денсаулық сақтау ісін қаржыландыру оған бағынбайды, орталықтағылар шешеді.
Сондықтан ТМККК-ны орталықсыздандыру ұсынысы таяуда ӘМСҚ-ның Қоғамдық-консультативтік кеңесінде қаралды. Оған қатысушылар ТМККК-ны әкімдікке беру туралы бастама көтеруіне болар еді. Бірақ керісінше қарсы шықты.
«Кеңес мүшелері ТМККК-ны қаржыландыруды өңірлік деңгейге беру жөнінде түрлі пікір айтты. Қоғамдық-консультативтік кеңес мүшесі Данияр Калиев мұндай реформа денсаулық сақтау жүйесінде соңғы жылдары қол жеткізілген оң үрдістерді жояды деген пікір білдірді. Кеңестің басқа мүшелері айтқан пікірлер де ұқсас: олар ТМККК бойынша қызметтердің бір бөлігін жергілікті деңгейге беру идеясын да қолдамады. Осыған байланысты ҚКК мүшелерінен ұсыныстарды жинап, оларды Денсаулық сақтау министрлігіне беру туралы шешім қабылданды» деп хабарлады Медсақтандыру қоры.

ЕРІКТІ САҚТАНДЫРУҒА
ДАЙЫНДЫҚ ҚАЖЕТ
Қалай болғанда, сала түбегейлі жаңғыруларға зәру. Оған Президенттің пәрмені бар. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) шығыстарын қаржыландыруды қайта қарайтын болды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі проблемаға айналғанын, кесірінен азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылса да оларға медициналық қызметтер толық көлемде көрсетілмейтінін сынады. Осыған орай министрлік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарайды және жаңа іс-шараларды іске асыруды ұсынады», – деді министр Ажар Ғиният.
Оның түсіндіруінше, бірінші¬ден, ТМККК шығыстарына жыл сайын шамамен 200 млрд теңге қосымша бағыттау және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын мемлекеттің жарналарын арттыру мәселесі пысықталады. Яғни, қор байығалы тұр. Екіншіден, қаражатты әкімшілендіруді оңайлату және оны тиімді пайдалану үшін ТМККК мен МӘМС жүйесі пакеттерінің қаржылық ағындарын заң жүзінде бір пакетке біріктіру жоспарланып отыр.
«МӘМС жүйесі аясында ерікті медсақтандыруды іске қосу үшін ол арқылы қаржыландырылатын медициналық көмектің бағыттары, сондай-ақ ерікті медсақтандыру қаражатымен өтелетін қызметтер тізбесі айқындалатын болады. Бұған қоса, шетелдіктер, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттер үшін «жүктелген медициналық сақтандыру» (вмененное медстрахование) түрі заңнамада бекітіледі және іске асырылады», – деген министр А.Ғиният ерікті сақтандыру нақты қашан өмірге жолдама алаты¬нын айта алмады.
Қорыта айтқанда, медици¬налық сақтандырудың қолданыстағы жүйесі толыққанды тиімділігін көрсете алмай отыр. Салдарынан азаматтардың да, мемлекеттің де денсаулық сақтау шығындары тоқтаусыз артып барады. Бұл жүйе әлеуметтік кернеуді күшейтетін теріс факторлардың көш басынан орын алмауы үшін ахуалды тез түзеген абзал.
Елдос СЕНБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.