Таңқурай өсіріп табысқа кенелген

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауларында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру аясында егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін қосалқы жер телімдерін тиімді пайдалануды қажеттілігін атап өткен болатын. Бірнеше жыл бұрын көпшілік бизнес дегенді «сатып алу-сату» екен деп түсінсе, бүгін ауыл тұрғындарының көбісі жеке қосалқы шаруашылықты қолға алып, ауладан шықпай-ақ табыс табуға болатынына көздері жетіп отыр.

Шағын ғана жер телімінен мол өнім алып, пайда табуға болатынына Қарасай батыр ауылының тұрғыны Раиса Васильевна Уткинаның тәжірибесі дәлел.
-Жерің, қолың және жұмыс істейтін ниетің болса жағдайым нашар деп қалай айтуға болады, — дейді Раиса Васильевна.
Бірнеше жыл бұрын ол өз қажеттілігі үшін оншақты түп іріжемісті және ремонтантты таңқурай көшеттерін отырғызған болатын. Жидек бұталары қосымша бұтақ жіберіп, артыла бастады. Осылайша Раиса Васильевна көшеттер аумағын ұлғайтуды қолға алды. Қазір жалпы 15 сотық жердің 2 сотығында таңқурай өсірілуде. Жазда жемісі, көктем-күзде көшеттері, қыста тосабы сұранысқа ие аталмыш жидек шағын бизнестің ең тиімді түрі.
-Мен жермен айналысып, өсімдік өсіруді жақсы көремін. Еңбек ету маған үлкен қуаныш сыйлайды. Бір орында отыра алмаймын. Екіншіден, зейнетақыға қосымша табыс табамын. Көшет отырғызу бәрінің қолынан келеді, дегенмен сапаға ден қоятындар аз. Егер биыл жақсы көшет немесе дәмді жидек сатсаң, келесі риза болған сатып алушы өзімен достарын, көршілерін, туыстарын ертіп келеді, — дейді Раиса Васильевна.
Маусым кезінде тыным таппайтын Раиса Васильевна уақытының бәрін бақшада өткізеді. Жұмысын жақсы көретін адам, оны қиналмай жасайды дейді бақшашы. Жыл сайын ол жидекке арналған аумақты ұлғайтып, ескі бұтақтарды кесіп, орнына жас көшеттерді егеді. Сонымен бірге мол өнім алу үшін таңқурайды жиі суғарып тұру қажет, бұл, әсіресе, аптап ыстықта маңызды шара болып табылады. Өнім алынғаннан кейін (қыс түскенге дейін) бұтақтарды кесу қажет, ал көктем келе салысымен бақша жұмыстары қайта басталады. Осылайша, таңқурайға жыл бойы күтім керек.
-Өсімдікке балаға қарағандай қарау қажет, — дейді Раиса Васильевна. Жұмысы көп болғанымен, оларды өсіру қызықты іс.
Жалпы аумағы 15 сотық бақшада қызанақ, картоп, қияр, қырыққабат, баялдыдан басқа, гүлдеп тұрған неше түрлі гүлдер көздің жауын алады… Жайнап тұрған бақта алма, алмұрт, өрік, жүзім өсіп тұр. «Биыл алма ағаштары «демалып» тұр», — дейді Раиса Уткина.
Бақшасынан жиналған табиғи таза өнім тұтынатын ол артығын сатып, отбасылық бюджетті толтыруда. Сондай-ақ, қыстың қамын ойлаған Раиса Васильевна жер қоймасының сөрелерін консервіленген өніммен толтырып қойған.
Айта кетерлігі, кейіпкеріміз 74 жаста, дегенмен жасына қарамастан ол бақшасында шаршамай, рахаттана еңбек етеді. Ұлы Сергей жұбайы Оксанамен бірге бірнеше жыл бұрын тәжірибе ретінде өз жер телімдерінде 30 жабайы алша көшетін отырғызған болатын. Сергейдің жерге деген махаббаты анасынан дарыған. Сергей будандастыру арқылы қараөрік өсіріп шығарды. Бұл жұп қараөрік ісін жаңадан бастап, жеміс ағаштарын өсіруді қолға алуды ұйғарған бақшашылар үшін тамаша таңдау деп біледі. Қараөрік қоршаған ортаға жақсы бейімделген, бойлары өте биік емес және басқа жемістерге қарағанда күтім көп қажет етпейді. Көкөрікті өсіру ісінде маңыздысы – ақұнтақтың таралуын алдын алу, бұл жемістің сапасына кері әсерін тигізеді. Дәмдік сапасынан басқа жеміс еттілігі мен қалың қабығымен ерекшеленеді. Үш жыл қатарынан 150 кг жоғары өнім алып келе жатқан Сергей жемісті ауылдастарына сатады.
Раиса Васильевна туған ауылы Қарасайда еңбектің орны ерекше екенін алға тартып, еңбек еткен адам ешқашан нәпақасыз қалмайтынына сенімді. Жұмыс істеуден жалықпайтын адамның қолы бос болмайды. Ауылдағы әрбір аула – үздіксіз еңбекпен қамтамасыз етілген бір отбасының экономикасы болып табылады.
Бұл отбасы үшін жеке қосалқы шаруашылық табыс көзі болып табылады. Еңбек түбі — береке екенін жақсы білетін Раиса Васильевна да, оның балалары да қандай да бір дағдарысқа төтеп беретіндеріне сенімді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.