Балалардағы өңештің күйіктері қышқыл немесе сілтілік ерітінділерді кездейсоқ жұтып қойғаннан кейін пайда болады. Көбінесе, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар зардап шегеді.
Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының Оториноларингология және жақ-бет хирургия бөлімшесінің медициналық сараптауы бойынша, соңғы үш жылда «ауыз – жұтқыншақ, өңештің шырышты қуысының химиялық күйігі» ауруымен 108 бала емделген. (2020 жылы – 37, 2021 жылы – 45, 2022 жылдың 7 айында-26).
Науқас ауруханаға жатқызылғаннан кейін бөлімшеде инфузиялық терапия жасалады. Себебі , баланы қабылдау кезінде агрессивті затқа реакциясы байқалмайды. Бірақ, кейіннен қайталануы мүмкін болып, жағдайының нашарламауы үшін алдын алады.
Алғашқы күндері өңеші күйген науқасты тамақтандыру парентеральды әдіспен жүзеге асырылады. Міндетті түрде тамақ суық және сұйық болуы маңызды. Өңеш пен асқазанның 2-3 дәрежелі күйіктері шокқа қарсы шаралармен қарқынды емдеуді қажет етеді; детоксикация, қабынуға қарсы терапия, және өңеш стенозының алдын алу. Зақымдалған жерлердің шырышты қабығының қалпына келуін жақсарту үшін кортикостероидтарды қолдану міндетті болып табылады.
Өңештің күйдірілуін емдеген уақытта, күкірт, азот немесе концентрацияланған тұз қышқылдарын пайдаланса, үлкен қиындықтар туындайды. Сонымен қатар, дұрыс жүргізілген ем болса да, өңештің тыртықты стенозы болады.
Тәжірибеден үзінді. 2021 жылы дүниеге келген бала, байқаусызда үйде қышқыл ішіп қойып, шұғыл түрде Меркі аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Онда екі тәулік бойы ӨЖЖ-де болды. Консилиум барысында пациентті санавиация желісі бойынша, реаниматолог дәрігердің сүйемелдеуімен орофаринс пен өңештің күйіп қалуын қарқынды емдеу жалғастырылды. Тамақтану зонд арқылы жүргізілгенімен қышқылдың агрессивті әсерінен өңештің тыртықты стенозы пайда болып, кішкентай науқасқа жедел операция жасалды. Қазір бала хирургиялық бөлімде емделуді жалғастыруда.
Балалардағы өңештің күйіп қалуы-бұл нақты қауіп! Сондықтан да , барлық ата – аналар ұстануы керек бірінші ереже: химиялық заттарды , дәрі-дәрмектерді, кез-келген тұрмыстық химияны, техникалық құралдарды баланың қолы жетпейтін жерге қойғаны дұрыс. Балаңызды ауырсынудан, қорқыныштан және азаптан қорғаңыз…
Барлық ата-аналар өңештің күйіп қалуы оңай екенін және өте ұзақ, ауыр емделетінін есте ұстағаны абзал.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі