Осы сенбі-жексенбі күндері Қордай ауылындағы орталық стадионда майдангер, панфиловшы жерлесіміз Несіпбай Жұмабаевты еске алуға арналған ұлттық спорт түрі жекпе-жектен ашық турнир өткелі отыр. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының үлкен қолдауымен қолға алынып отырған спорттық додаға жүздеген жауынгер жігіттер жиналып, кім мықтыны анықтамақ. Осы орайда атақты майдангер туралы, оның майдан даласындағы ерліктері мен өмір жолындағы жеңістері жайында айта кетсек.
Осыдан бірер жыл бұрын ардагер журналист Құрманбек Әлімжан Несіпбай Жұмабаев туралы «Асулардан абыроймен асқан ғұмыр» атты көлемді мақаласын жариялаған болатын. Содан аз-кем үзінділер келтірсек.
«Ән мен жырдың дүлділі Кенен Әзірбаевтың елуінші жылдардың аяғында алты жылдай тән мен жанын қинаған аурудан айығып, қайта түлеген қырандай қомданып өнерлі ортаға оралғаны мәлім. Мұны ақын өзінің «Ауырып жазылғанда» деген ұзақ өлеңінде баян етеді. Өлеңде: «Қордай, «Киров» ағытты кісенімді, «Ақтерек» алып қалды кеселімді. Көк машина келгенде атып тұрып, Сілкіп тастап жөнелдім төсегімді» деген жолдар бар. Бір күні ақын ауылымен іргелес «Ақтерек» колхозының басшысы Несіпбай Жұмабаев Кененді ауырып жатқанына қарамастан бой жазып сергісін деген ниетпен «Волга» машинасын жіберіп алдырып, өз үйінде қонақ етеді. Ол да Сати-Боти елінен ақынға туыс болып келетін еді. Дастарқан басында отырғанда, кенет, Кененнің басы айналып, жүрегі айнып әбігерге түседі де қалады. Жігіттер сүйемелдеп үйдің сыртына шығарғанда, қайта-қайта лоқсып барып біраздан соң бойы жеңілдейді. Сол күннен бастап Кенен қайтадан оңала бастайды.
Қиын сәтте қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей ардақты ақынның қолтығынан демеуге тырысқан осы бір ғана қаракетімен Несіпбай Жұмабаевтың бүкіл болмысы, биік адамгершілік тұлғасы көрініп тұрғандай. Ал оның өмір жолы , кешегі қан қасап соғыстың өрт жалынында ел қорғауға қосқан өшпес ерлігі, қала берді от басындағы орны, жас ұрпақ тәрбиесіндегі әкелік, аталық тағылымы өз алдына бөлек әңгіме», — деп толғанады Құрекең.
«Бүгінде ұрпағының алды сонау шетелге барып оқып, қызмет істеп, тәуелсіз еліміздің бір-бір қажетіне жарап жүрген Несіпбайдың өз балалық шағы мұндай мамыражай бола қойған жоқ-ты. Ол 1922 жылы Қастек ауылында дүниеге келді. Оң-солын танып үлгерместен әкесі Жұмабай мен анасы Бәтіш бірінен соң бірі дүниеден озды. Сөйтіп, төрт жасында тұлдыр жетімге айналған оны Мәтібұлақтағы әпкесі Зәрия қолына алады. Олардың да асып-тасып тұрғаны шамалы, жездесі Күлкібай артельдің сиырын бағатын. Несіпбай да қабырғасы қатаймаған бала күнінен қиыншылық қамытын киіп, әпкесінің ұл-қыздарымен бірге бұзау қайырып, қой бағып, қора тазалап өсті. Шала ұйқылы, ашқұрсақ жүрсе де сабаққа зерек еді. Орта мектепті үздік бітіріп ВЛКСМ мүшелігіне қабылданады. Білмекке құмар жігерлі жас Ташкент қаласындағы ұшқыштар мектебіне жіберіледі. Бірақ, көп ұзамай батыста соғыс өрті тұтанып, көптеген комсомолдар қатарында Несіпбай да өз еркімен майданға аттанады, — дейді журналист.
Н. Жұмабаев 1941 жылдың қыркүйек айынан генерал Панфиловтың 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 1073-ші полкінде, Бауыржан Момышұлының батальонында жауынгерлік борышын өтеген. Қазақтың маңдайына біткен қайсар ұлы, шындық пен тәртіпті, биік адамгершілікті ту еткен Баукеңнің қолбасшылығымен талай бір жойқын ұрыстарға қатысып, ел шебіне ентелеген жаудың бетін қайтарды. Байтақ Отанның жүрегі саналған Мәскеуді қорғау кезінде де талай ерлік үлгілерін көрсетті. Сондай жан алып жан беріскен сұрапыл шайқастардың бірінде ауыр жараланады. Сол қолының білегін жарықшақ талқандап өткен. Ұрыс даласында қансырап жатқан мұны санитарлар тауып алғанша, қолын таңып санчастқа жеткізгенше, одан госпитальде орын болмай арада біраз уақыт өтіп, жарақат орны қарая бастапты. Тіпті, Қазан госпиталінде қолын шынтақтан жоғары кеспек те болған. Мұрты жаңа тебіндеген өрімдей жастың қолын кеспей, дәрігерлер тәуекел етіп Несіпбайдың қолын емдеп жазады. Алайда, комиссия қайтадан соғысқа жіберуге жарамсыз деп тауып, екінші топтағы мүгедектік тағайындалады. Сөйтіп, қан майданнан «Ерлігі үшін» медалін өңіріне қадаған панфиловшы 1942 жылы жаз ортасында елге оралады», — деп ардақты азаматтың балалық шағы мен майдан даласындағы ерлігі туралы баяндайды журналист.
«Несіпбай Жұмабаев жарақатына қарамай көп ұзамай бейбіт еңбекке белсене араласып кетті. Өзінің еті тірілігі, орта мектепті жақсы бітіріп, әскери мектепте оқығаны бар, соғыстың өрт жалынында ысылған жігіт ауыр жұмысқа жарамаса да, «Красный Октябрь» колхозында есепші, бригадирлік қызметке сұранып тұр еді. Қолға алған ісін ұршықша иіріп жүрген тиянақты, білікті азамат бірден назарға ілігіп, басшылық қызметтерге тартылады. 1944 жылы партияға қабылданып, Көктөбе ауылындағы «Ворошилов» колхозының төрағасы болып тағайындалады. Соғыстан қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру оңайға соққан жоқ. Маман кадрлар тапшы, қай істе де уақытпен санаспастан, таңды таңға ұрып маңдай терін еселеп тамшылатуға тура келді. Бертінде Жамбыл зооветтехникумында және партия мектебінде оқып, мамандығы мен саяси білігін жетілдіре түсті. 1953-1958 жылдары Н. Жұмабаев «Ақтерек» колхозын басқарды. Әлгі, Кенекеңді үйіне шақырып қонақ етіп ауруынан құлантаза айығып кетуіне сеп болатыны сол кездері ғой. Қай жерде де ол іскер басшы , тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын адал коммунист ретінде танылды. Кейіннен Чапаев атындағы колхозда бастық, «Путь Ленина» колхозында бөлімше басқарушы, автогараж диспетчері, қара металл қалдықтарын дайындаушы жұмыстарында жүріп 1981 жылы зейнетке шыққан болатын. Жоғары адамгершілік қасиеттері арқылы барша қауым арасында құрмет пен беделге бөленді. Өмірде көргені мен түйгені мол майдангер Василий Власенко, Жапар Көпбаевтай панфиловшы қаруластарымен, Қабылбек Өмірзақов, Рахымбай Әлімбаев, Мүзен Нұртаев, Молдарахым Әлімбаев, Қайын Керденов, Иманберді Әлейбеков, Тамбай Сатыбалдин сынды еңбектес жолдастарымен бірге мектептердің, еңбек ұжымдарының жиі қонағы еді. Панфилов дивизиясы ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде жас ұрпаққа соғыс сұмдықтарынан сабақ ала отырып бейбітшілікті қадірлеу туралы ұлағатты сөздер айтудан жалықпайтын.
Несіпбай Жұмабаевтың соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбегі I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ленинградты азат еткені үшін», «СССР Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» мерекелік медальдарымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен атап өтілген. 2000 жылы оған «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Арада екі жыл өткенде сексен жасқа толып өмірден өтті», — деп бір түйген Қ.Әлімжан майдангердің жан жары Сұңқар апа, балалары туралы да баян етеді.
«Құдай берген тоғыз баланың оқымай қалғаны жоқ, мектепті үздік бітіріп, барлығы жоғары білім алды. Кейбірінің, тіпті, екі-үштен дипломы бар. Алтынкүл — дәрігер, Несіпкүл — мұғалім, Алтынбек — инженер, Роза — технолог, Бақыткүл мен Рая — сауда мамандықтарын меңгерді. Қайрат — Ленинград университетін бітірсе, Қанат — Мәскеу университетін алтын медальмен бітірген, қазір Астанада Тұңғыш Президент хорының атқарушы директоры. Ал, Асқар — Алматы халықшаруашылық институтын бітіріп бүгінде біздің елімізбен қатар Ресейде, Қырғызстанда бірнеше құрылыс нысандары бар танымал кәсіпкер. Келіндері мен күйеу балалары да шетінен иманжүзді, білімді, білікті азаматтар болып кезікті. Жұбайы Сұңқар апа балаларының үздік оқығаны үшін кезінде мектептің құрмет тақтасына ілінген суреттерін, грамоталарын, ұлдары әскерде болғанда жақсы қызметі үшін командирлерінен келген алғыс хаттарын сары майдай сақтаған.
Қазақта «Қадірлі адам қартаймайды» деген тамаша қағида бар. Ондай кісілер туралы «сүйегі асыл» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Осы ұғымның барлығы Сұңқар апаға арналып тұрғандай. Бір кезде өздері барын аямаған балаларының арқасында бүгінгі өмірдің қызығын молынан кешуде. 2003 жылдан бастап қатарынан үш жыл Меккеге барып қажылық парызын да өтеді».
Сөзімнің соңында Сұңқар апаның құнттап сақтап жүрген көп қағаздарының ішінен біреуінің мазмұнын оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім. Ол Қырғыз ССР Әскери комиссариатының саяси бөлім бастығы, полковник Б.Веприковтың 1976 жылы Жұмабаевтар отбасына арнаған хаты екен: «Қадірлі Соня, қымбатты балалар! Сіздің еріңіз және әкелерің Н. Жұмабаев — Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің советтік отанымызды жаудан қорғауда жан аямаған жауынгер. Ол Отанымыздың жүрегі — Мәскеуді қорғауға айрықша үлес қосқан даңқты Панфилов дивизиясының құрамында қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Майдангер соғыстан кейінгі жылдары да еңбекте ерлік үлгілерін көрсетті. Бүкіл өмірі баршаға үлгі болып табылатын әкелелеріңізбен мақтанып, оның қаһармандық өмір жолын өнеге тұта аласыздар».