Мейірімді жандар мекені

0

Әр адам бауыр еті баласының дені сау болып туылғанын қалайды. Алайда тағдырдың жазуымен науқас сәбидің дүниеге келуі ата-анасына ауыр соққы екені белгілі. Мұндай қиын сынаққа төтеп беріп, перзентін қатардан қалдырмай, өмірге бейімделу дағдысын қажетті деңгейде қалыптастыру үшін барын салып жүрген ерекше балалардың ата-аналары – нағыз батыр жандар. Соңғы жылдары осы санаттағы отбасылардың қасынан табылып, жан-жақты қолдау көрсететін орталықтардың қатары көбейіп жатқаны қуантады. Солардың бірі – Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы.
30 қызмет алушыға арналған орталық балаларды педагогикалық және психологиялық анықтау,тексеру және түзету, сондай-ақ ерекше балалардың ата-аналарына педагогикалық әрі психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша жұмыс істейді. Мекемеде қажетті мамандардың барлығы бар – дефектологтар, психологтар, логопедтер, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы әр баланың жеке дамыту бағдарламасын жасап, түзете-оқыту үрдісіндегі даму деңгейін қадағалап отырады.
Мәселен, педагог-психолог топта жағымды климатты құрып, әр баланың жеке эмоционалдық ерекшеліктерін зерттеп, ойын терапиясы сабақтарын, сюжеттік-рөлдік, түзете-дамыту ойындарын өткізеді. Мінез-құлқында ерекшелігі бар балалармен жеке сабақтар жүргізеді. Ал дефектолог маман балалармен жеке түзету сабақтарын өткізеді. Орталықтағы негізгі мамандардың бірі логопед баланың сөйлеу тілінің дамуын, сөйлеу тілі мүшелерінің құрылымы мен белсенділігін анықтайды. Сөйлеу тіліндегі кемістікті түзеуге бағытталған түзету жұмысын жүргізеді. Сөзді дұрыс айту дағдысын қалыптастырумен жұмыс жасайды. Емдеу және дене шынықтыру нұсқаушылары мен массажист маманы балалардың ерекшеліктеріне қарай тонустарын жақсарту, бұлшық еттерін жұмсарту, қимыл қозғалыстарын реттеу, емдік уқалау, бұлшық еттерінің қызметін жақсарту мақсатында күніне 45 минуттан 1 сағатқа дейін жұмыс атқарады. Өз істерін жетік меңгерген мамандар ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста болып, баламен үйде жұмыс жүргізуге қатысты кеңестерін, ұсыныстарын беріп отырады.
Ерекше балаларға қамқор болған орталықтың басшысы Эльнура Мінісқұлова қызмет алушылар үшін мекемеде барлық қолайлы жағдай жасалғандығын айтады: «Біздің орталықтың мамандары баланы дамытуға бағытталған М.Монтессоридің әдістемелерін қолданады. Оның негізінде сенсорлық дамыту сабақтары өткізіледі. Бұл сабақтар баланы кеңістікте бағдарлау, ұсақ-қол моторикасын дамытуға бағытталған. Сабақ барысында танымдық қабылдау қабілеті дамиды. (түс, пішін, көлем) Монтессори бөлмесіндегі сабақтарда түрлі әдістемелермен жұмыс жасауға үйренеді, қағаздардан түрлі бұйымдар құрастырады, мозаикамен, маталармен, ермексазбен, жармалармен жұмыс жасайды. Барлық жұмыс түрі баланың ақыл-ой және физикалық мүмкіндігін ескеру негізінде таңдап алынады», — дейді орталық басшысы.
Орталықта қызмет алушы балақайлардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да аса мән беріледі. Атап айтсақ, сурет салу, арт-терапия, саздан илеу жұмыстары сынды сабақтар өтеді. Бұл сабақтардың нәтижесінде балаларда шыдамдылық қалыптасады, есте сақтаулары, зейіндері, ойлау қабілеттері дамиды.
Бұдан бөлек, балақайлардың ортақ үйіне айналған мекемеде мамандар мен қызмет алушылардың қатысуымен әр мерекені атап өту, қайырымдылық акциялар, сурет көрмесі, спорттық жарыстарды ұйымдастыру сынды игі дәстүр қалыптасқан.
Орталық басшысының айтуынша, мұнда көрсетілетін қызметтің барлығы – тегін. Орталық жұмыс атқарғалы 103 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген екен, оның 15-і өз беттерінше жүріп, 4-і жалпы білім беру бағдарламасымен мектепке барып, 2 бала бақшаға жолдама алыпты. 10 бала таза сөйлеп, 15 бала дыбыс шығаруға үйреніп, 7 бала өз беттерінше еңбектесе, 5 бала отыруға бейімделген. Бүгінгі таңда мұнда 28 бала оңалтуды жалғастыруда.
Ерекше балаларға есігін айқара ашқан оңалту орталығына келген ата-аналардың бірі – қордайлық Феруза Жолдыбаева:
– Менің ұлым Елнар Құдайберген Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығына 2015 жылдан бері барады. Ең алғаш барған кезде өздігінен отыра алмайтын, өз бетімен тамақ жей алмайтын. Уақыт өте келе орталықтың білікті мамандарының көмегімен, атап айтқанда массажист, ЛФК, психолог, дефектолог мамандарының талмай еңбектенуінің арқасында Елнар жақсы нәтижелерге жете бастады. Ол өз бетінше отырып, еңбектеп, ходунокпен, брусьямен жүріп үйренді. Тамақты өзі іше алатын болды. Қазіргі кезде ұлым балдақпен де, өзі де жағалап жүре алады. Елнардың қырсық мінезі бар. Соған қарамастан тәрбиешілердің берген тапсырмаларын орындауға тырысады. Орталыққа тек табыс тілеймін. Еңбектерінің жемістерін көре берсін. Балалардың барлығы оңалып, жазылып кетсін деп тілеймін. Өйткені, барлық бала бақытты болуға лайықты.
Орталықтың тағы бір қызмет алушысы Баянбай Диярдың анасы да оңалту орталығына үлкен алғысын айтуда:
– Менің ұлым орталыққа 2018 жылдан бастап барады. Өздігінен жүре алмайтын. Бізде бастапқыда қобалжу болды, бірақ орталықтағы мамандардың жұмысын көріп күмәніміз сейілді. Өйткені бұл жерге барғаннан бастап біз ұлымыздан оң нәтижелер көре бастадық. Бұған дейін өздігінен отыра алмайтын балам енді сенімді отыра бастады, еңбектей бастады. Қасықты ұстап тамақ ішеді, тілі де анық шығып, таза сөйлей бастады. Оған қоса осы орталықтың арқасында балам өзіне көп достар тапты. «Менің ол жерде достарым көп. Тәтейлерімді жақсы көремін» деп, тіпті демалыс күндері барғысы кеп тұрады. Мұндай орталықта ерекше балалар үшін жағдайдың барлығы жасалған. Ұжымы да өте қайсар, адал, мейірімді жандардан құралған. Орталыққа алғаш кіргеннен бізді жүздері күлімдеп қарсы алып, бір ғажайып әлемге түскендей сезінгенбіз. Ол жерде балам өзін жайлы сезінеді. Өйткені мұндағы балақайлардың барлығы бірдей. «Мұңы бірдің сыры бір» дегендей, ата-аналар да бір бірін жақсы түсінеді. Әрине ерекше балаларға ерекше күтім қажет. Осындай ауыртпашылықты бізбен бірге бөлісіп, қолдау білдіріп келе жатқан, өзіміз үй жағдайында бере алмайтын қызметтерді көрсетіп жатқан орталықтың кәсіби мамандарына алғыстан басқа айтарым жоқ. Алла тағала ешкімді баламен сынамасын, бірақ басқа түскеннен кейін осындай орталықтардың болғаны жақсы. Өйткені мұндай орындар біздің балалардың қоғамға бейімделуіне, өздерін басқадан кем санамауға өте көмектеседі. Баланың махаббатын сатып алу мүмкін емес. Алдына келген әр балаға мейірімін төгіп қарсы алатын Эльнура Төлендіқызы бастаған ұжымға мол табыс тілеймін, — дейді Диярдың анасы.
Иә, осы орталықта емделіп, оң нәтижеге олжалы болған мүмкіндігі шектеулі балалар аз емес. Бұрындары өздігінен жүре алмайтын жандардың бірқатары бүгінде өз бетінше жүріп-тұратын хәлге жеткен. Ауданымыздың барлық елді-мекендерінен келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуға барын салып еңбек етіп жүрген аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығы мамандарының ісі қандай құрметке де лайық. Орталықтың ұжымына біз де сәттілік пен табыс тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.