БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

0

10 қазан — Кәсіподақтар күні болып кәсіби мерекелер тізіміне енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Үкімет қаулысымен бекітілген бұл мереке мемлекеттің кәсіподақтар қозғалысына зор мән беруі, мәртебесін арттыруы үлкен ықпал ете бастады деп нық сеніммен айтуға болады. Өткен сәрсенбі күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ҚБ Қордай аудандық комитетінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік жиын соның айғағы.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ұстаздары мен шәкірттерінің әуезді әндері, сырлы билерімен әрленіп отырған мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Қызметкерлердің құқығын қорғауда қалтқысыз қызмет атқарып жүрген жандарды мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы бірқатар жандарға марапат тапсырды. Мәселен, осы күні Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектебінің директоры Жексенбек Құстүтінов, «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының» директоры Еркін Төлеуов, «Ертөстік» бөбекжайының меңгерушісі Амине Тушанло, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп директоры Дарын Бигазиев, Балжан Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиет пәні мұғалімі Гүлмира Джунушбаева Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен марапатталса, сонымен қатар еңбегімен еленген бірқатар кәсіподақ мүшелеріне Облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, білім бөлімінің аудандық кәсіподақпен бірлескен грамоталары және аудандық кәсіподақ грамоталары табыс етіліп, онымен қоса гүл шоғы мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Сондай-ақ, Кәсіподақтар күні мерекесіне орай жылдағы дәстүр бойынша сала қызметкерлері мен мекемелерді «Үздік әлеуметтік әріптес» атты номинациямен марапаттау жүргізілді. Ол марапат аясында «Еңбекші», «Білімді ел», «Қазақстан кәсіподағы» газеттерінің бір жылдық сертификаты табыс етілді.
Жиын барысында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ҚБ Қордай аудандық комитеті филиалы төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева да әріптестерін мерекемен құттықтап, білім қызметкерлерінің құқығын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстар жайында баян етті. Сөзге шыққандар қатарында білім саласының ардагері, ұзақ жылдар аудандық кәсіподаққа жетекшілік еткен Фатимат Байбекова да болып, әріптестері мен шәкірттеріне құттықтауын жеткізіп, алғысын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.