Елімізде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер де өз тараптарынан қарап отырған жоқ, түрлі амалдар тауып, нарығымызға жетіспей жатқан тауарлар мен өнімдермен қамтамасыз ету жолында білек сыбана жұмыс істеп жатыр.
Осындай кәсіпкерлер-дің бірі Ноғайбай ауылының тұрғыны Жамбылбек Жүнісқұлов. Көп жылдар бойы полицияда қызмет еткен азамат, зейнетке шыққан соң өз кәсібімен айналысуды ұйғарған еді. Өзінің шаруа қожалығын жүргізіп отырған азамат ұзақ уақыттан бері мал шаруашылығын дөңгелетіп келді. Жуырда «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізілген кезекті жиында «Eco Chicken» жобасы туралы естіп, бірден қызықты. Елімізде құс етіне деген тапшылық әлі күнге дейін өте жоғары. Көп ет импортталады екен. Мемлекеттік бағдарлама арқылы 4 млн.-ге жуық несие алған кәсіпкер жетіспеген қаражатты өзі тауып, бір айдың ішінде 1500 басқа арналған су жаңа құс фермасын салып бітіреді. Алматы қаласынан бройлер балапандар алып келіп, жергілікті «Қордай жем» компаниясынан қажетті жемін сатып алды. «Бройлер тауық өсірген кезде алынған балапандар мен жемінің сапасы жоғары болуы тиіс. Осы шарт орындалмаса, еңбегіңіз босқа кетеді десеңіз болады. «Қордай жем» компаниясының басшысы Талғат Сәрсенбаевтан барлық ақпарат алып жұмысты берілген ережелерге сай жүргізіп келеміз. Әзірше балапан өсірудің бір циклын аяқтадық», — дейді Жамбылбек Аманбайұлы. Қазіргі таңда құс фермасының жұмысын Жамбылбек жұбайы Динарамен және Айбек есімді көмекшімен бірге жүргізіп келеді. Кейіпкеріміздің айтуынша «маңдай теріңді төгіп, аянбай еңбек етсең» табыс табуға болады. Қазіргі таңда кәсіпкер Алматы қаласында кішігірім дүкен ашып, өз тауарын сол жерге өткізіп жатыр. Айтуынша табиғи өнімге сұраныс әрқашан жоғары болады. «Бройлер балапандарын өсіру 45 күнге созылады. Бір құс фермасынан орташа алғанда 2-2,5 тонна ет шығады. Бұл ет дүкенде бір аптаның ішінде сатылып кетеді. Сондықтан құс етін өсіріп жатқан басқа да кәсіпкерлерге көмектесіп, еттерін дүкенімізге қойып, сатып жатырмыз», — дейді кәсіпкер. Жамбылбек Аманбайұлы салған құс фермасының қаражатын бір жылдың ішінде қайтарам деп жоспарлап отыр. Көріп отырсақ, басқа малмен салыстырғанда қаражат жылдам қайтады екен. Болашақта қосымша құс фермаларын салу жоспарда бар. Өз ісін бастауға бел буған азаматтарды кәсіпкеріміз ерінбеуге және қорықпауға шақырады.