«ШАМШЫРАҚТЫҢ» ШАМЫ МАЗДАЙ БЕРСІН

0

( жалғасы, басы өткен санда)

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиындықтар аудандық газетке де оңай соқпады. Газетті аудан бюджетінен қаржыландыру қиындап кетті. Айлап жалақы, зейнетақы алмаған кездер болды. Ақша орнына бартерлік айырбас жүрді. Кәсіпкерлікке өріс ашылды. Кеңшар, ұжымшарлар тарап, жекешелендіру басталды. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында «Қордай шамшырағында» қызмет істеген, кейін аупарткомға ауысқан Мұрат Садықов деген азамат кәсіпкерлік іс бастап, 1992 жылы «Көзқарас»- «Взгляд» деген ақпараттық-коммерциялық апталық шығара бастады. Аудан басшысымен келісіп, 1994 жылы «Қордай шамшырағы» мен «Көзқарасты» қатар жауып, орнына «Қордай жаңалықтары»-«Новости Кордая» деген жаңа газет шығарды. Ол газет аудан орталығында жаңадан салынған офсеттік баспаханада басылды. Сөйтіп, екі құрылтайшының қолдауымен 2000 жылға дейін шығарылған осы газетте Аязби Бейсенқұлов, Владимир Бочков, Людмила Досымбекова, Таңатар Сандыбаев, Қырықбай Мақаметжанов, Мэлс Асанқұлов, Гүлсара Халықовалармен қатар жұмыс істедік. Редакция алғаш бұрынғы аудандық комсомол комитетінің ғимаратында, одан кейін «Астана» дүкенінің екінші қабатында орналасты.
Айта кету керек, 1996-98 жылдар аралығында аудан әкімшілігінің қолдауымен «Қордай жаршысы»-«Вестник Кордая» (редакторы Көкен Оршабеков) деген газет те жарық көрген болатын.
Жаңа ғасыр қарсаңында екі құрылтайшының арасында кикілжіңдер туындады. «Қордай жаңалықтарында» кәсіпкердің қолайына жақпаған басшыларды тырнақ астынан кір іздеп қаралайтын тапсырысты мақалалар жазу басталды. Газет біртіндеп М.Садықов басқаратын «Сұлтантегі импэкс» ЖШС-нің қолшоқпарына айналды. Мен 2001 жылдың басында аудан әкімдігінде жаңадан құрылып жатқан тіл басқармасына ауыстым. Ал газет аудан әкімдігінің ресми материалдарын мүлде баспайтын, ал басқан күнде қыруар қаржы талап ететін болып алды. Содан, аудан басшылығы бұрынғы өз газетін қайта ашуды ұйғарды. Бірақ, барлығын нөлден бастауға тура келді. Ақыры, 2001 жылдың 1 мамырында «Қордай шамшырағының» алғашқы нөмірі жарық көрді. Оның редакторы Н.Дәутайұлы ағамыз, қасында мен, әкімдікте жұмыс істеп жүрген Қыдырбек Мұсабеков, Анжела Изаева, Татьяна Ильченко, Гүлсім Турабаева болдық. Бір жылдан соң Н. Дәутайұлы «Жамбыл» әдеби журналын шығаратын болып, Таразға қоныс аударды да, газетке 2002 жылғы мамырда Гүлсара Халықова, одан екі ай өтпей – 4 шілдеде Қыдырбек Мұсабеков редактор болып тағайындалды. Қыдырбек екі тілде бірдей өндірте жазатын қаламы жүйрік журналист еді. Өкінішке орай, 2003 жылы 13 қыркүйекте ол автокөлік апатынан қаза болды да, газетке редактордың орынбасары ретінде сегіз айдай мен қол қойдым. 2004 жылғы 6 мамырда редакторлыққа бекітілдім. Бірер жыл орын таппай бірде Халық банкінің екінші қабатында, енді бірде «Қазынашылық» ғимаратында көшіп қонып жүрген едік, сол жылы күзде редакцияның қазіргі ғимаратына ие болдық. Біртіндеп материалдық жағдайымыз да орныға түсті, компьютерлік техникалар, автокөлік берілді. Редакцияға Людмила Познякова, Гүлжан Бұтабаева, Лена Богопольская, Надежда Круть, Лариса Исаенко, Әскен Бәтішев, Виктор Меркульев, Қайрат Алмасбеков, бухгалтер Орынкүл Қыпшақбаева, Венера Нұрқасымова, Мақпал Нұрғалиева, Айгерім Көнербаева, Гүлзат Рзалиева тәрізді жаңа адамдар келді. Бұл арада «Қордай жаңалықтары» біржолата жабылып тынды да, онда жұмыс істегендердің де біразы бізге ауысып келіп жатқан болатын.
Тағы бір жайды айтуға тура келеді. Редакцияның жазылымнан түскен қаражаты баспахана мен пошта шығынын жабудан артылмай, қызметкерлерге жалақы тауып бере алмаған кездер болды. Сол тығырықтан шығу үшін газетті өзіміз басып, оқырмандарға да өзіміз таратпақ болдық. Бірақ, газет-баспа ісінен хабары шамалы шенеуніктердің белден басып килігуімен 2006 жылы қырғызстандық бір жеке кәсіпкердің қолданыста болған ескі баспахана жабдықтары әкелініп, жақсы бастама аяқсыз қалды. Ол жабдықтардың ескілігі былай тұрсын, газет емес, этикетка басуға ғана арналған болып шықты.
2007 жылдың қазан айында «Қордай шамшырағының» редакторы болып Л.Досымбекова тағайындалды да, мен облыстық «Ақ жол» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне кірістім. 2011 жылдың қаңтар айында «Ақ жолдың» басшылық құрамына шақырылып бас редактордың орынбасары, 2013 жылдың тамыз айынан бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалдым. 2016 жылы зейнетке шығуыма байланысты газеттің меншікті тілшісі болып, Қордайға қайтып оралдым. Міне, менің 1976 — 2007 жылдар аралығындағы аудандық газеттегі отыз бір, одан кейінгі облыстық газеттегі он жылдық қызмет жолдарым осылай.
Тағы бір арнайы сөз етерлік жай — бүгінде бір аудан болып ұйысып отырған Қордайдан кезінде екі мәрте бөлініп, қайта таратылған Красногор ауданының газеті туралы. Алғаш 1934 жылы құрылғанда аудан орталығы Красногор ауылында екі беттік «Красногоршы» газеті 1957 жылға дейін шығып тұрды. Біздің қолымызда осы газеттің 1952 жылғы редакторы Қ.Нұрбетовтың, 1956-57 жылдарғы Р.Ізмағанбетов, С.Рамазанов, М.Боқаевтың қол қоюымен жарық көрген кейбір нөмірлері сақтаулы. Екінші мәрте Красногор ауданы 1974 жылы құрылғанда газеті «Коммунизм жолы» — «Путь к коммунизму» деген атпен шығарылды. Басылымға кезегімен Орынбай Тасыбеков, Есенгелді Төреқұлов, Толымбек Әлімбеков, Сағатолла Қалымбетов редакторлық етсе, Жұмабай Шаштайұлы (бүгінде жазушы), Қадырәлі Қойтаев, Ділдар Мамырбаева, Серік Пірназаров, Дүкенбай Сегізбаев, Әскен Бәтішев, Еділ Әлиев, Өмірәлі Смайылов, Болат Оңғарбаев, орыс бөлімінде Көкен Оршабеков, Тәңірберген Майжанов, Александр Жаров т.б. азаматтар қызмет еткен. Аудан 1988 жылы жабылып Қордайға қайта қосылғанда «Коммунизм жолы» да тарих қойнауына кетті.
Ал, «Қордай шамшырағының» тоқсан жылдық тарихында газет шығару үрдісі бүтіндей жаңарды деуге болады. Бұрынғы әр әріпті бір бірлеп қолмен теретін, одан кейінгі біз үшін жаңалық саналған ленотиптік дәуір де келмеске кетті. Газет компьютермен беттеліп, жергілікті офсеттік баспаханада басылады. Біздерден кейін газетке Жандос Омаров, Михайл Левантовский, Айгүл Әнуарбекова деген азаматтар басшылық етті. Бұл жылдарда аудандық басылымда Гүлнұр Юсупбаева, Жансая Тілемісова, Сандуғаш Гельманова еңбек етті. Шолпан Сабанова басқаратын бүгінгі құрамда да білікті журналистер Жандос Омаров, Әлібек Оспанов, Серғазы Манасбаев, Сәуле Мұхадинқызы, Ләйлім Досымбековалардың әрқайсысының өз қолтаңбалық ерекшеліктері бар. Соңғы жылдары менімен бірге қызмет атқарғандардан бүгінде редакцияда дизайнерлер Ғалия Құсманғалиева, Роза Нұрсейітова, Анна Нарожная жұмысын жалғастыруда. Анжела Изаева аудандық музейдің басшысы, Айжан Әуелбекова «Знамя труда» газетінің, Надежда Круть аудандық мәслихаттың, Людмила Познякова заңгерлік мекеменің, Лена Богопольская жекеменшік фирманың, Айгерім Көнербаева жер қатынастары бөлімінің қызметкері болып жүр.
Бар саналы өмірін аудандық газетке арнаған, бірге жүріп қызметтес болған алдыңғы толқын журналистердің көбі бақилық болды. Қордайлық газетшілердің талайына тәлімгерлік көрсеткен Мақан Боқаев ағамыз 1980 жылы небәрі 55 жасында, Анатолий Иванович Андреев 1989 жылы 66 жаста, Жапар Көпбаев 2001 жылы 78 жаста, Таңатар Сандыбаев 2000 жылы 57 жаста, Қырықбай Мақаметжанов 2013 жылы 77 жаста, Владимир Бочков 2018 жылы 77 жасында өмірден озды. Ал, Гүлсім Турабаева 2002 жылы 34 жасында, Қыдырбек Мұсабеков 2003 жылы 47 жаста, Гүлжан Бұтабаева 2006 жылы қырықтың қырқасында қыршыннан кетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, үлкен жазушы болған кемел шағында былтыр 74 жасты орталап Несіпбек Дәутайұлы да қайтыс болды. Олардың бәрінің жаны жаннатта болсын!
Сонымен осы айда Қордай аудандық газетінің жарық көргеніне 90 жыл толып отыр. Бұл мерейлі дата. Осы орайда газеттің өзім куәсі болған мерейтойлары туралы айта кетудің реті бар. 1982 жылы газеттің 50 жылдығы айрықша атап өтілді. Сол жылы 30 қазанда газеттің арнайы нөмірі және 16 беттік мерекелік қосымша шығарылды. Аудандық партия комитеті қолдау көрсетті. Алматыдан, облыстан қонақтар келіп «Қордай» мейрамханасында салтанатты кеш өтті. Ертеңінде қонақтарды Ж.Көпбаев ағамыз өз үйінде күтті. Ол кезде газет редакторы А.Андреев болатын.
1992 жылы В.Бочковтың редакторлығы кезінде газеттің 60 жылдығы тойланды. Мерекелік нөмір шығарылып, редакция қызметкерлеріне бір-бір айлық көлемінде сыйақы берілді. Ұжым болып бұл күнді «Балауса» лагерінде атап өткен едік.
Ал, 2007 жылы 21 қазанда аудан әкімшілігінің қолдауымен (редактор Л.Досымбекова) газеттің 75 жылдығы «Эдельвейс» кафесінде лайықты мерекеленген болатын.
Сөз соңында айтарымыз, заман талабына сай еліміздегі аудандық газеттердің барлығы жекеменшік қолдарға өтіп жатқан үрдістен «Қордай шамшырағы» да сырт қалмады. 2016 жылдан газеттің 49 пайызына иелік етіп келген «Қордай ақпараттық-баспа компаниясы» ЖШС-ге (ТОО «КИИК») қалған 51 пайызы да өтті. Әрине, өзінің баспаханасы бар, жиырма жылдан бері «Кәсіпкер жаршысы» деген апталық шығарып отырған газет ісінен хабардар азаматтың басқаруына өтуі құптарлық. «Қордай шамшырағы» бүгінгі таңда да облыстағы аудандық газеттердің арасындағы екі тілде аптасына екі мәрте жарық көретін, таралымы үлкен (10 мыңнан жоғары), бай мазмұнды дәстүрінен айнымай келеді. Тоқсан жыл бойы аудан өмірінің жаршысына айналған «Шамшырақтың» шамы маздай берсін!

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Қордай шамшырағының» ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.