ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҚТАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

0

Ауыл адамдарының көңілін көтеріп, мәдени-рухани өміріне серпін беретін бірден бір орын – мәдениет үйі. Мұнда келген тұрғындар құлақ құрышын қандырар әндер тыңдап, өнер адамдарының қойылымдарын тамашалап, күнделікті күйбең тірліктен бір сәт болса да демалып, рухани азық алары сөзсіз. Мәдениет үйінің өнерге бет бұрған жастарды шығармашыл тұлға ретінде қалыптастыруда, рухани құндылықтарды дамытуда да маңызы зор.

Бұрын әр ауылдың дерлік өз мәдениет ошағы болатын. Алайда, уақыт өте олардың бірқатары жабылып, кейбірі жарамсыз болып қалды. Тасада қалған бұл мәселе бүгінгі таңда қайта қолға алынып, барлық елді мекендерде мәдениет үйлері кезең-кезеңімен қалпына келтірілуде. Мәселен, ауылдарында жаңа мәдениет үйі салынады деген жаңалық Қақпатас тұрғындары үшін қуантарлық тосын сый болды. Орталықтан бой көтеріп жатқан жаңа нысан мәдениет пен өнердің ордасы ғана емес, ауылдың ажарын ашар әсем ғимарат болмақ. Құрылыс орнына барғанымызда қызу жұмыстың үстінен түстік. Мұнда жүргізіліп жатқан жұмыс барысы, құрылыстың аяқталу мерзімі жайлы бізге жоба жетекшісі Айдос Оразбай толық айтып берді: «Мәдениет ошағының жоқтығы – ауыл тұрғындары көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелердің бірі. Жаңа мәдениет үйі ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне сеп болумен қатар, олардың көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Ғимарат кең және жарық, 0,56 га аумақта орналасады. Жалпы ауданы 785,54 шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 350 023 мың теңге. Жұмыс мерзімінде басталды, енді құрылысты белгіленген уақытта бітіреміз деп ойлаймын», – дейді Айдос.
Айта кетейік, тағы бір мәдениет үйі Бетқайнар ауылында бой көтеруде. Мұнда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа ғимарат бұрынғы мәде-ниет үйінің орнында, жасыл желекке оранған көрікті жерде орналасқан. Қазірдің өзінде аумақ қоршалып, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Құрылыстың барлық қыр-сырымен «Нұр Тұрсын» ЖШС мердігерлік ұйымының Бетқайнар ауылындағы жоба жетекшісі Тимур Нарынбетов бөлісті:
«Қазіргі уақытта шұңқырды толтыру жұмыстары жүргізілуде. Іргетасы құйылды, кәріз жүйесі, суқұбыры жүргізілді. Жыл соңына дейін қабырғаларды көтеріп, шатырын жауып, терезе-есіктерді орнатуымыз қажет. Одан кейін газды қосып, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргіземіз. Осы аптаның соңына қарай бірінші қабатты қалауды бастайын деп отырмыз. Ғимараттың қабырғаларын 100 маркалы күйдірілген кірпіштен қалаймыз. Еденіне монолитті тақталар төселеді. Сондай-ақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифт қарастырылған» – дейді жоба жетекшісі.
Жұмыстардың ойдағыдай атқарылып жатқанына жергілікті билік өкілдері мен тұрғындардың да үлесі зор екенін айтуда мердігерлер. — Ескі ғимаратты демонтаждау кезінде бізге техника, жұмыс күші жағынан көмек көрсетілді. Құрылыс болған соң арасында қиындықтар орын алып жатады. Кеше мәселен, жүк тиегішіміз бұзылып, жұмысымыз тоқтап қалды. Бірақ жоспар бойынша мұнда 31 желтоқсанға дейін ғимарат тұруы қажет. Сондықтан біз барымызды салып, тапсырманы орындаймыз. Ғимарат 180 орындық екі қабатты болады. Нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отырмыз»,-деп ағынан жарылды мердігер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.