БӘЙГЕ ШАУЫП, БАЛУАН КҮРЕСТІ

0

Өткен сенбі күні Ұлы Отан Соғысының ардагері, панфиловшы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Несіпбай Жұмабаевтың 100 жылдығына арналған еркін күрестен халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Ептілер мен мықтылардың басын қосқан айтулы спорт додасында 2006-2008, 2009-2011 жылдары туған жасөспірімдер бақ сынап, Қордай ауылындағы спорт кешенінің боз кілемінде кім мықтыны анықтады. Жамбыл, Жетісу,Алматы облысынан және көрші Қырғыз елінен келген балғын балуандарды марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мәден Мұсаев арнайы қатысты.
«Халқымызда «Қадірлі адам қартаймайды» деген тамаша қағида бар. Ондай кісілер туралы «сүйегі асыл» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Несіпбай Жұмабаевты ауданда танымайтын азаматтар кем де кем. Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді қорғауға айрықша үлес қосқан даңқты Панфилов дивизиясының құрамында қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен майдангер соғыстан кейінгі жылдары еңбекте ерлік үлгілерін көрсетіп, ел арасында құрметке бөленген қадірлі азамат. Ол — колхоз есепшісінен колхоз председателі лауазымына сатылай жетіп, абыроймен зейнетке шыққан құрметті еңбек ардагері», — деген Мәден Тоқтарбайұлы бұл турнир үлкенін қадірлеген халқымыздың ұрпақтар сабақтастығын көрсетсе, екіншіден, жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық рухты тәрбиелеуде баға жетпес құрал болатынын айтты.
Аталмыш турнирде жеңімпаз атанғандар диплом мен медаль,сонымен қатар ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Ал, жексенбі күні Несіпбай Жұмабаевтың 100 жылдығына орай Қордай ауылындағы Ноғайбай би атшабарында бәйге, көкпар сынды ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Аталмыш шараға көршілес Қырғызстан Республикасының және еліміздің атбегілері мен көкпаршылары қатысты.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет қайраткері Мұратбай Жолдасбаев, аудан әкімі Мәден Мұсаев арнайы келіп, сәйгүліктердің шабысын тамашалады.
Алдымен ойын аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының әуелете салған әндерімен бастау алды. Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламадан соң жиналғандардың назары бәйгеге ауды.
Ат жарысы аламан, батақұр, құнан бәйге секілді үш түрінен тұрды. Бас жүлдеге су жаңа автокөліктер тігілді. Көрермен делебесін қоздырған аламанда айыр қалпақты ағайынның «Қарақыз» атты сәйгүлігі бірінші келді. Ал жүлделі екінші орынды Алматы облысының, үшінші орынды Қордай ауданының жүйріктері иеленді. Құнан бәйгеде Жетісу облысының «Жұмыртұяқ» атты жүйрігі кермені бірінші болып кессе, екінші орынды отарлық Ерлан Бейсеуов есімді жерлесіміздің «Қазынасы» иеленді.
Бәйге аяқталған соң дүйім жұрт көкпар ойынын тамашалады. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жігіттер тартысты кездесулер өткізіп, әркім өз командасының абыройы үшін лайықты қарсылық көрсете білді. Жоғары дейгейде ұйымдастырылған спорттық ойындармен қатар, бұл күні ардагердің рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.