АСЫЛ ӘЖЕМ – АРДАҚТЫМ

0

Әжелер мектебі, олардың өнегесі – қоғамымыздың баға жетпес байлығы, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы. Зередей зерделі әжеден, Айғанымдай ақылгөй анадан тәрбие көрген балалардың қазақтың маңдайына біткен дана тұлғаларға айналғаны белгілі. Сондықтан бүгінде өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды осы асыл әжелеріміз арқылы насихаттау маңызды.
Бейсенбі күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану, қазақтың жасы үлкен аналарын ұлықтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында Қордай аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Асыл әжем-ардақтым» атты аудандық әжелер байқауы өтті.
Әжелеріміз «Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген» (өзін-өзі таныстыру), «Көтерейік көңілді ән-жырменен» (өнер сайысы), «Салт-дәстүрім қазынам» (ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерден көрініс), қазақи нақыштағы кешкі киім үлгісін көрсету сынды төрт кезең бойынша сынға түсті. Ақ жаулықты аналарымыздың тапқырлығы мен білімділігі, көрегенділігі анықталған байқауда бас жүлдені Әлжан ана ауылынан Сағымжан Жаналинова, 1-орынды Қаракемер ауылынан Рашида Кудьярова, 2-орындарды Сарыбұлақ ауылынан Күлдария Бажанова мен Кәмшат Барлыбаева иеленсе, 3-орынды Ауқатты ауылынан Зина Сүлейменова мен Күнбатыс ауылының әжесі Айымкүл Қожаева өзара бөлісіп, алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, Гүлсара Монтанаева (Кенен ауылы), Рая Көшербаева (Цемзауыт ауылы), Анархан Карпекова (Көктөбе ауылы), Жанаркүл Қайыпова (Отар ауылы), Күлімхан Шарабасова (Сортөбе ауылы), Сүйімкүл Чагаева (Сұлутөр ауылы) сынды сайыс қатысушылары да шараға белсене атсалысқандары үшін марапатталып, сыйлықтар иеленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.