ШОЙҚАРА БАТЫР

0

Адамзат баласының басынан өткен сандаған ғасырлардың қатпар-қатпар қойнауында біздерге беймәлім талай құпиялар, тылсым дүниелер жатқандығы анық. Әсіресе жазу мен сызудан бейхабар болған біздің қазақ халқының өмір жолдары, әдебиеті, мәдениеті тек санаға сүйеніп, ауызша дамып келгені баршамызға аян. Оның үстіне сайын даланың сағымына оранып, емін-еркін көшіп-қонып келген ұлы бабаларымыздың тұрағы ұлы дала болып, ру-руға, ата-атаға бөлініп, үлкен қуаныштарын бірге тойлап, ел басына күн туатындай шапқыншылық болса бірге аттанып, елін-жерін жаулаған талай қырғын қантөгіс соғыстарды бастан өткізіп батырлықпен қорғап келгендігі елімізге егемендік тигеннен кейін ғана қадау-қадау болып шыға бастады. Сол замандарда атақтары жер жарған Қабанбай, Бөгенбай, Сұраншы, Сәмен, Өтеген, Райымбек сияқты көптеген батырлардың даңқы алысқа кетті. Олардан бөлек қаншама солармен қоян-қолтық араласып елін-жерін қорғаған сандаған батырларлың есімдері қалқада қалып қойды. Солардың бірі әрі бірегейі Қыбырай – Шойқара (Ералы) батыр бүгіндері көпке мәлім болып отыр.
Шойқара Арыстанұлы шамамен 1715-1718 жылдары дүниеге келген екен. Әкесі Арыстан батыр 1722-1729 жылдары жоңғарлардың қазақ елін жою, жерін иемденіп алу мақсатында жасаған соңғы шапқыншылығында қан майданда ерлікпен мерт болған екен. Бұғанасы бекімеген Шойқара анасымен бірге Ұлытаудағы нағашыларын паналаған. Жастайынан ер жүректі, батыл да батыр мінезді жас жігіт Ұлытау, Сарыарқа жерінде жүріп ішкі-сыртқы соғыстарға қатысып, қылыштай қайралып өседі. Үлкенді-кішілі қақтығыстар мен соғыстарда жаужүрек батыр атағы шығады. Сол кездің өзінде-ақ оның тез шешім қабылдайтын, шорт кесіп айтатын мінезімен әрекетіне қарап «Шойқара! Шойқарадан — асау қара, қой қара. Қарасаң — бүгін қара, бүгіннен соң құй-қара, құй-қарама» деген, халық аузында өткір мәтел шығады.
Жоғарыда айтылғандай Шойқара батырдың анасы арғын елінің қызы екен. Нағашысы Алтай Қарының Рысбай деген өте дәулетті байы болған. Сол кісі «Малымның жартысы Шойқараныкі» деп отырады екен. Сол Рысбай бай Шойқараны Ұлытауда үйлендіріп, батасын беріп, еншісін бөліп беріп, боз бие сойып, ат шаптырып той жасап, содан кейін еліне аттандырады. Шойқараның ат жалын тартып мініп, азамат болып, батыр атағы шыққаннан ұдайы байланыста болған туыстары оны көшіріп әкелуге Арқаға 25-тей адам жібереді. Шойқараның өз еліне қарай келе жатқан көші Ұланбелге келіп тоқтап, Жайсаң жайлауындағы елге 7-8 адам сүйінші хабаршылар жөнелтіледі. Бұл оқиғаны бастан-аяқ бақылап отырған Төле би бастаған игі жақсылар мен жайсандар «Батыр әрі ту тігеді, әрі елге қорған болады» деп Қордай тауының теріскей бетін қоныстауға берген екен. Төле би бабамыздың нұсқауымен Шойқара батырға Жетісудың шығыс қақпасын жоңғарлардан және басқа жаулардан қорғап тұру тапсырылып, ол бірнеше рет қол бастап барып тұрған. Бүгіндері Алматы облысындағы Албан руының ішінде қалған бір тайпа Шойқара елі соның бір дәлелі десе боларлық. Осыдан тура 25 жыл бұрын, яғни 1997 жылы маусым айында Алматыда тұратын қаракемерлік Шойқара бабамыздың ұрпақтары Қазақстан Республикасының халық артисі, өнер саласының профессоры, республикамыздың тұңғыш балетмейстері Дәурен Әбиров, Қазақстан ғылым Академиясының академигі, математика ғылымының докторы, профессор, ғылым әлеміндегі тарихи тұлға Мұқтарбай Өтелбаев, Қазақстан Республикасының «Өнер» баспасының редакторы, жазушы-публицист, қоғам қайраткері Әшірбек Көпішев пен тағы басқалардан Қордайдағы Шойқара ұрпақтарына Алматы облысының Шелек ауылының Қаратұрық елді мекенінде тұратын албандық шойқаралардан шақыру хабар алынды. Қордайдан бұл шақыруға сол кездегі Қаракемер ауылында тұратын көнекөз, көпті көрген абыз қария Сүлейменов Әділхан, 40 жыл мектеп директоры болған, Қазақстан Республикалық және халықаралық ағарту ісінің озаты, диафильм мен түрлі оқулықтар авторы, белгілі композитор Өмірбек Байділдаевтің туған ағасы Нұрбек Байділдаев, қаракемерлік саңлақ молда Садық Далдаев, сол кездегі Өтеген өндірістік кооперативінің төрағасы мен — Әбдібек Сейілханов болып жолға шықтық. Біздерді жоғарыда аталған жерлес бауырларымыз Алматыда күтіп алып Албан Шойқаралардың мекеніне тартып кеттік. Бізді әсем Алатау баурайына тігілген оншақты ақшаңқан боз үйлер аясында жүз қаралы адамдар құшақ жайып, «бауырымдап» көрісіп күтіп алысты. Алқа-қотан отырыста өткен дәуірдегі бабаларымыздың қилы тарихы мен тағдыры егжей-тегжейлі сөз болып, түбімыз бір екеніне көз жеткізіп, сөз байласып қайтқан едік. Сол сапарда Қаракемерден Қаратұрыққа жеткенше және қайта келгенше әсіресе Сүлейменов Әділхан мен Байділдаев Нұрбек ағаларымыздың ел мен жер, оны қорғау жолында шейіт болған Шойқара батыр бабамыздың неше түрлі ерліктері туралы әңгімеге әбден қанып, санаға сіңіргенбіз.
Ол оқиғалардың бәрі нақты ерлік негізінде болған, ешқандай аңызға бейімделмеген, шындықтар екеніне көз жеткен.
Алматы облысының Ақтерек ауылының байырғы тұрғыны Айнақұлов Қаймолда қария айтушы еді деді ортада отырған Нұрбек аға, сол аласапыран заманда Райымбек батыр қасына Шаян, Қарпық, Шойқара батырларды ертіп, Іледен өтіп, қалмақтарға жорыққа аттанады. Ұзақ жолға шаршаған батырлар түн қараңғылығында аттарын үш бұттап, шідерлеп, аздап мызғып алуға кіріседі. «Кезектесіп ұйықтармыз, әзірше аттарға сен қарай тұр, жассың ғой» — дейді Райымбек батыр Шойқараға. Жарым түн ауа қиқу салған, шұбырған көк алалы көп жылқы батырлар жанынан қайыру бермей, шаңдатып, бұрқыратып өте бергенде, Шойқара атын ерттеп үлгермей қолына шоқпарын, иығына құрығын іле сала, жайдақ атқа қарғып мініп, шулаған, кісінеген жылқылардың сол жағына шығып, қырғызша сөйлеп бара жатқан екі жігіттің екеуін де оң тізеден шоқпармен ұрып түсіргенде «қоқилаған» жандәрмен дауыс естіледі. Енді топырлаған шаңдатқан, желдей есіп елеуреген жылқылардың арасымен көрінбей, ертоқымсыз атының үстіне жабысып алған Шойқара батыр шұбырған жылқының оң жағына шығып, тағы да жортарманға тап болып, қапысыз келе жатқан екеудің біреуін шоқпармен ұрып түсіреді. Екіншісімен жекпе-жекке шыққанда қырғыз барымташысы «қуғыншылар келіп қалған екен» деп жылқылармен қаша жөнеледі. Екеуі бірін-бірі қуа салғыласа жылқылардың алдына шығады. Сібірлеп таңда біліне бастаған екен. Жылқылар қайыру бермейді. «Шынымен-ақ қалмақ қуғыншылары қаптап келіп қалған екен»-деп ойлаған Шойқара батыр қырғызбен бірге қайыру бермей елеуреген жылқыларды Ешкілі Қордайға жете зорға тоқтатады. Қырғыздар бұл жылқыларды Іле жақтан барымталап келеді екен. Күн көтеріліп қалғанда ұйықтап жатқан батырлардың үстіне кездейсоқ айдап келсе, жолсоқты болып қатты шаршағандары соншалық батырлар әлі ұйықтап жатыр екен. Барымтадан түсірге олжа жылқыны кедей-кепшіктерге жарлы-жақыбайларға бөліп береді. Бұған дейін де, бұдан кейін де қалмақ малдарын айдап әкелгенде соңынан келген қуғыншылар Шойқара батырға бата алмай, төңеректеп жүріп қайтады екен. Содан болса керек барымта малды «Қарасаң – бүгін қара, бүгіннен соң – құй-қара, құй-қарама» деген мәтелдің шығуы.
Шойқара бабамыздың ерліктері туралы жоғарыда айтқан көзі ашық, көкірегі ояу Нұрбек Байділдаев ағамыз біраз құнды материалдар жинаған екен. Кеңестік кезеңде ондай батырлар туралы айтуға, жазуға жол берілмеді. Егемендік елге тиген соң жетпіс жылдан астам қасаң болып қатып қалған тиымдардың көбесі сөгілді. Соған сәйкес қазақ халқының тағдырын біржола шешкен «Аңырақай шайқасы» туралы түрлі материалдар шыққанда да Нұрбек ағаның Шойқара батыр туралы жазған көлемді мақаласында оның ұрпақтары Алматы облысындағы Нарынқолда, Қаратұрықта, Шелекте, Түркістан облысындағы Шымкентте, Қазығұртта, Созақта, Гүлстанда, Жезқазғандағы Жейрамда, біздің Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы Қаракемер, Күнбатыс, Қордай т.б. ауылдарда тұратындықтары айтылады. Сонымен қатар оның жоңғар қалмақтарымен болған шайқасында Райымбек, Есенгелді, Шаян, Қарпық батырлармен тізе қоса жауға шапқан жас батыр, хас батыр болғандығы түрлі дәлелдермен сөз болады.
Бұхар жыраудың «Әй, Абылай» деген жырында Шойқара туралы «Шой батыр» депте айтылады. Шой деп отырғанымыз, сол Шойқара болады. Ел-жұрт негізінде батырды «Шой» дей береді екен. Бұл атау мұндағыға дейін сақталғанын өз құлағымызбен естідік. Әжем Тойтыш (әжем әнші болған, ол кісі 85 жасында, әкем 97 жасында қайтыс болды) пен әкем Байділда екеуі «Күләйдің әні» деген құлаққа жағымды бір ғажап әнді салып отырушы еді. Сол ән былай басталатын:
Малға сатты тоқал ғып Шойқараға,
Ұзын бойлы, кең иық қой қараға, — деген сөздеріне қарағанда батыр бабамыз шындығында да еңсегей бойлы, ер тұлғалы шойындай қара кісі болса керек – деп жазады мақала авторы.
Шойқара батыр бабамыз тек батырлық пен ғана аты шығып, танымал болмаған. Оның қолы ашық, кеңпейіл, еліне қамқор болған екен. Оны Жамбыл мен Сарыбас ақынның айтысындағы Сарыбас ақынның:
Қарны ашқанға қой сойып,
Аямаған тамағын.
Күніне жүз кісі қонса да,
Шытпаған бір қабағын.
Аты жоққа ат берген,
Асы жоққа ас берген.
Байлаусызға тиым боп.
Ел бөлінсе жиын боп,
Басып қосқан Шойқара – деп, Шойқараның ұстанған саясатын, елге тигізген қайыр шапағатын мадақтайды. Айтыста Жамбыл Сұраншы, Саурық батырларды мадақтағанда Сарыбас «Шойқараның батыр ұрпақтары қозғалғанда жер қозғалады деп, тосқауыл қойған екен.
Алты жыл бойы төсек тартып ауырып жатып, айығып шыққан соң Кенен ақын да «Халыққа сәлем» деген өлеңінде:
Қыбырай, сәлем айтам, Шойқараға,
Құлболды, Машақ пенен Есқожаға.
Ауырып алты жылдай жазылған соң,
Есіме қайран елім түстің жаңа – деп өлеңге қосуы тектен-тек болмаса керек. Жастық шағынан бастап ат белінен түспей сан түрлі соғыстармен шайқастарда ешкімге дес бермей келген батыр бабамыз бір үлкен шайқаста жау қоршауында жалғыз қалып қояды. «Батыр аңғал» демекші қыза-қыза жау ортасына түсіп қалған қазақ батырына жау жағы көп болып жабылып, мерт қылған екен. Бұл туралы Алматы облысындағы Шиен ауылында туған, 1916 жылғы «Қызылсай қырғынында» ақтарға қарсы шыққан Қасабай мергеннің немересі Жұмабек Иманқожаев айтып, одан соң, қалың шидің ортасындағы шағын төбешіктегі мазарды «мынау сенің бабаңның құлпытасы» деп үгілуге шақ тұрған үлкен құлпытасты көрсеткен екен. Кескілескен күресте көзге түскен, Аңырақай шайқасы қаһармандарының бірі сол жерге – Қоғамшылда жерленіпті. Ескікөз қарт-қариялар сол жерге әлі күнге зиярат жасап барып тұрады екен. Шойқара батыр бабамыздың Қордай ауданын сегіз ұлынан тараған ұрпақтары негізінен Қаракемер, Күнбатыс ауылдарына қоныстанған, өсіп-өнген үлкен ел болып отыр.
Шойқара батырдың үшінші ұлы Бекенейден туылған Қосуақ пен Жұман аталарымыз да өз кезінде көзге түскен қайраткер болып, ел тағдырына араласқан. Айтсақ Қосуақ Бекеней ұлы шамамен 1814-1815 жыдары Қордай жерінде дүниеге келген. ХІХ ғасырдың басында Қазақстанның Оңтүстік аймағын түгел өзіне бағындырып алған Қоқан хандығының қолбасшылары 1830-31 жылдары Қосуақты Шу бойының қырғыз елімен шектесетін күнгей аймағына датқа (ел басшысы) етіп тағайындаған. Алғырлығымен, көрегенділігімен аймақ басқарған Қосуақ датқа Шу, Суалма, Қасқасу өзендерінен бірнеше каналдар салып, егіншілікті көтерген. Қырғыз өзбек елдерімен тығыз араласа отырып, қазақ халқын өте жинақы ұстап, жігін білдірмей басқарған. «Қайрақты қайрай-қайрай таты шықты; Он жетіде Қосуақ атамыздың аты шықты; аты шықпай, тәңірім, енді қайтсін; Артынан Жұман атам батыр шықты» дейтін өлең жолдары сол кезде айтылған екен.
Ал, Қосуақ датқаның туған інісі Жұман Бекенейұлы (шамамен 1820-21 жж. Қордай жерінде дүниеге келген) ХІХ ғасырда Жетісудың Шу бойында болып өткен саяси, әскери оқиғаларға тікелей араласқан. Ағасы Қосуақ датқамен бірлесе отырып 1840-50 жылдары Қоқан хандығының ықпалынан түбегейлі құтқару мақсатында қазақ, қырғыз жерінде қарсы көтеріліс дайындаған. 1858 жылы қоқандықтарға қарсы Қордай, Шу жерінде ірі көтерілісті бастаушылардың бірі, 1860 жылы Қастектен Сарыжазық арқылы Шуға бет қойған орыс әскерлерін Әулиешоқы тауы арқылы Тоқмақ қаласына кіргізісіп оны бірге алысқан. Сол жылдың 4 тамызында Піспек қаласын алу кезінде қатты жараланып, кейінгі жылдары сол жарақаттан қайтыс болған. Батырдың денесі Қыржол астындағы өзен бойына қойылған.
Шойқара батырдың кенже ұлы Шыңғысбай да ержүрек, батыр болып өседі. Ол да жаугершілік кездерде талай рет тайталаста жеңіп шығып, көзге түскен батыр болған. Енді бірде қазақ пен қырғыз арасында жерге талас шайқасы өршіп кетіп, абайсызда Шыңғысбай батыр қырғыздарға қолға түсіп қалады. Қырғыздың манабы Орман Шыңғысбайды қатқан көн теріге орап, сыртынан тігіп тастаған екен. Мұны көрген Орман манаптың әйелі Ұлбала (қазақ қызы) өзінің күңі арқылы бір тоқтының етін тұтас пісіртіп, бір шелек қымызды ұрлап бергізіп тұтқындағы Шыңғысбайды қатты терлетеді. Терге жібіген көк теріні тұтқын тесіп, қашып кеткен дейді. Бұл әңгімені тоқсаннан асқан Сүлейменов Әділхан аға айтқан еді.
Шыңғысбай атамыз да осындай алуан түрлі ерлігімен еліне көп пайдасын тигізген. Содан болар Шыңғысбай батыр ұрпақтары қоныстанған екінші Күнбатыс ауылының ибалы да тәрбиелі келіндері аталарының атын тергеп «Батыр ата» ауылынанбыз деп келеді.
Міне, өзіміз біліп отырғандай Шойқара бабамыздың әкесі Арыстан батыр да, оның ұлдары Қосуақ датқа мен Жұман, Шыңғысбай батырлар елі үшін, елінің жері үшін жан аямай, бүкіл ғұмырлары мен өмірін соған сарп еткен. Сондықтан қай-қайсымыз болмасақта туған жердің әр аршын жерін аялап, ардақтап, бағалайық. Өйткені ол бәріміздің ата-бабаларымыздың маңдай терімен, қасық қанымен бізге аманат етіп қалдырылған баға жетпес байлығымыз.

Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ
Шойқара батырдың алтыншы ұрпағы, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.