КІТАПХАНАШЫ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕСІ

0

«Кітап – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген еді Ғабит Мүсірепов. Ал ұлы жазушы айтқан рухани өсиет кітапты бүгінгі оқырманның ой азығына айналдырушы адам – кітапханашы. Қазынаға толы кітаптарды көздің қарашығындай сақтап, ел игіліне жаратып жүрген кітапханашылар қандай құрметке де лайық.

Биылдан бастап еліміздің мерекелік күндерінің тізбесі жаңа кәсіби мерекемен толықты. Енді жыл сайын 24 қазан – кітапханашы күні атап өтілетін болды. Осы күнге дейін төл мерекелері болмаған кітапхана қызметкерлері жыл сайын мамыр айында мәдениет қызметкерлері күнінде сол саланың мамандарымен қатар марапатталатын. Енді күнтізбеден жеке күн еншілеген кітапханашылар дән риза болары сөзсіз. Өйткені бұл оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болған мамандық иелерінің мәртебесін көтерері анық.
Жалпы Қазақстандағы алғашқы кітапхана 1831 жылы Орал қаласында әскери училище жанынан ашылған екен, және ол тек оқушыларға қызмет көрсеткен. Бүгінде бұл кітапхана «Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы» болып аталады. Сондай-ақ, Қазақстанның тағы бір көне кітапханаларының бірі – патша үкіметі кезінде ашылған «Абай атындағы Семей әмбебап ғылыми кітапханасы». Алғаш рет бұл кітапхана оқырмандарға 1883 жылы ашылған.
Аудан оқырмандарын білім нәрімен сусындатып отырған Қордай аудандық кітапханасының тарихы да тереңде жатыр. Ауданымыздың рухани қазына орталығы жылдан жылға дамып, кітап қоры да жаңа оқулықтармен толығуда. Мұнда ой-өрісі кең, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырманға қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беретін өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады.
Кітапханада жаңа ақпараттық технологиялар қолданылып, оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіледі. Кітапханаларды білім ошағына айналдыру мақсатында және тұрғындардың белгілі бір іс-шараларды өткізіп, жайлы жұмыс істеуі үшін коворкинг орталығы да ашылған. Мұнда кез келген адам семинарлар, конференциялар, іскерлік кездесулер және басқа да қажетті шараларды өткізе алады. Жұмыс орталығы компьютерлермен, интернетпен және тегін Wi-Fi-мен жабдықталған. Біріншіден, коворкинг орталығы – бұл халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматына көшуге мүмкіндік беретін білім орталығы, сонымен қатар бұл өз кезегінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қолдау көрсету болып табылады. Жоғары жылдамдықты интернет, жайлы атмосфера, бейресми қарым-қатынас пен ынтымақтастық – бір сөзбен айтқанда оқымандар үшін жайлы жағдайдың бәрі бар.Қазіргі таңда аудандық кітапханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, ғимарат сүйікті оқырмандарына есігін айқара ашып, жұмысын жалғастырмақ.
Адамзат үшін маңызды, тарихи мамандыққа айрықша құрмет көрсету рухани толысқан қоғам белгісі екені сөзсіз. Ендеше, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы дәнекер болып отырған кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.