Қазақстандық БАҚ беттерінде үнемі адамдардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары туралы айтылып жатады. Өлімнің жалпы статистикасында, суицизм 13-ші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орын алады және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы болып табылады екен.
Жамбыл облысына келетін болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында 117 адам өз өмірін қиған. Сонымен қатар жаңа құрбандар саны да өсуде.
Өз-өзіне қол жұмсау – қазіргі қоғамның күрделі мәселелерінің бірі екені анық. Сонымен бірге оның өзектілігі әлеуметтік-экономикалық жағдайлары, мәдени және діни дәстүрлері мүлдем басқа елдерге тән. Жас ерекшеліктеріне байланысты мына жастағы адамдар өз-өзіне қол жұмсауға бейім болып келеді екен: жасөспірім (15-24 жас), орта (45-50 жас) және кәрілік — 70 жастан кейін.
Мамандар өзін-өзі өлтіру — өмірдің көптеген аспектілерін қамтитын өте күрделі құбылыс екенін айтады: философиялық (өмірдің мәнін жоғалту), психологиялық (депрессиялық күй, үмітсіздік), әлеуметтік (тұрақсыздық, қанағаттанбау, беделді жоғалту және т.б.) және моральдық, құқықтық және медициналық (ауыр ауру, психикалық бұзылулар). Демек, суицизм адамда әдеттегі, жалпы қабылданған жолмен шешуге болмайтын немесе қажет емес деп санайтын мәселелердің болуын көрсетеді. Өзіне-өзі қол жұмсаудың ең қауіпті кезеңдерінің бірі – жасөспірімдер арасында жыныстық-рөлдік сәйкестендірудің қалыптасуы орын алған кезде, орынсыз махаббат, достармен, ата-аналармен қақтығыстар және мектептегі мәселелер. Сонымен 10% жағдайда баланың суицидтік мінез-құлқы өзін – өзі өлтіруді мақсат етеді, 90% — жасөспірімнің суицидтік мінез-құлқы — бұл өзіне назар аударту болып табылады.
Мамандардың айтуынша, бір-біріне мұқият болу арқылы қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдаған адам басқаларға өзінің жоспарлары туралы жасырын сигнал беруге тырысады. Сондықтан осындай жағдайға тап болған уақытта, ең алдымен, тиісті маманға хабарласу керек.
Дағдарысты күйге тап болғандар оны тек үйдің ішінде талқыға салып, сыртқа шығармауға тырысады. Сондықтан да, мұның себебі көп жағдайда анықталмай қалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің 800-ден астам түрін анықтаған. Ежелгі халықтардың діліне жат болған бұл ұғым, соңғы жылдары белең алып, дерт көзіне айналды. Бұл ретте, кез келген дін өз-өзін ажалға қиятындарға оң қабақ танытпайтыны белгілі. Кезінде христиан діні өкілдері осы жолды таңдаушыларды жер қойнына тапсырмаған. Ал ежелгі Грекияда өздеріне қол жұмсауға ұмтылғандардың қолдарын шауып тастаған. Ал ислам мемлекеттерінде бұл – сирек кездесетін құбылыс. Шариғатымызға қайшы келгендерге жаназа намазы оқылмайды, Құран бағышталмайды. Қиындықтан құтылудың жалғыз жолы – өз-өзіне қол жұмсап, ажал құшу болмаса керек. Оны «ойланбастан шешім қабылдаудың салдары» деп түсінген дұрыс. Адамдар көбінесе басына қиыншылық түскен кезде оны шешудің жолдарын таба алмай, осы дертке шалдығып жатады. Шығыста «Бір күндігіңді ойласаң, күріш ек, он жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ұрпағыңа жақсы тәлім-тәрбие бер», деген қағида бар. Бұл жерде айтайын дегенім, егер әрбір балаға жастайынан жақсы тәрбие беріп, стереотипке бой алдырмай, өмірді бағалай білуге үйретіп өсірсек, мұндай қайғылы жағдайларға тап болмасымыз кәдік. Бұл ретте баланың бойында патриоттық сезімді оятып, өмірге деген құлшынысын арттыру үшін нәтижелі әрі түзу бағыт-бағдар беруіміз абзал.
Дегенмен, мұсылман баласы үшін өзіңе-өзің қол жұмсау ауыр күнә екендігі еш күмәнсіз. Өйткені, жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Әрбір қиындықтан кейін, жеңілдіктің келетініне сенеді. Жаратушыдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Өмірдің ең қиын сәттерінде де өзін өлтіруге бармайды. Ендеше, өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себепті «сенім» деп білген жөн. Иманы толық адамдарда қандай да бір қайғыны жабыла көтеру, қиыншылыққа ортақтасу деген бар. Ал имансыз жандарда мұндай жағдайлар кездесе бермейді. Сол себепті қиналған кезде қайғысы еселеніп, бұл дүниеден қашудан басқа жолы қалмайды. Өйткені, о дүниеге деген сенім жоқ. Сөйтіп, онсыз да қызығы қашқан өмірінен баз кешіп, бұл жалғанмен қош айтысып кете барады. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуіміз қажет. Осы арқылы ғана жақсы жағынан ықпал етіп, үлкен нәтижеге жетеріміз хақ. Сонымен қатар, қолдау көрсететін түрлі мекемелер де жеткілікті. Солардың көмегіне жүгініп, өмірімізге қажетті нәр ала білсек, бұл проблеманы еңсере алатынымыз күмәнсіз.