ДІЛМАР ҺӘМ ДІНДАР ЖАМБЫЛ

0

Ел аузында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың Кремльде намаз оқығаны жайлы аңыз бар. Ақиқат пен аңыздың аражігін Алла біледі, алайда Жамбыл-Жәкеңнің бес уақыт намазына ықтиятты болғаны рас нәрсе.
«НАМАЗЫН БЕРІЛІП ОҚИТЫН…»
Жамбылдың немересі, ортаншы ұлы Тоққұлының баласы Әлімқұл Жамбылов Нағашыбек Қапалбекұлына берген сұхбатында: «Адамға бақ Алладан бұйыратыны рас. Қазір кейде ойлаймын, егер Жамбыл өз таным-түсінігі арқылы Аллаға мойынсұнбаған адам болса, осындай абыройға жетер-жетпесі неғайбіл екен-ау деп. Алланың әрбір астарлы аятынан сусындап, ғибрат алған Абай мен Жамбыл қазір халықтың ақыл-ойы, қазақ жырының алыбы аталады. Осында бір заңдылық жатыр деп ізденген дұрыс-ау. Қаншама діни әңгіме, дін-исламдық қисса-дастандарды зердесіне тоқып, жеке қалғанда біздерге айтып отыратын. Болмаса қараңызшы, соншалықты дарқан түйсікпен, бүкіл шығыс қиссаларын көкейге ерекше тоқып, зерек зердеге иелік ете ала ма, толқындата буырқанып, лағыл жырлар төге ме? Алланың шын ықыласы түспеген адам жасы сексеннен еңкейгенде осыншама атақ-құрметке қалай жетеді? Қазақта аузымен құс тістеген қаншама дарынды ақындар болды, қаншама жыраулар өтті сол заманда? Солардың бәрінің арасынан Жамбылға Жаратқанның шапағат нұры неге ерекше жарқырады? Мұның бір сыры, «бес уақыт намазын қаза етпеген діндарлығында жатқан шығар» деген ойды мен қазір жасым тоқсанға қадам басқанда ғана түсіне бастадым» депті (Нағашыбек Қапалбекұлы, «Шығармалар жинағы», 3-том, Алматы, 2020).
Осы сұхбатында Әлімқұл Жамбылов өзінің де намазға жығылуына атасы Жамбылдың себепкер болғанын атап өтеді. «Титтейімнен атамның жайнамазын алып беріп, намаз оқығанда қасында бірге тұратынмын. Намаз оқыған кезде ерекше балбырап, балқып, беріліп оқитын. Нұрланып, көзінде нұр ойнап, құлпырып, жайнап шыға келетін» дейді Жамбылдың немересі.

МҰСЫЛМАНДЫҚ ҒҰРЫПТЫ ЖАҚСЫ ОРЫНДАДЫ
Былтыр «Ана тілі» газеті кезінде Қарғалыдағы «Сәт» мешітінің имамы болған Әбдіқадыр қари Иминовтің «Алыптың имамы» деген жазбасын жарыққа шығарды. Осы жазбада Әбдіқадыр Иминов Жамбылдың діни ұстанымы жайлы біраз дүниенің бетін ашты. Өзінің жазуынша, Әбдіқадыр 1917 жылы Қашқар қаласында қожалар әулетінде туған екен. Медресе бітіріп, Құранды зерделеп, араб, парсы тілдерін меңгеріпті. 1931 жылы ұйғырлар қытай басқыншыларына қарсы көтерілген кезде 17 жастағы Әбдіқадыр қаланы қорғаушылар қатарынан табылыпты. Кейін Қашқар құлап, халықты жаппай жазалау басталғанда ату жазасына кесілгендер қатарында Әбдіқадыр да болған екен. Алайда Алланың қалауымен аман қалып, от пен су кешіп жүріп, 1935 жылы Алматыдан бір-ақ шығыпты.
«Бұл кезде бүкіл елде дінсіздік етек жайып, мешіттердің түгелге жуығы жабылған. Қай жерде жүрсем де, Құран мен намазды ашық оқитынмын. Сол ғадетім өмірімді сақтады деп ойлаймын. Осы діндарлығым арқылы мен Жамбылмен таныстым, жаңа достар таптым, пікірлес жандарды кездестірдім» деп жазады (Әбдіқадыр Иминов, «Ана тілі» газеті, №8, 2020).
Кейін Қаскелеңде құрылысшы болып қызмет істейді. Басшыларының бірі Жамбылдың туысы екен, сөйтіп соның үйінде жыр алыбымен танысады. Жамбыл оның дін жолын ұстанған жігіт екенін біліп, жақынырақ сөйлесу үшін үйіне шақырады.
Әбдіқадыр Иминов осы кездесу жайлы: «…Екеумізді біріктірген бір нәрсе Алланың құдіретіне деген сенім, оның рахымынан үміттенетін ерекше бір сезім еді. Бұл кезде исламға шүбәсіз сенетін адам ғана намазды ашық оқитын. Жәкең Құранды жақсы білетін, қасиетті кітаптағы алғашқы сүрені оқығанында оның көздері күлімдеп, тіпті жасарып кеткендей әсер қалдырды» дей келіп осынау алғашқы кездесу екеуін жақындастыра түскенін айтады.
Затаевичтің қорынан алынған Жамбылдың суреті. Отызыншы жылдары түсірілген болса керек.
Одан әрі ол: «…Ақынның дінді құрметтейтін отбасында өскені белгілі. Оның үлкен ағасы Тәйті қажылық сапарға екі мәрте барған адам. Жамбылдың өзі де өмір бойы намаз оқыған, мұсылмандық ғұрыпты жақсы орындаған. Менің Құран оқығанымды сүйіп тыңдай¬тын. Бірнеше сағат жалықпай отыратын. Көптеген сүрелерді мен қазақшаға аударып түсіндіретінмін. Сүннені, пайғамбарымыздың өмірі сипатталатын әңгімелерді ынтышынтысымен тыңдайтын, хадистерге жіті зейін қоятын» дейді.
Осылайша Әбдіқадыр Жамбылдың арқасында елге танымал бола бастады. Жұрт оны «Жамбылдың молдасы» деп құрмет тұтты. Әбдіқадырдың үйленуіне де ақынның өзі себепкер болған екен. Оған Ұзынағаштағы Шәріп деген кісінің Гүлжаһан дейтін сұлу қызын алып беріп, шаңырақ көтеруіне жәрдем беріпті. Тіпті некелерін де Жамбылдың өзі қиыпты.

МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА
СЕБЕПКЕР БОЛДЫ
Отызыншы жылдардың соңында сталиндік репрессия басталған шақта дін адамдарын да шетінен ұстай бастады. Осы кезде НКВД қызметкерлері Әбдіқадырды да ұстап әкетіп, Құран кітабынан бастап Қазаннан басылып шыққан бүкіл кітабын тәркілейді. Мұны естіген Жамбыл дереу НКВД бөліміне келіп, Әбдіқадырдың үстінен жазылған арызды алдырып, сол жерде оны паршалап жыртып, молданы тұтқыннан босатып алыпты. Қандай жүрек десеңізші!
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде биліктің дінге деген көзқарасы жыли бастады. Дінге тұсау салынған кезде қаншама мешіттер жабылған еді. Соның бірі кейін мектепке айналған Қарғалыдағы Сәт болыс салдырған мешіт болатын. Оның бұрынғы мешіт екенін жақсы білген Жамбыл Сталиннің дінге кеңшілік беріп тұрған сәтін дұрыс пайдаланды.
«1943-1944 жылдары Сталин дінге жайлап ерік бере бастағанда Жамбыл Алматыға барып, тура Жұмабай Шаяхметовтің өзіне кірді. Сөйтіп мешіттің қайтадан ашылуына себепкер болды. Жәкеңнің тікелей ұсынысымен сол мешіттің бірінші имамы ретінде жұмысқа кірістім. Бұл сол кезеңде бүкіл Қазақстан бойынша ресми тіркелген алғашқы діни қоғамдастық еді. Алматы мен Семейдегі мешіттер бізден кейін тіркелді. Ашылу салтанатына Жамбылдың өзі қатысты. Одан кейін де жұма намазына жиі келіп жүрді. Осы жерде ақиқатын ашып айту керек, Жамбыл атам болмаса, Қарғалыдағы бұл мешіт те жоқ еді. Сол жылдары бүкіл Қазақстан аумағында 7-8 мешіт қана жұмыс істеді» дейді Әбдіқадыр Иминов.
Жамбылдың өзі ғана намаз оқымай, Сталиннің тірі кезінде-ақ Қарғалыдағы мешіттің ашылуына себепкер болғанын Әбдіқадырдың осы әңгімесінен-ақ байқауға болады.
Жамбыл Қарғалыдағы «Сәт» мешіті жамағаты ортасында отыр. Сөйлеп тұрған мешіт имамы – Әбдіқадыр қари Иминов.

АҚЫННЫҢ ЖАНАЗАСЫ
ЖАСЫРЫН ШЫҒАРЫЛДЫ
Соғыс кезінде Жамбыл ұлы Алғадайдан айырылды, тағы бір баласы Ізтілеу майданнан хабарсыз кетті. Қайғы үстіне қайғы жамаған жыр алыбы шөге берді.
«Бірақ бұл ақын өмірінің тек сыртқы жағы болатын. Ішкі әлемінде ол дінге біржола ден қойды. Намазын үзбей оқып, Аллаға жалбарына бастады. Мәңгілік туралы, өмір мен өлім туралы пайымдады. Маған кейде балалық шағы жайында естелік қозғап, шешіле сөйлейтін» дейді Әбдіқадыр жазбасында. Жамбылдың дерті күшейіп, 1945 жылдың 22 маусымында дүниеден озды. Өзінің аманаты бойынша жаназасын Шәріп қажы мен Әбдіқадыр қари жасырын түрде шығарды. «Жерлеген соң, бейіті басында алғашқы Құранды Шәріп қажы оқыды, мен екінші болып оқыдым. Ақынды ақтық сапарына мыңдаған адам шығарып салды. Сол кезде бәріміз Қазақстанның мақтанышы мен даңқына айналған аса қасиетті адамды жер қойнына мәңгіге тапсырғанымызды анық түсіндік» деп түйіндейді Әбдіқадыр Иминов.
Әлімқұл Жамбылов та жоғарыда келтірген сұхбатында Жамбылдың жаназасын Алматының бас қазиі Шәріп қажы (Сталиннің рұқсатымен қажылыққа барған кісі) мен Әбдіқадыр қари шығарғанын растайды.
«Жамбыл өзі көзі тірісінде Жұмабай Шаяхметовке барып: «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан менің обалыма қалмай, өлгенде мұсылманша жаназа шығартып, өзімнің бағымның ішіне жерле. Соған уәдеңді бер. Әйтпесе Сталиннің өзіне айтамын бұл өтінішімді» деп қорқытқан көрінеді. Сол тілегін Жұмабай орындады. Елге көрсетпей, коммунистерге жария етпей, Алматының бас қазиі Шәріп қажы мен Қарғалы мешітінің имамы Әбдіқадыр Иминовқа жаназа шығартты. Оған Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов қатысты. Мен бұл оқиғаны көзіммен көрдім» дейді Әлімқұл Жамбылов. Мұсылмандық жолды ұстанып, өмірінің соңына дейін оразасын ұстап, намазын үзбей оқыған Жамбыл Жабаевтың жөнелту жолы да мұсылманша атқарылды. Алла Жамбыл атамыздың рухын шат қылғай!
Серікбол ХАСАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.