«Заң керуені» АУДАНДА

0

Жуырда Жамбыл облыстық прокуратурасының бастамасымен «Заң керуені» акциясы бастау алды. Шара аясында облыс тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, азаматтардың өтініштері қаралып, құқықтық көмектер көрсетіліп, кеңестер берілуде. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелерден хабардар болып, олардың шешімін табуға ықпал ету.

Облыстық прокуратура және Ішкі істер департаменті өкілдерінен құралған керуен өткен аптада Қордай ауданына да келіп жетті. Құқық қорғау органы қызметкерлері Отар, Кенен ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Отар ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров ауыл халқын департамент өкілдерімен ашық диалог құруға шақырды.
Кездесу барысында Отар ауылының тұрғындарын газдандыру, су құбырының жұмысы, жол белгілерін орнату, денсаулық сақтау саласына қатысты және көші-қон мәселелері алаңдататыны белгілі болды. Облыстық жедел штаб мүшелері барлық мәселелерді жеке бақылауларына алып, аудан прокурорына анықталған түйткілді жайттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды. Осыдан кейін азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, ауыл тұрғындары құқық қорғау органдары өкілдеріне көкейінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Жергілікті халықты мазалаған маңызды мәселелерге қанық болған заң сақшылары келіп түскен өтініштер бойынша ақыл-кеңестерін беріп, кейбір сұрақтардың шешімін сол жерде айтты.
Дәл осындай кездесулер Степное, Қордай ауылдық округтерінде де ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары жұмысшы топ өкілдерімен тілдесуге мүмкіндік алды.
— Барлық көтерілген проблемалық мәселелер мұқият қаралмақ. Қосымша зерделеуді талап етпейтін сұрақтар дереу шешілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың бірде-бір өтініш-тілегі назардан тыс қалмайды, – деп сөзін түйіндеді Б.Ізбасаров.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар арқылы бюрократиялық кедергілерді жоюды көксеп отыр. Ал бұл жобаның туындаған мәселелерді шешуге жақсы мүмкіндік екенін атап өткен аудан тұрғындары оған оң бағаларын берді.
Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.