ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

0

Қоғамның басты негізі еңбек болып қала береді. Адамдар еңбек арқылы тек қана күн көріс қамын ғана ойламай, өзін-өзі маман ретінде, адам ретінде қалыптастыруға мүмкіндік алады. Еңбек адамының беделі жоғары қоғамда дұрыс принциптер мен өмірге деген көзқарас қалыптасатыны бұрыннан аян. Сондықтан, елімізде де адал еңбекпен нәпақасын тауып отырған азаматтарға қолдау саясаты жүргізілуде.

Жуырда ауданымызда жұмыссыз азаматтарды қолдаудың пилоттық жобасы іске аса бастады. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық Жоба» аясында жұмыссыздарды жұмыс берушінің жұмыс орнындағы кәсіптік оқуға 40 азаматты оқыту жоспарланып, қазіргі таңда олар «тігін ісі», «құс өндірісі», «аспазшы-кондитер», «тәрбиеші» (тәрбиеші көмекшісі) мамандықтары бойынша кәсіптік оқуға жолданды. Оның мәні неде? Екі қолға бір күрек іздеген жандарды «Жұмыспен қамту орталығы» екі айлық ақылы тәжірибеден өткен соң, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Ал оның жалақысын мемлекет төлеп отырады. Осы жүйе арқылы жұмыс тәжірибесінен өтіп жатқан алғашқы азаматтардың бірі Қордай ауылының тұрғыны, жалғыз басты ана Рано Мамедова. Ол заңға сәйкес ең кіші баласы үшке толуына байланысты жұмысқа тұруы талап етілген. Осыған орай, Орталық тарапынан оған жұмыс берушінің жұмыс орнындағы кәсіптік оқу ұсынылып, бүгінгі күнге «Нур-Ел» ЖШС-де жұмыс берушілердің жұмыс орнындағы кәсіптік оқуын өтуде және сонымен қатар, ережеге сәйкес қазан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
«Мен «Халықты жұмыспен қамту орталығына» атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жолыққан едім. Орталық қызметкерлері осындай бағдарлама бар екендігін, жұмыс тәжірибесінен өтуге болатындығын айтып берді. Мен келістім, енді міне тәрбиешінің көмекшісі ретінде балабақшада еңбек етіп жүрмін», — деді Рано Мамедова.
Орталық қызметкерлері аталмыш бағдарламаның қазіргі кезде аудан тұрғындары тарапынан оң бағасын алып жатқанын айтуда.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.