ДІНИ СЕНІМ БОСТАНДЫҒЫ ЗАҢНАМАСЫ

0

Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан Республикасы. Ата заңымыздың 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сондай-ақ, Конституциямызда әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық тағы басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Бірақ, бұл зайырлылық – дегеніміз шектен тыс еркінсу мен дін атын жамылған кейбір экстремистік ұйымдардың қоғамға ылаң салуына жол беру деген сөз емес. Бұл турасында Елбасымыз бір сөзінде «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы – дегеніміз озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп түйіндейді. ҚР Конституциясында: « 3-бап: 1) Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2) Діни бірлестіктер және Қ.Р азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
3) Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
4) Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, ҚР білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.
5) Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.
14 бап: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына… ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды».
19 бап: 1) Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқығы бар» делінген. Яғни әр қазақ елінің азаматы өзі қандай дін ұстанса да, оның құқығы заң алдында барлығымен тең дәрежеде болады. Бұл діни сенім бостандығының жарқын көрінісі.
Бүгінде елімізде мұсылмандар діни басқармасы жұмыс істейді. Және оған қарасты 1 университет, 9 медресе бар. Одан бөлек 2716 мешіт бар. Имамдар жат ағымның жетегінде кеткен қандастарымызды дәстүрлі дінге оралуына күш жұмсап жатыр. Қазіргі уақытта Орталық Азия бойынша алғанда мешіт саны жағынан алдыңғы орындамыз. Және соған сай бейбіт қоғам құрып отырғанымызды алға тартуға толық құқымыз бар деп есептейміз.
Қалай десекте ел боламыз деген асыл арманның артында дін мен мемлекеттің арасындағы өзара келісімнің болуы мақтан. Бірақ, осы бір кірпияз дүниені дақ түсірмей арқалап жүру әр азаматтың міндеті болса керек. «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақыт намаз қаза болмасқа», — деген бабалардың ізімен жүрсек жаңылмасымыз анық деп білеміз.

М.САИДОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығы»
Қордай ауданы бойынша бөлім инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.