Биылғы жаз Үлкен Сұлутөр мен Шарбақты ауылдары үшін көпке дейін ұмытыла қоймас. 24 маусымда нөсер жауын салдарынна жүрген сел талай отбасын үлкен шығынға ұшыратып кеткен еді. Оның салдарын жою жұмыстары оңай болған жоқ. Сол кезде жарамсыз қалыпқа түскен Үлкен Сұлутөр ауылындағы нысандар қазір қалыпқа келген. Жақында аудандық газет тілшілері таулы ауылға арнайы барып келген еді.
— Табиғи апат нәтижесінде 17 үйдің ауласын су басып, 5 үйдің ішіне кірген. Бұл жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып, зардап шеккендердің материалдық шығыны есептелді. Суға ағып кеткен 66 бас малдың өлексесі табылды. 4 бас ірі қара мал, 1 бас жылқының орны толтырылды, қалғаны ұсақ-түйек мал. Аулаларын қалпына келтіру үшін 530 мың теңге сомасында екі тұрғынға материалдық көмек көрсетілді. Селден кейін жарамсыз күйдегі үш үй қайта салынды. Бүгінгі күнге газ тарту жұмыстары жүргізілуде, яғни жақынарада жаңа үйлерге «көгілдір отын» жеткізілмек, — дейді Үлкен Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Бақыт Қоңырбаев.
Облыс және аудан басшылығының, «Нұр Ниет» қайырымдылық ұйымы атқарған жүйелі жұмыстың нәтижесінде зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетіліп, барлығы қалпына келтірілген.
Бүгінгі ол жұмыстар толығымен аяқталды. Сол күні су ауыл тұрғыны, 4 баланың анасы Людмила Кравецтың ауласын шайып кеткен. «Мұндай табиғат апатымен бетпе-ет келу қорқынышты екен. Сел нәтижесінде су 1 метрге дейін көтеріліп, ауладағы барлық шаруашылық құрылыстар мен қоршауларды шайып кетті. Бізге көмектескен барлық азаматтарға үлкен рахмет айтамыз. Біз үшін жаңа үй салынды. Округ әкімі мен комиссия мүшелеріне айтар алғысымыз шексіз», — дейді Людмила Александровна.
«Сол күні не болғаны есімде де жоқ, барлығы аяқасты болды. Үйде немерелеріммен болғанмын. Су ағынының күшті болғаны соншалықты үй ішіне бірден толып кетті. Немерелерімді аман қалу үшін барымды салдым. Сол бір қорқынышты күнді әлі ұмыта алмаймыз. Ескі үйіміз шаруашылық құрылыстармен бірге жарамай қалды. Біз комиссияға жүгініп, сатылымда тұрған жаңа үйді алуға көмек сұрадық. Барар жеріміз жоқ болған. Қолдау көрсеткен барлық азаматтарға отбасымның атынан алғыс айтамын», — дейді Мұратхан Өзбеков.
Зардап шеккендер жаңа қоныстарына барлық қажетті коммуникациялар жеткізілгеннен кейін, бір ай ішінде кіретін болады.
Табиғат апаты орын алғаннан кейін бірнеше айдан кейін ауыл өмірі қалыпты жағдайға келді. Көшелерге асфальт төселіп, балалар үшін шағын футболға арналған алаңша салынды.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ
ЖАҢА ҚОНЫС, ЖАҢА ӨМІР
Next Post