ЭКОНОМИКАНЫ ӘЛДЕНДІРУДІҢ АМАЛЫ
90-шы жылдардың басында өз алдына ту тіккен Қазақстан бақуатты келешекке ұмтылды. Бірақ тоқырауға толы кезеңде өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу оңай шаруа емес еді. Кеңес Одағы тараған бойда республика аумағындағы ірі өндіріс орындары, атап айтқанда зауыт, фабрикалар тоқтап, жұмыссыздардың саны күрт өсті. Дүкендердегі азық-түлік тапшылығы, өңірлердің электр энергиясынсыз қалуы, кеншілердің ереуілге жиі шығуы сынды әлеуметтік-экономикалық мәселелер – сол кезеңдегі елдегі ахуалдан нақты хабар беретіндей. Табысынан айырылған азаматтардың үй шаруасымен айналысып, күйбең тірліктің қамымен ала дорбаны арқалаған аналарымыз көршілес елдерден тауар тасуды меңгеріп, жан бағуға тура келді.
Міне, осындай күрделі жағдайда мемлекет «алдымен – экономика, содан соң саясат» стратегиясына басымдық берді. Тұралаған экономиканы әлден-дірудің амалы ретінде төл валютаны енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Осыған байланысты 1992 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, ұлттық ақшаны әзірлеу жұмыстарына кіріскенді. Бұл жұмысқа отандық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдері, суретшілер мен дизайнерлер, нақты айтқанда Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалелов сынды талантты шеберлер тартылды.
Шығармашылық топ тәуелсіз еліміздің алғашқы фиатты валютасының жобасын бір жылдың ішінде әзірледі. Қысқа мерзімде қолға алынғанымен, теңгенің кескіні, дизайндық шешімі және сапасы көптің көңілінен шықты. Әлем елдерінің валюталарын зерделей келе таңдау портреттік банкноттарға түсті. Нәтижесінде, Қазақстанның Ұлттық банкі және ұлыбританиялық Harrison & Sons Limited компаниясы ұлттық валютаны шығаруға байланысты келісімшартқа отырды.
Отандық банкноттар мен монеталардың түпкілікті нұсқасын еліміздің дизайнерлері ағылшын мамандарының қолдауымен жетілдіріп, басып шығарды. Еліміздің өткен тарихын негізге ала отыра, төл ақшаға «теңге» атауы берілді. Теңгенің алғашқы нұсқаларында қазақ тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалар мен тарихи-сәулеттік ескерткіштер, сондай-ақ еліміздің көрікті жерлері бейнеленіп, ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілді.
Айталық, 1 теңгелік номиналда – Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгелік купюрада – Сүйінбай Аронұлы, 5 теңгеде – Құрманғазы Сағырбайұлы, 10 теңгеде – Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеде – Абай Құнанбайұлы, 50 теңгеде – Әбілхайыр хан, сондай-ақ 100 теңгеде Абылай ханның портреті бейнеленген болатын.
8 КҮНДЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ЖЕТТІ
Біріккен Корольдіктің аумағында қазақстандық валютаны басып шығару ісі 1993 жылдың наурыз айына дейін жалғасты. Көктемнің соңғы айларында жаңа ақша елімізге жеткізіліп, теңге дүние жүзіндегі қорғаныш жүйесі жоғары валюталардың қатарынан орын алды. Бұл әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Мәселен, Harrison & Sons Limited Ұлыбритания патшайымының үздік сапалы өнім аталымы медалін иеленді.
Осы ретте елімізге тиесілі валютаны жеткізу мақсатында төрт «ИЛ-76» ұшағы Британ аралына 18 мәрте рейс жасағанын айта кеткен орынды. Теңгенің алғашқы даналарын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, сол жерден төл ақша еліміздің барлық өңіріндегі банктерге 8 күннің аралығында жеткізілді.
«Төрт ұшақты жалдап, теңгенің 60%-ын тасымалдап әкелдік. Бұл жасырын түрде жүргізілген операция болатын. Құжаттарда: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына қажетті мүлік» деп жазылған еді. Бұған дейін өңірлерде жерасты қоймаларын дайындатып қойған едік. Жоғарыдағы ұшақтар аптасына Лондон-Орал бағытында, сондай-ақ өңірлерге он сегіз рейс жасап отырды. 12 қарашаны ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күндей ғана уақыт қалған болатын. Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік қызметін тұтастай осы операцияны орындауға жұмылдырдым. Ең күрделі тапсырма – теңгені барлық өңір мен банкке жеткізу еді. Мұны 8 күннің аралығында атқарып шықтық. Кім білсін, осылай қысқа мерзімде ұлттық валютаны айналымға сәтті енгізген елдер әлемде жоқ та шығар», — деген естеліктерімен бөліскен еді Елбасы теңгенің енгізілуіне байланысты бір сұхбатында.
ТАРИХЫ ТЫМ ТЕРЕҢДЕ
Тарихқа зер салсақ, қазіргі теңгенің еліміздің аумағында болған алғашқы ақша емес екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, ықылым заманнан бері қазақ даласында сауда-саттық ісі үзілмей келеді. Бұған Ұлы Жібек жолының ұлан-ғайыр сахарамен түйісуі дәлел. Ежелден дала жұрты айырбас құралы ретінде бағалы аң терілерін, малды, сондай-ақ алтын және күміс секілді пайдалы қазба түрлерін қолданып келді. Десе де көшпенділер өркениетінде мыстан немесе басқа да металдан соғылған монеталар болғанын тарихшылар қуаттап отыр. Атап айтсақ, белгілі археолог, тарихшы Карл Байпақов Отырарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған VІІ-VІІІ ғасырларға тиесілі теңгелердің бетінде арыстан және арнайы таңбалардың бейнеленгенін жазғанды. Сонымен қоса Түргеш қағандары тұсында да қола теңгелер шығарылып тұрғаны белгілі.
Орта ғасырдағы қаржылық айналым Қарахан дәуірінде қарқын алғаны тарихтан мәлім. Қарахандар Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдаған алғашқы түркілер саналғандықтан, олардың патшалығында динар, дирхем немесе фулс сынды монеталарға басымдық берілді.
XIII ғасырда Орталық Азияда металл ақша шығаратын ірі сарайлар болған деседі. Олардың арасында көне Тараз бен Жент сынды шаһарлардың орны айрықша. Көбінесе ортағасырлық теңгелер аң стилінде безендіріліпті. Нақты айтқанда, олардың бетінен арыстанның, жыртқыш құстардың, сол секілді аңшының бейнесін байқауға болады. Көшпенділердің өміріне Ислам өркениеті бірте-бірте ене бастағанда монеталардан діни символикалар да көрініс таба бастаған.
Нумизматикамен айналысатын мамандардың пікіріне сүйенсек, бүгінгі «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Негізінен хандық заманда ақша соқтыру патшалық билікті көрсетудің саяси әдістерінің бірі саналатын. Түрлі дерекке сенсек, бұрындары қазақтар қағаз ақшаны аққұйрық, металл ақшаны бақыр, қарабақыр, күреш, қаракүреш, жармақ, тиын деп атаған.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің мәліметі бойынша бүгінге дейін қазақ хандары арасында тек Тұрсын Мұхаммедтің өз атынан ақша соқтырғаны белгілі болып келген. Алайда Салқам Жәңгір ханның тұсында мыс ақшаның құйылуы отандық нумизматиктер үшін тың жаңалық болып отыр. Демек бұл бағытта зерттеуге тұрарлық жұмыс әлі деп көп.
ҮЗДІК ВАЛЮТАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА
Қазақстанның ұлттық ақшасы ерекше көркем орындалуы мен қорғаныш қабілетінің жоғары сапалылығына байланысты бірнеше мәрте түрлі байқауда үздік деп танылды. Мысалы, Халықаралық банкнот қауымдастығы (International Bank Note Society, IBNS) жариялайтын жыл сайынғы конкурста теңге үш рет үздіктер қатарынан табылды. Мұндағы басты талап – курстың тұрақтылығында емес, ақшаның көркемдік мәнері мен қорғаныш жүйесінің мықтылығы бағаланды.
Қауымдастық ұйымдастырған 2011 жылғы байқауда еліміздің Ұлттық банкі және De La Rue британдық компаниясы бірлесіп шығарған 10 мың теңге номиналы өзге елдердің 100 жаңа банкнотын артқа тастап, бірінші орынды иеленді. Қызығы сол, ұлттық валюта канадалық 100 доллар мен Гибралтардың 100 фунтын шаң қаптырды десек те болады.
Араға бір жыл салып, IBNS-тің нұсқасы бойынша аталған сериядан, бірақ бұл жолы қар барысы бейнеленген 5 мың теңгелік купюра үздік банкнот атанды. Ал келер жылы, яғни 2013 жылы мың теңгелік «Күлтегін» естелік банкноты жеңіске жетіп, «теңгенің дәуірі» туралы айтыла бастады. Сол жылы мың теңге жаңа 5 еуродан, қорғаныш жүйесі жетілдірілген 100 доллардан және XXII қысқы Олимпиада ойындары мен XI қысқы паралимпиада ойындарына арналып шығарылған 100 рубльден озып шықты.
Халықаралық банкнот қауымдастығының тарихында бұл бір елдің ақшасының үш жыл қатарынан жеңіске жетуіне байланысты жалғыз жағдай.
Қаржыгерлердің айтуынша, аталған кезеңде Ұлттық банк төл валютаны әзірлеуде заманауи қорғаныш жүйелерін енгізе білді. Ал көптеген мемлекет мұндайда бұрыннан қалыптасқан қорғаныш элементтеріне өзгеріс енгізбеуге тырысады. Өйткені тың өзгерістердің ақша айналымына қаншалықты жағымды әсер ететіні белгісіз. Сол себепті еліміздің бас қаржы институты батыл қадамға барып, теңгені жаңғырту арқылы жеңіске жетті. Бұған қоса төл ақшаның көркемдік стилі, яғни ұлттық өрнектермен безендірілуі тартымдылығын аша түседі.
Теңгенің инновациялық қорғаныш элементтерін IBNS-тен бөлек, басқа да халықаралық қаржы ұйымдары жоғары бағалады. Айталық, 2016 жылы Вашингтонда өткен Banknote-2016 конференциясында төл теңге «Валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктері үшін» аталымын жеңіп алды.
Жақсылық САҒАДАТ