Қазіргі заманда мемлекеттік құпияны ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың дербес деректерін қорғау стратегиялық басымдыққа, өмірлік маңызды іске айналды. Себебі ол ақпарат хакерлер мен шетелдік алаяқтардың қолына түссе, қазақстандықтардың қаражатының ұрлануына және өмір сапасының нашарлауына әкеліп соқтырмақ.
Кейінгі жылдары Қазақстанның киберқауіпсіздік әлеуеті айтарлықтай артты. Біріккен Ұлттар Ұйымы түзген Киберқауіпсіздік жаһандық индексі рейтингінде республикамыз бірден 9-сатыға көтеріліп, биыл мәртебелі 31-орынға орналасты. Осының алдында Қазақстан 40-орында тұрған-тын.
Бұл дерек БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) Киберқауіпсіздіктің жаһандық индексі туралы 4-басылым есебінде айтылған. ТМД аймағы бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі 2-орында.
Рейтинг жасау кезінде халықаралық сарапшылар мемлекеттің заңнамалық базасын, техникалық және ұйымдастыру іс-шараларын, халықаралық аренадағы қызметі мен ақпараттық қауіпсіздік саласын дамытуға бағытталған әлеуетін талдапты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, «Қазақстан киберқалқаны» және «Цифрлы Қазақстан» сияқты стратегиялық бағдарламаларында ХЭБО-ның киберқауіпсіздік жаһандық индексі ақпараттық қауіпсіздік бойынша басты индикатор болып есептеледі. Демек, алда бұл рейтингтегі Қазақстанның тұғыры биіктей түсері сөзсіз.
Жалпы, киберқалқан деген кең ұғым, ол сан салалы шараларды қамтиды.
Мысалы, аталған министрлік биыл ұлттық заңнамаға дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер топтамасын әзірледі. Оған сәйкес, жеке деректердің азаматтар тарапынан бақыланбайтын, рұқсат етілмеген және коммерциялық мақсаттағы айналымын азайту мақсатында «Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисінің» функционалы – келісім реестрін, операторлар тізілімін қалыптастыратын модульдермен толықтырылады.
Сондай-ақ онда субъектілердің құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органға шағым жіберу жөніндегі функция пайда болады.
Көптеген қазақстандықтың жеке басына қатысты деректер интернетте ашық жарияланып кеткен.
«Бізге дербес деректердің заңсыз жариялауына байланысты www.adata.kz, www.fa-fa.kz, ShtrafKZBOT Telegram-боты және түрлі ресурсқа қатысты көптеген шағым түседі. Жүргізілген талдау барысында анықталғандай, олар өздері жариялайтын дербес деректерді ашық көзден – заңнама талаптарына сәйкес төл интернет ресурстарында ашық деректерді орналастыратын мемлекеттік органдардан алатын болып шықты. Бұл жағдай ақыр соңында жеке интернет ресурстарға төл деректер базасын құрып алуына және оларды толық аты-жөні және ЖСН-ы бойынша жеке тұлғаларды тексеру сервисі арқылы ақылы негізде таратуына жол ашқан», – дейді Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті.
Ал жаңа заңнамалық түзетулер осыған тосқауыл қоюға бағытталған. Ондағы нормалар жалпыға қолжетімді көздерде жарияланған жеке деректерді жинаудың, жүктеудің, пайдаланудың алдын алмақ.