Жарқын болашақ үшін

0

20 қараша – ел тұрғындары үшін жай жексенбі емес, тарихи жексенбі болды. Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы жетінші президент сайлауы өтті. Бұл ауқымды шара әділ әрі ашық өтті деп толық айта аламын. Аудан тұрғындары ерікті түрде өз таңдауын жасап, сайлау учаскелеріне лек-легімен келіп жатты. Азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамайтындығына өз басым риза болдым.
Саяси науқанда Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болып, 80%-дан астам дауысқа қол жеткізгені белгілі болды. Бұл дегеніміз мемлекет басшысының ел алдындағы беделінің жоғары екендігінің, оның кемел келешек үшін қолға алған ауқымды реформаларына халқының қалтқысыз сенетіндігінің айғағы. Қасым-Жомарт Кемелұлы мықты саясаткер, өз Отанының адал ұлы екеніне талас жоқ. Осындай елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететін лайықты азаматтың жеңіске жеткеніне ырзамын. Халқының қолдауы барда Мемлекет басшысы еліміздің орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыру жолында тер төгетініне кәміл сенемін.
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ,
академик.

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек
20 қараша күні өткен сайлау – бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Неге десеңіз, біріншіден бұл жолы ел президенті бір ғана мерзімге жеті жылға сайланды, екіншіден қазақстандықтар «бәріне қарсымын» деген бағанды таңдай алды. Яғни, ел тұрғындарының саяси еркіндігіне, өз азаматтық ұстанымдарын ашық білдірулеріне барынша жағдай жасалды.
Жалпы биылғы жыл тағдыршешті маңызды оқиғаларға толы болғаны белгілі. Әсіресе, 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулардың енгізіліп, соның негізінде Мемлекет басшысы жаңа заңдарға қол қойып, Қазақстанның заңдық ұстаныммен, демократиялық жолмен дамитынын айқындап берді. Ал күні кеше өткен Президент сайлауы арқылы біз жаңа әрі әділетті Қазақстанды құруға тағы бір қадам жақындай түстік. Президенттікке кандидаттардың барлығы да ел дамуын мақсат еткен арда азаматтар екендігіне көз жеткіздік. Дегенмен, ел басқаруға өз ісінің маманы, тәжірибелі дипломат, саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы лайық деп есептеймін және саяси додада дәл осы азаматтың жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Осы күнге дейін ел басына туған талай сын сағаттарда дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білген Мемлекет басшысының алдағы уақытта да елдегі бірлік пен берекені, тыныштықты сақтап, Қазақстанымызды алға жетелейтіндігіне күмән жоқ.
Жеңісхан НӘЗІКЕЕВ,
Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Ел ертеңіне сенім мол
Халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген даналық бар. Діттегені даму, көздегені әлеуметтік-экономикалық өрлеу болған өркениетті елдердің де ұстанымы осы болуы тиіс деп есептеймін. Мемлекет пен оның азаматтары бір біріне қолдау білдіріп, маңызды сәттерді ынтымақпен келісіп шешкен кезде ғана еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады. Жексенбі күні қазақстандықтар дәл осы тұтастықтың, болашаққа бірігіп ұмтылудың айшықты көрінісін көрсетті. Аудан тұрғындары таң сәріден оянып, отбасыларымен мәре-сәре болып, президент сайлауына өз дауыстарын беріп жатты. Өзіміздің тарихи келешегіміздің келбетін айқындап, тұрмысымызды жақсарту үшін мен де өз таңдауымды жасадым. Әркім өзінің таңдауын дұрыс жасаса, ол біздің кемел келешекке деген үлкен қадамдардың бірі деп есептеймін. Жалпы Қордай ауданында осы бір маңызды саяси науқан өз деңгейінде өтті деуге толық негіз бар. Өйткені, сайлау алды науқаны, дайындық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылған, әркім өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарған жерде кемшілік болмайтыны белгілі. Кешегі сайлауда халықтың саяси сауаттылығына, белсенділігіне куә болдық. Енді халықтың болашақтан үміті зор. Қазақстан атты алып шаңырағымыздың ертеңі жарқын, бақыты баянды болғай.
Асық УӘЛИЕВ,
Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Президент сайланды, көңіл жайланды!
Халық ел болашағына бейжай қарамайды. Аудандағы сайлау учаскелерінде жауапты науқан ұйымшылдықпен жүргізілді, сайлаушылар жоғары белсенділік танытып, лайықты таңдау жасады.
Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды!
Біздің аудан тұрғындары да барлық қазақстандықтармен бірге әділ және қуатты Қазақстан үшін, әрбір отбасының әл-ауқаты жоғары болуы үшін, еліміздің жарқын болашағы үшін, дауыс бергені анық!
Баян ҚАРАМОЛДАЕВА,
Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрайымы

Халықтың қарасы қалың болды
Мерекелік көңіл-күй деп осыны айт! Қордай ауылындағы №234 сайлау учаскесіне ертеңгі сағат 8:00-де келдік. Шынын айтсақ, осыдан 10-15 жыл бұрынғы «сайлау науқаны бізсіз де өтеді» деген таптаурын үрдіспен сайлау учаскесіне келетіндер бірлі-жарым ғана шығар дегенбіз. Жоқ, қателесіппіз, халық деген қалың жұрттың өресі өскен. Дауыс беруге келгендердің көңіл-күйін ауланы жаңғырып тұрған патриоттық сазды ән-әуен рухын жанып, наным-сенімін көкжиекке көтергендей. Ең қуаныштысы, таңғы шәйін сайлаудан кейінге қалдырып, дауыс беруге келген сайлаушылардың қарасы қалың, көңілі көтеріңкі. Олардың арасында сағат 7-де алғашқылардан болып дауыс беруге келген Б.Қарамолдаева бастаған бір топ ауыл азаматтары. Ал біздер куә болған сайлаушылар Г.Медетбекова, Ж.Мұраталиева, Ә.Тілеубердиева, Ж.Жақсыбаева, Д.Үсенбаева, Г.Қуатова тағы басқа көптеген азаматтар өз кезегін күтіп тұрды. Әсіресе, өз таңдауын жасауға келген қарт ата-әжелер, ерлі-зайыпты Сәбира, Бейқұт Медетбековтар, Раушан Мүсірәлиева, Светлана Алматаева тағы басқаларының ел тыныштығы мен болашағына деген сенім-пайымы жастарға деген өрелі өнегесі құптарлық. Тіпті енді біреулер «Еліміздің жарқын ертеңі – Әділетті Қазақстанды елестете алған Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс бердім» деп дауыстағандар да болды.
Сайлау учаскесіндегі іс-шаралардың заңды әрі әділетті өтуіне үлес қосқан комиссия төрайымы Ж.Садабаева, мәдени шараларды ұйымдастырушы Ұ.Қанарбаева тағы басқалардың сүбелі үлесі бар екенін атап айтқан абзал.
Иә, біздің қарт әже-аталардың тілегі еліміздің аман, іргеміз бүтін, жұртымыз тыныш болуы. Қарттар мен жастарда таққа талас, кек алу секілді кереғар пікір болмайды. Біздің елімізде мәнсіз, мағынасыз, қалың халықты адастыруға бағытталған жел сөздерге, қауесеттерге жол жоқ екендігін, республика халқының көзі ашық, көкірегі ояу екендігін Президент сайлауына қатысушылар дәлелдеп берді.
Сағыныш МЕДЕТБЕКОВА,
ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.