АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ

0

Декреттік демалыс – көптеген нәзік жандылар үшін екінші демі ашылып, бұрыннан ойға алған арманын іске асыруға таптырмас уақыт. Әсіресе, бала тәрбиесімен отырған қазіргінің қыз-келіншектері үйде бос жатпай, жеке ісін дөңгелетіп, отағасының бір жағына шығысуды жөн санайды. Осындай жандардың бірі Қордай ауданының тұрғыны – Раушан Жұмабаева. 27 жасар бойжеткен жуырда аудан орталығынан кофейня ашты. Шағын кәсібінің салтанатты ашылу рәсіміне ол шамшырақтың тілшілерін де шақырған еді.
Жас кәсіпкер кофеханасына «Yum-yum coffee» деген атау берген. Бұл ағылшын тілінен аударғанда дәмі тіл үйіретін кофе деген мағынаны білдіреді. Бұл жерден сіз хош иісті сусынды ғана емес, ыстық шәйді де, пештен жаңа шыққан круассан мен тәтті десерттердің түр-түрін де өзіңізбен ала кетсеңіз болады.
Раушанның негізгі мамандығы – экономист. Мамандығы бойынша Алматы қаласында бірнеше жыл жұмыс істеген. Кейін тұрмыс құрып, содан соң декреттік демалысқа шығады. «Бұрын банк саласында қызмет істедім. Сонда күнделікті таңертең ыстық кофе ішуді әдетке айналдырдым. Хош иісті сусынды ішіп отырып, келешекте жеке кофейням болса деп көп армандайтынмын. Декреттік демалыста отырып, осы арманым мақсатқа айналып, оған жету жолында әрекет етіп, міне бүгін көздегеніме жетіп отырмын. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында мемлекеттен 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, қоғамдық тамақтандыру орталығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Құрал-жабдықтардың сапалысын алу үшін қосымша тағы несие алуға тура келді. Жалпы қайтарымсыз грантқа ие болғанымда ісімді алып кететініме сенім де арта түсті. Мен секілді кәсіп ашқысы келген жастарға қолдау болатын мемлекеттік бағдарламалардың барына рахмет», –дейді бариста.
Бүгінде кофе ішу, немесе кофеханаға бару бөлек мәдениет ретінде қалыптасып кетті. Кофеханаға адамдар тек кофе ішу ғана емес, бірі жұмыс істеу үшін, бірі әріптесімен, құрбы-құрдастарымен кездесуге келеді. Осындай әртүрлі мақсатта келген қонақтарға жақсы көңіл күй, жайлы атмосфера сыйлап, дәмі тіл үйіретін кофе ұсынатын – дәл осы баристалар. «Кәсіби бариста кофенің түрін оның иісіне, дәміне қарап ажырата алуы, келген қонақтардың талғамына сай сусынды дұрыс демдеп беруі маңызды. Кофенің ішінде ең танымалы капучино, латте, эспрессо, американо, макиато, т.б. Әр кофені дайындауға орта есеппен 3-5 минут кетеді»,-дейді Раушан.
Кейіпкеріміз әзірге кофені жалғыз өзі дайындауда. Ал кофе жасауды ол осы іспен бұрыннан айналысатын достарынан үйренген екен. Жалпы уақыт өткен сайын қуатты кофенің де, оны дайындаудың да түр-түрі шығуда. Сондықтан баристаға әрқашан жаңашыл, ізденімпаз болуы қажет екен. «Дәмді кофе дайындау үшін ең біріншіден жақсы көңіл-күй қажет. Оны бар махаббатыңды салып қайнатсаң ғана қонақтардың көңілінен шығады».
Жаңадан ашылған қоғамдық тамақтану орнының ашылу салтанатына Раушанды қолдап келіп, шашу шашқан жанашыр дос-жарандары, жақындары көп болды. Олардың арасында жақын құрбысы Жансұлу Мукатова да бар.
«Қазіргі заман – жастардікі. Сондықтан да уақытты бос өткізбей, ізденіп, алдыға талпынып, армандарына жетіп жататын жастарға тамсана қараймын. Сондай жалынды жастардың ішінде менің құрбым Раушан да бар. Әрине ол бұл орынды бір күнде аша салған жоқ. Кофехана ашу оның соңғы 3-4 жылдағы мақсаты еді. Алланың қалауымен арманының орындалып жатқанына өте қуаныштымыз. Раушан қазақ қызына тән ұяң мінезді болғанымен, білімге, жаңашылдыққа деген құлшынысы жоғары, қайсар жан. Осы бастаған ісін әрі қарай дөңгелетіп алып кететініне сенемін»,-дейді құрбысы.
Жаңа кофехананың ашылу салтанатына орай келушілер арасында қызықты ойындар да ұйымдастырылды. Яғни, кофейнядан сусын сатып алғандар ұтысқа қатысып, бағалы сыйлықтардың біріне ие болуға мүмкіндік алды. Келушілер Раушанның әзірлеген ерекше сусынын мақтап, риза болып жатты. Бизнес атты алып әлемге аяқ басқан бойжеткеннің ісіне біз де сәттілік, мол табыс тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.