Ел жадында ерекше сақталатын есімдер болады. Олар халқының игілігі жолында қызмет етеді, жасампаздықтың үлгілі өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарих төрінен айрықша орын алады. Солардың бірі – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Биыл туғанына 110 жыл толған кемеңгер тұлғаның мерейтойына орай республика көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, ер есімі еліміздің түкпір-түкпірінде ұлықталуда. Өткен жұма күні аудан орталығындағы №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында да ұлт мақтанышының мерейтойына орай аудандық семинар өтті.
Іс-шараға ауданымыздың құрметті азаматтары, мектеп түлектері, аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты. Қоғам қайраткерінің есімі берілген мектептің фойесінде әртүрлі техника әдісімен Д.Қонаевтың бейнесі жасалған қолөнер көрмесі қойылды. Сонымен қатар, көпшілікке оқушылардың робототехника саласындағы үздік жобалары таныстырылып, жас химиктердің қызықты химиялық тәжірибелерін тамашалап, өзге де сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, шара барысында қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, Д.Қонаевқа арналған «Абайтану», «Ахметтану» және «Қонаевтану» кабинеттерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай мектеп түлектері оқу ордасына тағзым жасап, сыйлықтарын тарту етті. Мектеп директоры С.Сарғасқаева мектептің материалдық базасын нығайтып, көркеюіне үлкен үлестерін қосып жатқандары үшін мектептің қамқоршылық кеңес мүшелеріне, мектеп түлектеріне алғысын білдірді.
Семинар соңында мектеп директоры С.Сарғасқаева Қордай ауданының әкімі М.Мұсаевтың Құрмет грамотасымен, ал мектеп ұжымы аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбековтың Құрмет грамотасымен және аудандық кәсіподақтың сыйлығымен марапатталды.
Д.ҚОНАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Prev Post
Next Post