ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ 16 КҮНІ

0

Жыл сайын елімізде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты – зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайту, зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге
асыру болып
табылады.
Аталмыш науқан біздің ауданда да бастау алып, осы уақытқа дейін акция аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі бейсенбі күні А.Құнанбаев атындағы №3 орта мектебінде өткен-ді. Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ұйымдастырған шара «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» науқаны аясында, сондай-ақ 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылғанын айта кеткен жөн. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық білім бөлімі, халықты әлеуметтік қорғау мекемелері, құқық қорғау органдары өкілдері және мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында сөз алған Дамира Сүгірбай тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбының өзектілігіне тоқталып, бұл мәселемен қоғам болып жұмыла күресуіміз қажет екенін жеткізді. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары акция аясында өткізілген іс-шараларға демеушілік көрсеткендері үшін Гвардейск қалашығы 21450 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Д.Бляловты және А.Құнанбаев атындағы №3 орта мектебінің директоры Ғ.Шарипованы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алғыс хатымен марапаттады.
Марапаттау рәсімінен кейін сахнаға шыққан Гвардейск гарнизоны әскери оркестрінің музыканттары әскери-патриоттық әуендерін орындап, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, шара барысында орталық қызметкерлері мен қызмет алушылары және мектеп оқушылары әуезді әндер шырқап, мың бұрыла би билеп өнерлерін көрсетті. Мәселен, дағдарыс орталығының мамандары мен қызмет алушыларының «Көк тудың желбірегені» әніне билеген биі, мектеп оқушыларының 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арнап сахналаған шынайы қойылымдары көрерменге ерекше әсер сыйлағаны анық. Бұдан бөлек, жиында аудандық дағдарыс орталығының бір жылда атқарған жұмыстары туралы мекеме қызметкерлері есеп берді. Әрі көпшілікке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу қажет екендігі түсіндірілді. Орталыққа жыл басынан 65 қызмет алушы, оның ішінде 22 әйел, 43 кәмелеттік жасқа толмаған балалар қабылданған екен. 12 әйел жолдастарымен табысып, отбасыларына қайта оралған. Орталық мамандары қызмет алушылардың қажетті құжаттарын рәсімдеуге, балаларын балабақша, мектепке орналастыруға, қайырымдылық қорлары арқылы баспаналы болуларына ықпал етіп, жалпы 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді.
Жиынның соңында аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ш.Бейсенбаева көпшілік қауымға алғысын айтып, алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.