ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛДЕР 61 ЖАСТА ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАДЫ

0

Парламент Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша әйелдердің 61 жастан зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ететін түзетулерді қабылдады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі атап өткендей, заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, халықты жұмыспен қамтуға және жастардың дамуына қажетті мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
«Заң жобасы аясында жастардың жасын 29-дан 35-ке дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізілді, бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер етеді. Жастарды жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдарға жаңа құзіретті беру бойынша түзетулер енгізілді», деді Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі
Сонымен қатар әлеуметтік блок туралы заң жобасы аясында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыруға келесідей түзетулер енгізілді:
Бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау мерзімінің ұзақтығын 1,5 жылға дейін ұлғайту;
Ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейіне – 70%-ға, ең жоғары базалық зейнетақының мөлшерін – 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу;
Әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін 61 деп белгілеу;
Жасына қарай зейнетақы төлемдерін есептеудің кіріс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 есеге дейін арттыру.
«Өздеріңіз білетіндей, жастарымыздың білім алуына, жұмысқа орналасуына, денсаулығына, өзін-өзі дамытуға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуына тең мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар жасау өзекті мәселе. Оның қабылдануы мемлекеттік органдардың мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», деді Дархан Қыдырәлі.

Аяна ТОҒАНБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.