Әуелі ұлттың әдет-ғұрып нормаларынан бастау алып, кейіннен шариғат жолына ұласқан, бертін келе айтулы билер институтын қалыптастырған қазақ халқының өмір сүру заңдылықтары өз кезеңінде ел бүтіндігі мен ой еркіндігін, азамат азаттығын сақтауға негіз бола алған еді. Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы қарсаңында дәстүрлі қазақ заңдары мен бүгінгі құқықтық нормаларымыз жайында ой қозғап көрдік. Ондағы мақсатымыз – бүгінгі халықтың құқықтық сауаттылығы, заңдардың дұрыс орындалу тәртібі жайында, ел ішіндегі әділдік принципі турасында мамандар ойымен бөлісу.
Кезінде Ш.Уәлиханов халық демократиясының элементтері бар бұрынғы билер сотын қолдайтынын жеткізгенде оны тыңдар құлақ табылмаған еді. Істің ана тілінде, халықтың әдет-ғұрыптарына сай жүргізілу принципін және жариялылығын қазақ өмір салтына тән екенін түсіндірген ғалым пікірі кезінде ескерусіз қалған. Ал бүгінгі қазақ заңдары халықтың ғұрыптық ұстанымдарымен астаса ма? Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа не керек деген секілді бірқатар сауалдарымызға берген мамандар пікірі төмендегідей.
Дархан ЖАБАЕВ, заңгер, саясаттанушы
– Қоғамымыздағы түрлі заңға томпақ келетін мәселелерді көріп, біліп жүргендіктен, осы ұлттың өкілі, осы қоғамның азаматы ретінде, әрине, жүрегің ауырады. Қазіргі таңда, қазақ қоғамының бағасын біліп, жоқтың жөнін іздеу саналылықтың белгісі. Бірақ сол саналы өміріміздің сан тараулы жолында талмай еңбек етіп, елінің рухани әлеуеті өсе түскенін танытарлық мол іс тындырар қабілет екінің бірінде бола бермесе керек.
Аңғара қараған жанға қазіргі жастардың бойынан ізденімпаздық, еңбексүйгіштік, алғырлық сипаты байқалады.
Осы ретте біздегі тіл туралы заңның дұрыс орындалмай жүргенін айтқым келеді. Шұбарланған тіліміздің мәселесі жолға қойылып, қашан өміріміздің өзегіне айналар екен деген тілек көп қазақты толғандырары анық. Қазақ елі бола тұра, көп мекемелерде қатынас тілі – орыстың тілі болып отыр. Үш тұғырлы тіл дегенді шығардық. Бұл дұрыс та шығар, иә, дұрыс дейік. Алайда, орыс пен ағылшын тілдерін алға оздырамыз деп, қазағымыздың тілін неге босағадан сығалатып қоюымыз керек. Құдайға шүкір, қазақ тілі мамандары жеткілікті ғой. Тек талап жоқ, тіл туралы заңымызды барлық аймақта толыққанды орындау жоқ. Оған бөлінген қаражатты босқа көзбояушы жоспарлар мен бағдарламалар арқылы құрдымға жібергеннен гөрі нағыз мамандарға төлеп, солардан нәтиже күткен дұрыс секілді. Сөйтіп, іс-қағаздарымыз бен өндірістегі, оқудағы, сайттардағы болсын жазу-сөйлесу мәдениетімізді барынша қолға алсақ, игі болар еді.
Тек ұлттық телеарналарымыз («Қазақстан», «Хабар», «Астана») бен газет-журналдарда (оның да қазақ тілдері) тіліміздің дұрыс қолданысын хал-қадерлерінше насихаттап отырады. Ал біздегі өзге телеарналардан да тіл Заңының орындалуын неге қатаң талап етпеске. Олар да қазақ жерінен нәпақасын тауып жеп жүрген жоқ па?
Өзіңіз айтыңызшы, біздің жерге кімдер көз тікпеді? Тіпті, соңғы ХХ ғасырдың өзінде (қазақтың тай қазанының төрт құлағын да Мәскеу ұстағандықтан) қаншама жерімізді қиып-қиып көршілес елдерге оп-оңай тарата салды. Ал сол ежелгі атақонысында тұратын қандастарымыз бүгінгі күні шетелде тұратын қазақтар болып шыға келді емес пе? Ойласаң жүрегің ауырады. Бұл Кеңес үкіметінің қазаққа жасаған зор қиянатының бір парасы ғана ғой.
Ендігі жерде жерімізді қорғап қалатын, өзінің құқықтарын жақсы білетін, елінің мүддесін қорғай алатын ұрпақ тәрбиелеп өсіру біздің міндетіміз.
КСРО тұсында өз елін дүниежүзіне танытқан бірден-бір қазақ Б.Момышұлы еді. Баукең секілді мінезді де білімді, рухты азаматтар дәл бүгін жоғарғы жақта отырса ғой, шіркін.
Абзал ҚҰСПАН, адвокат
– Қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық нормалар ерте заманда-ақ қалыптасқаны белгілі. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз секілді әлеуметтік нормаларымызға үңілсек, өмір сүру қағидасы еркіндікке негізделген қазақ жанының әділеттілік пен ар-намысты қорғау, сөзге қонақ беру ұстанымына беріктігін байқауға болады. Ал бүгінгі қазақ қоғамы қандай ұстаныммен өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз?
– Бұл мәселеде бүгінгі қазақ қоғамында нақты бір ұстаным бар деп айта алмаймын. Біз бұрынғыны қойып, кешегі кеңес заманындағы ауыл тәрбиесінен ажырап бара жатырмыз. Бұрынғы ата-бабаларымыз ұстанған Ясы заңы, Қасым заңы, Есім заңы, Жеті Жарғы сияқты дәстүрге негізделген заңдарға қызығушылық танытып, бүгінгі заңдарды тәжірибеде қолданып жүрген заңгер ретінде айтарым – бұрынғы нәтижеге қазір қол жеткізе алмай отырғанымыз анық. Бұрынғы қазақ қоғамында ел ішінде қылмыс аз болды, түрме, басқа да жазалау орындары мүлдем дерлік болмады. Қазір күннен-күнге жаза өтейтін орындар көбейгенімен, қылмыскерлер саны азаяр емес.
– Бұрынғыдан қалған сөз «қазақ жолы – қанағат, қасаң дау емі – шариғат, ол да жолдан адаспас». Яғни бабаларымыз қазақи бауырмалдық пен кешірімшілдік, кеңдік ұстанымына бағынбай бара жатқан дауларды шариғат жолымен әділ шешіп отырған. Ал бүгін заңның түр-түрі жазылып, азаматтардың құқығын қорғайтын түрлі нормалар бекітіліп жатса да, өз мүддесін қорғай алмай құқығы бұзылып, намысы тапталып жатқандар баршылық. Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа не керек деп ойлайсыз?
–Не керектің бәрі өзімізде бар, кейбір заманауи ілімді іздеу үшін, әрине, Еуропа, Америка асып білім алғанымыз, олардың тәжірибесін қолданғанымыз дұрыс. Ал дін, діл, тәрбие, мәдениет, тәртіп, құқық мәселелерінде өзін-өзі ғасырлар бойына ақтаған өткенімізге де үңіліп, керегін жаратып отырсақ та болар еді. Әділетті қоғам орнату үшін топырлатып түрмеге отырғыза беру жеткіліксіз, аталарымыз ел ішіндегі тәртіпті жазамен емес, тәрбиемен ұстаған. Сондықтан бірінші кезекте тәрбие мәселесін қолға алу керек.
– Ел бірлігі мен ұлт тазалығын басты назарға алған бабаларымыз халық ұстанымына қайшы келетін, тыныштығына нұқсан келтіретін қауіпті жағдайларда «жылқының құйрығы», «түйенің қомы», «жебенің ұшы» секілді қатаң жазаларды пайдаланатын. Еркіндік пен кеңдікті сүйетін көшпенділер өкілі үшін ең ауыр жаза – қарабет аталып, елден аластатылу болатын. Ерде намыс, қызда ұят азайған бүгінгі қоғамда түрлі азғындықтардың жиі орын алуы осындай ұстанымдардан алыстап кеткендігімізден шығар, бәлкім…
– Жаза мәселесіне келгенде, бабаларымыз шынында да аса көрегендік таныта білген. Оған бір жағынан сол кездегі қоғамдық құрылымы да ыңғайлы болды. Мысалы, қазақ халқы әр рудан тұрғаны белгілі. Тиісінше әр рудың рубасы, өзінің орналасқан жері, жайылымы болды. Айталық, бір рудың адамы екінші рудың адамын барымтада сойылға жығып істі болды делік. Ердің құны жәбірленуші келіскен жағдайда айыптыдан, егер оның шамасы жетпесе, рудан өндіріледі. Ол үшін жауапты адам рубасы бар, кімнен қандай мөлшермен алады, рубасының өз шаруасы. Және би шешімі тез арада орындалады. Айыпты адамды әдетте сол ру ақсақалдары өздері жазалайды, қалай жазалайды, шығынның орнын толтыр деп жұмысқа салып қоя ма, елден қуа ма, ол өз еріктерінде. Бұл біріншіден жәбірленуші жаққа да тиімді, ерінен айырылған әйел «енді бала-шағамды қалай асыраймын, қалай жетілдіремін» деп бас қатырмайды. Алайда, бірінші кезекте бабаларымыз бірінен өлілей, бірінен тірілей айырып, екі бірдей отбасыны қайғыға қалдырмауды және қазақтың санын сақтап қалуды көздеген деп ойлаймын. Бұл жерде мен қағаз жүзінде жазылған заңдар жинағын емес, сол кездерде қалыптасқан билер сотының тәжірибесіне сүйеніп отырмын. Қазірде сол кездегі заңдарымызды, билеріміз шығарған үкім кесімдерді құқықтық тұрғыдан зерттеп, зерделеп пайдалы жерлерін қазіргі заманға ыңғайлап қолдануға әбден болады. Нақты мысалды азаматтық заңнамадан келтірейін. Айталық, Сіз мал дауымен ауылдасыңызбен соттасуыңыз керек. Не істейсіз? Аудандық сотқа жүгінесіз. Ол жауапкер жақпен жақсы қарым-қатынаста болсын немесе ел арасында жағымсыз атқа ие болсын бәрібір, Сіз тек қана аудандық сотқа жүгіне аласыз. Ал дәл осы жағдай осыдан үш ғасыр бұрын орын алған жағдайда не болар еді? Сіз де, дауласушы екінші жақ та, ел алдында әбден танылған немесе өздері білетін, сенетін биге баруға құқылы. Яғни таңдау құқығы болды! Елдің сұранысына ие болған бидің ел алдында мәртебесі арта түседі, тиісінше ол ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді. Сондықтан қазақ тура биде туған жоқ дейді. Ал қолы таза емес билер ол заманда да болған, алайда ол туралы ерте ме, кеш пе ел құлағдар болып қалады да, оған дау айтып бармайды, тиісінше сұраныс азаяды. Ал сол сот таңдау құқығын қазір неге енгізбеске?
– Осы күні оқыған, сауатты дегендердің өзі түрлі заң бұзушылық әрекеттерге жол беріп қояды. Бұл халықтың бәріне немқұрайлы қарайтын салғырттығының салдары ма әлде заңды білмеуінің көрінісі ме? Жалпы, қалың жұрттың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек?
– Қанша жерден зайырлымыз деп, дінді мемлекеттен, мемлекетті діннен бөлектесек те, бұл жерде діннің және тәрбиенің атқарар ролі зор. Сіз айтып отырған сауаттылық бұл жерде екінші кезектегі мәселе. Өйткені, құлқынның құлы болған адам неғұрлым сауатты болған сайын оның қылмыстары да «сауаттана» түседі. Кез келген қылмыстың түбінде адамның нәпсісі жатады. Нәпсіқұмарлық дертін қылмыстық заңнамадан гөрі дін мен тәрбие мәселесін жолға қою арқылы шешкен тиімдірек. Бала жастан имандылықты бойына жинап өскен жас өреннің құқықтық сауаттылығын арттырсақ нәтиже болар еді. Яғни бұл жерде проблеманы әдеттегіміздей «тап осы қазір шешеміз» демей, кешенді түрде келгеніміз шарт.
Айнара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ