АРАҚ УЛАҒАН САНАҒА АДАЛ ОЙ ТҰРАҚТАМАЙДЫ

0

Арақты орыс жақсы көреді, арақ қазақты жақсы көреді деген әзіл-шыны аралас сөздің астарында ауырлығы табыттай алапат ой жатыр. Сол арақ деген құрғырыңыз енші бөліспеген ежелгі ескі досымыздай елжіреп, қашан көрсең де, қайда жүрсең де құшағын айқара ашып қарсы алдыңнан шыға келеді. Тост төрге озып, бата аяқта қалған мына заманда бұған таңғалуға болмайды. Географиялық орны да белгілі: ақ адал дастарқанымыздың үстінде отқа үйітіліп, уылжып піскен қой басының қатарына жайғасып алған. «Қасқалдықтың қанындай», «дефицит», «таптырмайтын дүние», т.б. деген сөздер араққа қатысты айтылмайды. Дүкен сөрелерінде, базар жаймаларында арақтың сансыз түрі самсап тұр. Арақтың «авторитетін» айтсаңызшы: қадірлі қонағыңызды қой сойып күтіп, дастарқанға «жүз грамм» қоймасаңыз, көңіл күйі құлазып, айдалаға адасып келгендей болады. Ал қазан көтермей-ақ, қатқан-құтқан нанды алдына қойып қолына қырлы стакан ұстата қойсаңыз, ақ тілегін ақтарып, жылы жүзбен жадырап, жер бетінде сізден жақсы адам болмайды. Арақ – той-жиынға, басқосуға, беташарға келген қонақтардың көңіл күйінің барометрі десе де болғандай. Әйгілі Мөңке би бабамыздың: «Ақырзаман адамы – Сағынып тамақ жемейді, Ащыны ащы демейді» деген жормалы айна қатесіз келіп тұр.
Көк күмбезді мұнаралы мешіттері көп, мектебі аз мұсылман елі болғанымызды қайтейік-ай шариғатты мойынсұнбаймыз. Оны аз десеңіз, сан ғасырлық тарихы бар ұлы дала мәдениеті мен ата-баба салтын мойындамаймыз. Ұлы отандасымыз, асыл дініміздің ақыл-ойы, ар-ожданы – Қожа Ахмет Ясауидің Ақсақ Темір салдырған кесенесіне ат сабылтып келушілердің қарасы көп. Дін ғұламасына тәу етіп, жандары жай тауып жатқан ұлы хандарымызға тағзым жасап, аруақтарға сыйынып, жалбарынып жақсылық тілейді, түнейді дегендей. Бүкіл түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанға рухани астана мәртебесін әлдеқашан беріп қойғанбыз. Ал асырасілтеп «екінші Мекке» деп жүргеніміз бекершілік: діннен обал, Пайғамбардан ұят. Өйткені шарықтап өсіп келе жатқан киелі шаһарыңыз шарап буына шомылып, арақ шуына көміліп жатыр. Тіпті «Түркістан» атын иеленген шөлмектен дәм татқандар «самопал» ішіп сан соғып қалғандарын айтып жүр.
Ана бір жылы, әлі есімізде елдің игі жақсылары мен естияр азаматтары тірі тажалға тосқауыл қою мақсатында – «Арақ – атаңнан қалған ас емес!» деп үндеу жариялап, үлгі болатын үлкен сауапты істің, қайырымды шараның қазығын қаққан болатын. Бұл бастама кең өріс алып, жалпақ далаға жайылып кете қойған жоқ. «Қазаннан қайыр, азаннан қуат» (Шортанбай) кеткен бүгінгі заманның адамдары жақсы іске жанашырлық танытпады, қолдап жарытпады. Бәрі аяқсыз қалды, баянсыз бітті. Талай жыл өтсе де бұл мәселе қайта көтерілген емес. Бүгінде ілуде біреу «халал» той жасап жатса, «Әп, бәрекелді!» деп сүйсініп, тәубә деудің орнына «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деп отқа май құйып жіберуге дайын тұрамыз.
Алкоголь өнімдерін жан басына шаққанда көп тұтынатын, рейтингте «жақсы» орынға жайғасып алған елдердің біріміз. Мемлекеттің бақылауындағы арақ-шарап зауыттарының өнімдерінен гөрі, қолдан арақ-шарап дайындап сататын жасырын цехтардың өнімдері әлдеқайда өтімді болып тұр. Қолжетімді бағада сатылатын арзан арақ тұрғанда, қымбатты қайтсін-ай. «Самопал» арақ-шарап жасайтын алпауыттардың жолын кесуге мемлекет мүдделі емес сияқты. Ана жерді бір, мына жерді екі түртіп, тексеріп, ұйымдасқан қылмысты топты әшкерелегендей сыңай танытады да, кейін тым-тырс үндері өшеді. Бәрінен бұрын ел тұрғындарының денсаулығына тигізіп жатқан орасан зиянын көзге ілмейді. Бұл енді «Өлмесең өмірем қат» дегенге келіңкірейді.
Адам баласы арақ әзәзілдің алдында әлсіз, әлжуаз, күндердің күнінде тепкініне төтеп бере алмай таяқ жейді, тізерлеп жеңіледі, құрдымға кетеді. Дегенмен алкоголь уына адам организмі өте төзімді келеді. Айталық, тірі салмағы 500 кілә тартатын шу асау жылқыны ұстап, аузына бір бөтелке арақ құйып жіберсеңіз, 5-10 минуттан сон есеңгіреп, төрт аяғын тең баса алмай теңселіп, тәлтіректеп қалады. Ал екі аяқты адам өңештен өткен бір бөтелке арағыңызды бұйым құрлы көрмейді.
Бүгінде ар-ұят арзандап, арақ-шарап қымбаттап кетті. Адамзат баласы «ащы судың» азабын тартудай-ақ тартып келеді. Қаншама қайғы-қасірет әкелгеніне қарамастан, сол арақты аса жамандап жатқан ешкім жоқ. Анда-санда ауыз ұшымен боқтап-сілеп алатыны болмаса. Арақ улаған санада адал ойға орын қалмайды. Ішкілікке құмар адамдар агрессорға айналып, ұрлық, зорлық-зомбылық, тонау, бұзақылық, кісі өлтіру, т.б. қылмыс түрлерін жасауға бейім, бір табан жақын тұрады. «Барлық бақытты үй іштері біріне-бірі ұқсас келеді де, әрбір бақытсыз үй іштері өздерінше бақытсыз» (Л.Толстой) демекші, ішкіліктің кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, қатын жесір, бала жетім қалып жатады. Әке-шеше ішкен арақ, мақтаныш – бәрі балаға жұғады. Бір кезде бала соны істеуге тырысады: ішеді, темекі тартады, бұзылады. Мұның бәрі баланы арақпен ауыздырғандай әсер қалдырады. Араққа уланған сананың беріп жатқан «жемісі»: мас күйінде көлік жүргізіп көшеде адам қағып кеткен қаныпезер қыршын кеткен адамға аяушылық танытып, қылған ісіне өкініш білдіріп жатпайды. Ішімдік, арақ жүрген жерде ақыл болмайды. Ақылсыз тірлік жақсылыққа апармайды.
Әңгімеміздің соңында басымызға қара бұлт үйіре бермей, бір қуанышты жәйтты қадап тұрып айтқымыз келеді. Ол не дейсіз ғой.
Бүгінгі жастарымыз ішкіліктен бойын аулақ ұстап, заман ағымына сай көзқарастары түбегейлі өзгере бастады. Қызметі мен кәсібін дөңгелетіп жүрген жастарымыз «ащы суды» ұрттап, ұятқа қалып жатқан жоқ. Бір қарын майды бүлдіріп жүрген бірен-саран «құмалақтар» бар шығар-ау, бірақ көңілді тоқ санауға әбден болады. Осыдан 30 жыл бұрынғымен салыстырғанда араларында аспан мен жердей айырмашылық бар. Тәуба дейік. Байқасаңыз, қоғам мен адамдардың арасында өзінен-өзі тазару процесі жүріп жатыр. Жылдар өте келе арақтан мүлдем азат елге айналармыз деген ойдамыз. Ұлттық ақыл-ой, санамыз шарықтап өсіп жетілгенде, аңыздың ақиқатқа айналатына сенеміз. Бұл арман-мұратымыздың алтын арқауын тарқатуды уақыттың еншісіне қалдырайық.

Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.