Өткен аптада аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов бірнеше елді мекенді аралап, білім ошақтарының оқу жылына дайындық барысын байқап, бірнеше құрылыс алаңдарында болып қайтты. Бірінші кезекте аудан басшысы Ноғайбай ауылына барып, жаңа тағайындалған ауылдық округ әкімі Ғабидин Тулақбаевты құттықтап, жылы лебізін білдірді. Осыдан кейін жұмыс сапарының мақсаты болған Р.Қунақова атындағы №35 орта мектепке барды. Бес жүз оқушыға арналған білім ордасының жаңа оқу жылына дайындық деңгейін тексеріп, жаңа салынып жатқан жылыту қазандығының ғимаратын көрді. Бұл нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, мердігер жақын арада жұмысты аяқтайтынын жеткізді. Өз кезегінде Рүстем Рысбайұлы аталмыш мектептің оқу жылына дайындығы төмен екенін, атқарылған іске көңілі толмайтынын жеткізіп, мектеп директоры Рақат Сатқымбаевтың жұмысын сынға алды. Аудан әкімі орын алған кемшіліктердің барлығын жуық арада жойып, дайындықты күшейтуді тапсырып, қатаң ескерту жасады.
Осыдан кейін Ноғайбай ауылының мақтанышы болған ауылшаруашылық колледжге ат басын бұрған Рүстем Дәулет бұл жерде де көптеген сын-ескерту айтты. Әсіресе, колледж ауласы көптен бері күтімсіз тұрғанын көрген ол сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмыстарына аса мән беру қажеттілігін жеткізді. Осыдан соң аудан әкімі Шарбақты ауылындағы мектепке барып, оқу жылына дайындық барысын байқап, мұғалімдермен сұхбаттасты. Бұл жерде де біраз ескерту айтқан Рүстем Рысбайұлы өз ұсыныстарын да алға тартып, ұстаздарға жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Әкімнің жұмыс сапарының күн тәртібінде келесі болып Көктөбе ауылдық №40 негізгі мектеп тұрды. Мектеп директоры Раиса Беликова басшылық өкілдерін білім ордасымен таныстырып өтіп, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Бой көтергеніне екі жыл болған мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған. Мұғалімдердің жағдайынан бастап, оқушылардың тамақтануына дейінгі маңызды мәселелерді сұрастырған аудан басшысы оқу жылына дайындық жоғары деңгейде болуы керектігін қадап айтты.
Осыдан соң аудан әкімі Сұлутөр ауылдық №38 орта мектепке ат басын бұрды. Іргесі 1986 жылы қаланған ғимаратқа бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Бұл жұмыстарға қыруар қаржы да бөлініпті. Жобалық құны 189 млн теңгені құраған жөндеу жұмысын «Жолғай» ЖШС жүргізуде. Ғимаратты толығымен аралап, жұмыс барысын көрген Рүстем Рысбайұлы жөндеу жұмыстарын кешіктірмей уағында тапсыру қажеттігін тағы бір мәрте еске салып, жауапкершілікті де ұмытпау қажеттігін баса айтты. Аудан әкімінің аралаған келесі білім ошағы Үлкен Сұлутөр ауылдық №39 орта мектеп болды. Жеті жүз орындық мектепте бүгінде 238 оқушы білім алады. Рүстем Рысбайұлы мектептің жағдайына және оқу жылына дайындық барысына қатысты бірқатар ескертулер айтса, мектеп директоры Серікжан Айдынбаев ғимараттың жөндеу жұмыстарын қажетсініп тұрғанын тілге тиек етті. Белгілі болғандай, бұл мектепке күрделі жөндеу жүргізу мәселесі күн тәртібінде тұр екен.
Келесі кезекте Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері Отар ауылына жол тартып, К.Әзірбаев атындағы №41 орта мектепте болып, оқу жылына дайындықты тексерді. Сонымен қатар, аудан әкімі Отар ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен мәдениет үйінің құрылысы барысымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Отар ауылына барған кезде спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын қалау жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын көтеру жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Осыған орай, жобалық құны 323968,0 мың теңгелік спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Ал, мәдениет үйінің құрылысы енді басталған. Рүстем Дәулет құрылысшылармен тілдесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Дәл осындай құрылыстар Гвардейский қалашығында жүріп жатыр. Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі бастап берген фармацевтикалық зауыт құрылысына барған аудан әкімі жұмыс барысын бақылап, құрылысшылармен кездесті. Иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Рүстем Рысбайұлы бұл нысанның облыс басшылығы, тіптен Үкіметтің қадағалауында тұрғанын айтты. Зауыт құрылысымен қатар, зауыт қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша бұл нысан биылғы жылдың 31 желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Осыдан кейін аудан әкімі Соғанды ауылдық №33 негізгі мектепке, кейіннен Сарыбұлақ ауылдық №31 орта мектепке барып, оқу жылына дайындық барысын бақылап қайтты. Бұл білім ошақтарында да Рүстем Рысбайұлы маңызды мәселелерді сұрастырып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Осылайша, бір күнде 9 елді мекенді аралаған аудан әкімі ауыл мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, білім бөлімінің басшысы мен тиісті мектеп директорларына нақты тапсырмалар жүктеді. Келесі кезекте Рүстем Дәулет өзге ауылдардағы мектептерді де аралайтын болады.
Еркін ҚАТБЕКОВ
Аудан әкімі мектептердің дайындығын тексерді
Prev Post
Next Post