Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың мамыр айында Түркияда болып, онда бірқатар құжатқа қол қойғаны мәлім. Соның бірі білім саласындағы келісім болатын.
Аталған келісімде бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар алмасуды одан әрі қарқындату, білім беру саласында жаңа технологияларды қолдану тәжірибесін алмасу секілді шаралар қарастырылған.
Еліміздің ұзақ жылдан бергі стратегиялық серіктесі саналатын Түркиямен ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор. Бүгінгі таңда қос ел арасында тамырлас тарих пен мәдени мұрадан негіз алған ынтымақтастықтың мызғымас дәстүрі қалыптасқан.
Қазіргі күні еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің алдында университет ғылымын нығайту, ұлттық экономиканы дамытудағы отандық зерттеулердің үлесін арттыру, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістікпен одан әрі интеграциялануына қатысты бірқатар стратегиялық міндет тұр.
Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің мәліметінше, Түркия университеттерінде 2 300-ге жуық қазақстандық оқып жатса, елімізде 360-тан астам түрік студенттері білім алып жүр. Қазақстанның 73 жоғары оқу орны Түркияның 100-ден астам жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқанын айта кету керек. «Болашақ» бағдарламасы да екі ел арасында алтын арқау болып келеді.
Қазақстан Президентінің мамыр айындағы Түркияға ресми сапары кезінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Стамбул қаласындағы филиалы ашылды. Бұл қадам Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру кооперациясының көкжиегін кеңейтері анық.
Ғылыми кооперацияда ілгері жылжу байқалады. 2009 жылы екі ел арасында ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта түрік ғалымдарының қатысуымен қазақстандық тарап қаржыландыратын 16 ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Сондай-ақ ғылым саласындағы ынтымақтастық Халықаралық Түркі академиясының желісі арқылы жолға қойылған.
Таяуда біздің ортақ ұйымымыз – халықаралық Түркі академиясының ғылыми археологиялық экспедициясы Номғон алқабында Күлтегін мен Білге қағанның әкесі Құтлық Елтеріс қағанның кешенін тапты. Бұл түркітануды одан әрі дамытуға, сонымен қатар түрік әріптестермен бірлескен тың зерттеу жобаларына серпін беретін ақжолтай жаңалық болды. Соңғы жылдары Түркия инновациялар мен озық технологияларды дамыту саласында елеулі табыстарға қол жеткізді. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша Жаһандық инновациялар индексінде (Global Innovation Index) Түркия 10 сатыға көтеріліп, 132 елдің ішінен 41-орынды иеленді. Бұл – нақты кейстерімен нық тұрған, маңызды жетістіктерге жеткен түрік экономикасының бүгінгі бет-бейнесі.
Қазақстан үшін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласында түрік тарапымен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу – табысты қадам боларын анық. Бүгінгі таңда табиғи ресурсты тиімді кәдеге жарату, ақпараттық және ғарыштық технология, агроөнеркәсіптік кешен секілді бағыттарға ден қою кез келген ел үшін маңызды.
Қазіргі уақытта тараптар Қазақстанда Түркияның жетекші техникалық университеттерінің бірінің филиалын ашу, студенттерімізді Түркияның жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына тәжірибе алмасуға жіберу және отандық жоғары оқу орындарына түрік мамандарын тарту мүмкіндігін қарастыруда.
Қазақстанда түрік тілін үйрену үрдісі ағылшын тілінен кейінгі екінші орында тұр, сол себепті бұл салада иық тіресе ынтымақтасу артық етпейді. Дәл осы тіл үйрету бағытында елімізде қызмет ететін Жүніс Әміре институттары үшін кең көкжиек ашыла түсті.
Бұл Қазақстанның жоғары білім саласында жемісін беруге даяр бастамаларының бір парасы ғана. Бұл ретте білім мен ғылымдағы кооперацияны тереңдету тек қазақ-түрік стратегиялық әріптестігін нығайтуға ғана емес, сонымен қатар екі елдің байырғы мүдделеріне сай келеді.
Саясат НҰРБЕК,
Ғылым және жоғары білім министрі