Тарихи шежіре қоймасы

0

22 желтоқсан – архившілер күні болып бекітілген. Осындай айтулы күні ауданымыздың тарихын құжаттық деректермен жинақтап, ұлттың қазынасы ретінде сақтап отырған Қордай аудандық мемлекеттік архивінің өткені мен бүгіні жайлы жазуды жөн көрдік.
Қордай аудандық мемлекеттік архиві ең алғаш 1987 жылы 8 қаңтарда «Қордай ауданы халық депутаттары советі атқару комитетінің жеке құрам бойынша шаруашылық есептегі архиві» болып ұйымдастырылған. Ал ол уақытқа дейін ауданның тарихи құжаттары Шу ауданы мен Алматы облысында сақталып келді. 1994 жылы Қордай ауданы әкімінің қаулысы негізінде мектеп-интернат ғимараты мұрағатқа беріліп, мекеме жұмысын бастаған болатын. Сол жылы мемлекеттік сақтауға 11273 с.б. жеке құрам бойынша құжаттар және 1230 с.б. басқару құжаттары сақтауға қабылданған. Аудандық архивтің атауы бірнеше рет ауысты. Ең соңғы рет 2016 жылдын 27 қаңтарында Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, Қордай ауданының мемлекеттік мұрағатының атауы Жамбыл облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгерді.
Мекемеде 5 бөлім бар, олар: әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұратымдарды орындау бөлімі; құжаттарды есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз ету бөлімі; ұлттық мұрағаттық қорды жинақтау бөлімі; ведомстволық архивтерді және құжаттаманы бақылау бөлімі; мұрағатшы-бағдарламашы және басшылық. Аудандық архив қызметкерлерінің жұмысы ауқымды әрі көп қырлы. Құжаттаманы жасау мен басқаруды, мекеменің ведомстволық архивтегі құжаттарды уақытша сақтаудың жұмыстарын ұйымдастыру, ҚР Ұлттық архив қорына меншік иесінің қызметі барысында пайда болған құжаттарды тұрақты мемлекеттік сақтауға тапсыруды, оларға ғылыми-техникалық өңдеу өткізуді және іс қағазын жүргізу мен істі басқару саласындағы мәселелерді іске асыру – мұның бәрі мұрағат мамандарының негізгі атқаратын міндеттері. Мұнда архив қоймасында сақтаулы тұрған құжаттарға ерекше ұқыптылықпен қарайды. Жыл сайын олардың жыртылмауы, бүлінбеуі үнемі қадағаланып, бүлінген құжаттарға өңдеу, қартондау жұмыстары атқарылады. Жылдық жұмыс жоспары бойынша архив қоры құжаттарының бар-жоғы, физикалық жай-күйі тексеріліп, есебі жүргізіледі. Сонымен қатар архив қоймасының температуралық-ылғалдық режимін қамтамасыз ету бойынша арнайы жұмыстар атқарылады. Жыл сайын ауданымыздағы Ұлттық архив қоры жаңа тарихи маңызы бар құжаттармен толықтырылып отырады. Қазіргі таңда Қордай ауданының мемлекеттік архивінде 180 қорда 52821 (с.б.) құжат мемлекеттік сақтауда тұр.
Мемлекеттік архив қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сұраныстарын орындау. Жыл сайын Қордай ауданының мемлекеттік архивінде Қазақстан азаматтарының және алыс-жақын шетел азаматтарының, заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 3000-ға дейін архивтік анықтамалар орындалады. 2022 жылдың басынан қараша айына дейін 1900 сұраныс орындалыпты.
Аудандық архив басшысы Қатира Уәлиева мұрағаттағы құжаттар тарихтың қайнар көзі болғандықтан, оны келешек ұрпаққа қаз-қалпында қалдыру үшін цифрлық форматқа көшіру маңызды, дейді.
«Деректерді тек жинап қоймай, болашаққа сақтауымыз керек және қазіргі кезеңдегі архив құжаттарын жинақтау барлық жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлы форматқа көшіру қажет. Дәстүрлі және электронды құжаттар – уақыт бейнесі. Ал сол бейнелердің еш жерін өшірмеу үшін цифрлы форматқа көшіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Ақпараттық технологияның дамуы, электронды архив жүйесін жасау барысында құжаттарды цифрлік форматқа көшіру бойынша 2012 жылы 31 құжат — 3115 парақ көшірілсе, қазіргі таңда 2022 жылы 46 қор 10746 с.б. көшірілді», — дейді Қатира Құрманғалиқызы.
Жаңадан ашылған жылдары мұрағатшылар бір ғана баспа машинасымен жұмыс істеген екен. Ал қазіргі таңда қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 10 компьютер, сканер және басқа да қызметке қажетті шаруашылық тауарлармен жабдықталған.
Мекеме қызметінің халық игілігіне жарап, жоғары көрсеткіштерге жетуі – ең алдымен білікті басшынының жүйелі жұмысының нәтижесі. Аудандық архивті әр жылдары осы саламен біте қайнасқан басшылар абыроймен атқарып келді. Мәселен, архив құрылған алғашқы жылдары яғни 1987-1993 жылдары аралығында Н.Яковлева, 1994-2016 жылдары Ғ.Медеева басқарса, 2016 жылдың 29 сәуірінен бастап Қатира Уәлиева басқарып келеді. Бүгінгі таңда аудандық мұрағатта 12 адам қызмет етеді. Мекеме директоры, қор сақтаушысы, бес мұрағатшы, үш қарауыл, жүргізуші және тазалаушы. Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қызығы болатындай, архив ісін жетік білетін қызметкерлер де азаматтардың сұраныстарына жауапкершілікпен қарап, сапалы және уақытылы жұмыс істеуге машықтанған.
Рухани мұраның келешек ұрпаққа берер өз тағылымы мен тәлімі мәңгілікке жалғасады. Ендеше еліміздің өткеніне шегініс жасауға мүмкіндік беретін, құнды деректер көзіне айналған мекеменің жұмысына сәттілік тілейміз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.